• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Жұртқа жақын полиция

813 рет
көрсетілді

Президент Қ.Тоқаев өзінің биылғы халыққа Жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», деп атап өткен еді.

Учаскелік инспектордың беделін арттыру үшін оларға жоғары билік, атап айтқанда Ішкі істер министрлігі тарапынан қолдау жасалуы керек-ақ. Әйтпесе, құқық қорғаудың тек қара жұмысымен ғана айналысатын жандар көзге іліне қоймайды. Пре­зидент Жолдауындағы талаптан кейін министрлік тарапынан осы іске мән беріле бастады. Соның бірі ретінде министрдің өзі қатысқан жиындарға олардың шақырылуынан көруге болады. Жуырда солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторы Руслан Бекболатов ІІМ кеңейтілген алқасында өзіне мерзімінен бұрын берілген ма­йор атағын министр, генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевтың өз қолынан алды. Алқа отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қатысқан еді. Отырыста учаскелік инспекторлардың алдында тұрған міндеттер айтылып, жаңа талаптар жеткізілді. «Бұл атақ мен үшін айрықша болды. Министрдің өз қолынан погон алғанда қуаныштан қатты толқыдым. Осы отырыста біздің қызметіміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашыл­ғанын білдік. Басты міндетіміз – қылмыстардың алдын алу. Енді біз­дің функциямызға жатпайтын басқа жұ­мыс­тар бізге жүктелмейтін шығар деген үміттеміз», деді ол өзінің сөзінде.

Руслан Бекболатов Тайынша ауданы Абай ауылдық округінде учаскелік ­инспектор болып қызмет істейді. Учаске халқының саны 1400-ге жуық адам. Жыл басынан бері мұнда төрт ұрлық жасалып, олар Руслан Бекболатовтың қатысуымен барлығы ізі суымай ашылды. Оның ұстанымы – учаскелік полиция инспекторлары өзінің учаскесін толықтай білуі тиіс.

Учаскеде түрлі оқиғалар болып тұ­ра­ды. Бірде оған әкесін ұрып жатқан бұ­за­қыны ұстауға тура келді. Ішімдікке тойып алған баласының қолында пышақ болған. Р.Бекболатов оған қарамай қас­күнемнің қолын қайырып, пышақты тартып алған. Бірақ осы бұзықтың ауыл шаруашылығы кәсіпорнына жұмысқа қабылдануына да көмектескен. Қазір ол Р.Бекболатовты көргенде кәдімгідей қуанып қалады. «Полицияның міндеті – адамдарға көмектесіп, қолдау көрсете отырып, құқықтың бұзылуына жол бе­ріл­мегенін қадағалау. Алқа отырысында адамдарды біржақты кінәлауға жол берілмеуі керектігі айтылды», дейді полиция майоры.

Жалпы, аталған отырысқа Сол­түстік Қазақстан облысынан үш үз­дік учаскелік полиция инспекторы қа­­тысты. Олардың қатарында болған учас­­келік полиция инспекторы, полиция майоры Қадырбек Исин Мамлют ауданында­ғы Пригородный селолық ок­ругінде қыз­мет етеді. «Мен жиыннан өмір бойыма жетерлік әсер алдым. Әсіресе учаскелік инспекторлардың қызметтік міндеттерін жетілдіру бойынша айтылған ұсыныстар менің де ойымнан шықты. Соның ішінде бізді өзімізге тән емес міндеттерден босату мәселелері өте орынды деп санаймын. Біздің міндетіміз қызмет көрсете­тін аумақта қылмыстың алдын алу бола тұра, кез келген жұмыстарға бізді жегу әдетке айналған. Мысалы, әскерге ша­қырушыларды комиссариатқа жеткізу мен басқа да міндеттерді орындаудан біздің қызметті босату ұсынылды», деген ойымен бөлісті полиция майоры.

Учаскелік инспекторлардың күте­тін жаңалықтарының арасында тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты болғызбау­дың жолы болып табылатын ресімдерді оң­тайландыратын заңнамадағы өзге­рістер. Биыл Қадырбек Исинге отба­сы­лық жанжалға қатысты 7 істі сотқа дайындауға тура келген. Мұндай жұ­мыс бірнеше күнге созылады, кейде зая ке­тетін жағдайлар да бола­ды. Өйткені әйелдері жұбайларының уәде­леріне сеніп, жазған арыздарын ке­рі қайтарып алады. Отырыста отба­сын­дағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша татуластыру рәсімі мен ес­керту түріндегі әкімшілік жазаны алып тастау ұсынылған. Сондай-ақ мұ­ра­ға қалған тұрғын үйдің құжаттарын ре­сім­деу, күйеуімен ажырасу ресімі, өзге де бірнеше мәселелер бойынша учас­келік инспекторға функционалдық мін­детінен тыс жұмыстар жүктеледі екен. Пригородный селолық окру­гінде 1043 адам бар, барлығында да құ­қықтық мәселелер туындауы мүм­кін, әр жағдайға түсіністікпен қарап, ауыл­дықтарға көмектесуге тырысу қажет деп санайды Қадырбек Исин.

 

Солтүстік Қазақстан облысы