• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Қараша, 2020

Ұлттар лигасы: құраманың кеңейтілген тізімі жарияланды

409 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 15 және 18 қараша күндері биылғы Ұлттар лигасындағы соңғы матчтарын өткізеді. 15 қарашада сырт алаңда Албаниямен ойнаса, 18 қарашада Алматының Орталық стадионында Литва құрамасын қабылдайды.

Михал Билек шәкірттері Албания футболшыларымен өтетін ойынның алдында 11 қараша Подгорицада Черногориямен жолдастық матч өткізеді. Күні кеше ұлттық құраманың бас бапкері алдағы үш ойынға шақыртылған футболшылардың тізімін жариялады.

Ұлттық құрамаға өз командаларының кейінгі ойындарында жақсы нәтижемен көзге түсіп, бас бапкердің көңілінен шыққан футболшылардың шақырту алатыны белгілі. Мәселен, бұл айда М.Билек үш жаңа футболшыны жасыл алаңда сынап көруді жөн деп шешкен екен. Атап айтар болсақ, олар – қақпашы Мұхаммеджан Сейсен, қорғаушы Юрий Логвиненко жә­не жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов. Кейінгі екі футболшы бұған дейін де ұлттық құрама сапында талай ха­лық­аралық бәсекелерде ойнаған тәжіри­белі жігіттер. Ал «Тараз клубының қақпа­шысы Мұхаммеджан Сейсен биыл бі­рінші рет ересектер арасындағы ұлттық құраманың жейдесін кимек. Ол бұған дейін Қазақстан жастар құрамасының (21 жас) капитаны әрі негізгі қақпашысы болып келген. Жас ерекшелігіне байланысты келесі жылдан бастап жастар құрамасында ойнай алмайтындықтан, Билек оны ерте бастан ересектер дуына қосқанды құп көріпті.

Ал жарақатынан айығып, «Аста­на­ның» негізгі құрамына қайта орал­ған қорғаушы Ю.Логвиненко мен «То­былдың» жартылай қорғаушысы С.Мұжықов Ұлттар лигасының қыр­күйек және қазан айларындағы ойындарына шақырылмай, резервте қалып қойған болатын. Енді міне, екеуі де қайтадан ұлттық құрамаға оралып отыр.

Қақпашылар: Стас Покатилов («Қай­рат»), Дмитрий Непогодов («Астана»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»).

Қорғаушылар: Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп (екеуі де – «Қайрат»), Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Ян Вороговский («Беерсхот», Бель­гия), Сергей Малый, Темірлан Ерла­нов (екеуі де – «Тобыл»), Александр Мароч­кин («Қайсар»), Олжас Керімжанов («Же­тісу»), Тимур Досмағамбетов («Орда­басы»).

Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан («Әл-Айн», БАӘ), Бахтиер Зай­нутдинов (ЦСКА, Ресей), Исламбек Қуат («Химки», Ресей), Владислав Васи­льев («Рух», Беларусь), Айбол Әбі­кен («Қайрат»), Асхат Тағыберген, Ду­ман Нәрзілдаев (екеуі де – «Қайсар»), Серік­жан Мұжықов («Тобыл»).

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Қай­рат»), Алексей Щёткин («Астана»), Мак­сим Федин («Қайсар»), Сергей Хиж­ниченко («Ордабасы»).

Өткен айда негізгі құрамға шақыр­тылған қақпашы Владимир Плотников («Ордабасы») бұл жолы резервке түсіп қалған. Сондай-ақ алдыңғы жылдары ұлттық құраманың негізгі футболшылары саналған Дмитрий Шомко («Астана»), Юрий Перцух («Астана»), Азат Нұрғалиев («Тобыл»), Еркебұлан Тұңғышбаев («Қай­рат»), Айбар Жақсылықов («Жетісу»), Тоқтар Жаңғылышбай («Ордабасы»), Роман Мұртазаев, Оралхан Өміртаев (екеуі де – «Тобыл») секілді футболшы­лар да резервте қалып қойды. Десе де бұл ойыншылар кез келген уақытта не­гіз­гі құрамның жігіттері жарақат алып қа­тардан шығып қалса, олардың орнына құрамаға шақырту алады.

Айта кетейік, Ұлттар лигасының С дивизионында бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасы төрт турдан кейін топта төртінші орында келе жатыр.