• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Атамды артық көремін өзгелерден...

196 рет
көрсетілді

Өмірге ғашық, өнерге ынтық жастың бірі Анжелика Соколова – облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық колледждің білім алушысы. Қазақ тілін жете меңгерген жан сан мәрте тіл сайысында жүлдегер атанып жүр.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты, қиян шеттегі шоқ жұлдыздай Қайрат ауылы Анжелика Сергеевна үшін жұ­мыр жердің бетіндегі жұмақ мекен. Көкорайлы шалғыны да, көк­­пеңбек аспаны да жаны­на сон­шалықты жақын. Көз байланғаннан ке­йін Қай­рат­тың аспаны қара бар­қыт жа­мыл­ғандай болып тұрады. Ту биік­тен жұлдыздар жымың­дай­ды. Анжелика Сергеев­на­ның да өз жұлдызы бар. Жұл­дызын жан­дырары – тіл. Онда да қазақтың тілі. Іштей жұл­дызым жоға­ры болса екен деп тілек ті­лейді. Ал адамдары ше? Тіпті кере­мет! Ын­тымақ-ырысы, бе­ре­ке-бірлігі сүттей ұйып тұр. Ең жақсысы, бәрі бірдей Ан­желика Сергеевна­ның көңілі құ­лай сүйген өз тілін­де сөйлейді. Ақсақалды аталары­ның ел тарихы, жер тарихы туралы  ажарлы әңгімелерін, көп кітаптарда кездесе бермейтін махаббат, ерлік дастандарын  естіп, көкірегіне құйған сайын соны леп алпыс екі тамырын қоламтаның шоғымен қарығандай қыздырып, ел жайлы ұғымы молайып, сөздік қоры еселене түседі. 

Көңілді кірбің шалған кейбір сәттерде атасымен сырласады. Паһ, шіркін, Абай хакімнің әрбір айтқан сөзі – ақиқат. Тек соны кейбір жастардың тәптіштеп оқып, астарындағы кесек-кесек ойды түйсініп, толайым түсіне бермейтіндері өкінішті. Ал өзі неше қайтара оқыса да, жалыққан емес. Әсіресе қарасөздерін. Қара­сөздің бәрі тұнып тұрған ғибрат, өміріне қажетті өнеге.

Ауылдан алғаш ұзап шығып, жер­гілікті ұлт тілінде сөйлей­тін өзге ұлт өкілдері арасында өт­кі­зіл­­ген бір байқауда әлдекім Ан­же­ликаға тосыннан сұрақ қойған.

– Сенің жан дүниеңе кім жақын? Пушкин бе, әлде Абай ма?

Әуелде абдырап қалғаны рас. Бірақ тіл ұшына үнемі сырласып жүретін, ақыл-кеңесін өмірінің темірқазығына айналдырған Абай атасы оралған.

Шыны сол еді. Өйткені Абай­дың көп шығармаларын оқыған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын неше қайтара сүзіп шыққан. Ой мар­жанын теру үшін. Кейін асық­­пай ойланып көрсе, жауабы дұрыс тәрізді. Ал сұрақ бол­ды ма, жоқ па, ол жағын әлі күн­ге де­йін ажырата алмай жүр. Асы­­лын­да рухани азық берген ұлы­лар­дың бір-бірінен кемдігі жоқ. Екеуі де қатар аққан бұлақ тәрізді.

Кішкентай кезінен белсенді болды. Бәлкім жаратылысынан, әйтеуір, бір нәрсемен ерекшеленуге тырысқан. Биге де, ән үйір­месіне де қатысты. Соңғы жылдары жас жүрегін поэзия жаулай бастады. Өзі ғана оқыған жоқ, құрбыларына да оқып беретін. Кейін «құлақтан кіріп, бойды алатын» Абай өлеңдерін мәнерлеп оқи бастады. Қазір қазақ тілін орыс тілінің деңгейінде біледі. Өзінің айтуына қарағанда, жер­гілікті ұлт тілін артығырақ.

– Мені қатты таңғалдыраты­ны – қазақ халқының салт-дәс­түрі­нің өте бай екендігі. Бұл ел мәдениетінің қаншалықты терең екендігін көрсетеді деп ойлаймын, – дейді өзі, – Отан сүю ер­лік пен мәрттік, жомарттық пен адамгершілік қасиеттердің бә­рі ға­сырлар бойы сабақтасып келе жатқ­ан салт-дәстүр арқылы ұр­пақ­­­тан-ұрпаққа жалғасып отыра­тыны ақиқат. Ең бастысы, әдемі де мазмұнды салт-дәстүр біз тә­різ­ді жастарды тура жолдан адас­тырмас бағыт сілтеп отырады. Жөн-жосықты біліп-үйренуге және өз өмірінде қолдануға ба­ғыт­­тай­тын заң іспетті десем де қа­телес­пейтін шығармын. Өз басым Қазақ­­станда туып-өскеніме, ті­лін үй­­реніп, салтын меңгеріп ал­ған­­ды­­ғыма қуанамын. Кейде қазақ тілін қайдан білесің, тілді үй­­ре­ну­ге не себеп болды деген сұ­­рақ­тар да қойылып жатады. Ме­нің­­ше, әр адам мемлекеттік тілді мең­­геріп, білуі керек. Өз ба­­сым бо­л­а­шақта аудармашы бол­­сам деймін. Сол үшін қазір та­лап­­та­нып, оқып жатырмын. Жал­­ғыз тілді емес, ұлттың жан дү­­ние­сін кө­бі­рек біліп, кеңірек таны­саң, ұлы­лығына еріксіз мойын­сұнасың.

Енді бір ауыз сөз талапты қа­рын­­дастың қол жеткізген биігі жа­йын­да. 2016 жылы облыстық Абай оқу­ларында үшінші орын иелен­ген, 2017 жылы Махам­бет оқу­лары байқауында бірін­ші орын­ды алыпты. Дәстүрлі «Жар­­қын болашақ» республи­ка­­лық олимпиадасының «Сөз шебер­лері» аталымында екінші орынды иеленген. 2019 жылы «Жас Ақмола» байқауында үздік студент атаныпты. «Туған жерім – Қазақ­станым» республикалық ақындар мүшәйрасында бірінші орынға лайық деп танылған. Әр­түрлі та­қы­рыпқа жазған мақа­лалары ба­сы­лымдарда жария­ланып жүр. Ақмола облысы Қазақстан хал­қы Ас­самблеясы жанын­дағы мем­ле­кет­тік тілді наси­хаттау және дамыту орталы­ғының белсенді мүшесі.   

Бұл жиырмадан жаңа асқан бой­жеткен үшін аз дүние емес. Шы­ғар асуы, жетер биігі алда. Өзі де арманшыл. Тым-ты­рыс жатқан, бұйығы Қайрат ауылы­­ның түнгі аспанына қиял­шыл көңіл көз салып қояды. Мың сан жұлдыздың ішінде өз жұл­дызын көрген са­йын «жұлды­зым жоғары» деп дәме етеді. Шы­нын­да да, қос тіл қос қанаты тәріз­ді қолтығынан демеген Анже­ли­каның жұлдызы жоғары болатын­дығына біз де бек сенімдіміз.

 

КӨКШЕТАУ