• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Нәтижеге жеткізген «Жол картасы»

535 рет
көрсетілді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат ауыл-аймақтың дамуына айтарлықтай ықпал етті. Басқасын айтпағанда, аудандардағы ширек ғасырға жуық күрделі жөндеу көрмеген ғимараттар жаңғыртылып, шұрық-тесік ішкі жолдарға жөндеу жүргізілді. Жалпы, бұл бағыт бойынша Алматы облысының аудандарындағы жұмыс ауқымы атап айтуға тұрарлық.

Мысалы, биыл жылы Көксу ауданында жалпы ұзындығы 47 шақырым болатын автокөлік жолы жөнделген. Бұл істі уақытында аяқтау мемлекеттік бағдарламаның аясында мүмкін болды. Осы жөнделген жолдың 40 шақырымы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бо­йынша жасалса, 7 шақырымы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асыпты. Жалпы, жол картасы аясында Көксу ауданында құны 5 млрд 518 млн теңге болатын 33 жоба қолға алынған. Яғни аталған бағдарламаға сәйкес әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, білім мен мәдениет нысандарын жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық саладағы жобаларға көңіл бөлінген.

– Қазір ауданда жаңадан 400 жұмыс орны құрылды, соның ішінде 268 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен орналастырылды. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауыл­дар­дағы 48 көшеде жөндеу аяқталды. Тағы 10 көшені жөндеп бітіреміз. Яғни биыл ауданда жалпы ұзындығы 40 км болатын 58 көше жөнделеді, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Айтпақшы, биыл Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 61,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 19,7 млрд теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бөлінген. Ал аяқталған жұмыстың нәти­же­сі бойынша аймақтағы жолдардың сапа­лылық деңгейі 84 пайызға жетуі тиіс. Оның бір көрінісін жоғарыдағы Көксу ауда­нынан байқауға болар.

Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жемі­сін көрген ауданның келесі мысалын Пан­фи­лов ауданынан алуға болар. Жаркент өңірінде баяғдарлама аясында 55 жоба қолға алынған. Соның бірі – Еңбекші орта мектебі. Іргетасы 35 жыл бұрын салын­ған білім ғимараты толықтай шатырынан еденіне дейін жаңартылуда. Жол картасымен бөлінген күрделі жөндеу жұмыстарын «Нұр-Шапағат Құрылыс» серіктестігі атқарып жатыр. Мердігерлер қазір нысанның ішкі жұмыстарын 100 пайыз аяқтады. Енді ауласындағы абаттандыру-көгалдандыру, жарық шамдарын орнату шаруалары қалыпты. Бұған дейін тозығы жеткен ғимаратты қысқы маусымда жылыту қиын болған екен. Жаңартылуы кезінде осы жағына баса мән беріліпті. Жұмыспен қамтудың жол картасымен жаңартылып жатқан жоба құны – 958 млн теңге. Мердігерлер құрылысты мамырдың ортасында бастаған. Содан бері 178 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылып отыр. Мұндағы жұмысшылардың айлық жалақысы 85 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейінгі аралықта белгіленген. Айтпақшы, мектептің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылады. Бұл мақсатқа құрылыстан бөлек 23 млн теңге қаржы бөлінген. Осы ауданның Пенжім ауылында да жаңа амбулатория салынып жатыр. Құрылысқа қажетті қаржы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бөлінген. 7 мың тұрғыны бар ауылда бұған дейін емдеу мекемесі болмаған. Жұрттың басы ауырып, балтыры сыздаса, аудан орталығына шапқылайтын. Енді 50 орындық нысан іске қосылса, тұрғындар денсаулығын сақтауға маңыз берілмек. Амбулатория ғимаратының құрылысына 259,2 млн теңге қаржы жұмсалуда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы ауқымды жұмыс Алакөл ауданына да тән. Биыл ауданы бойынша бағарламаға 57 жоба кірген болатын. Жоспар бойынша 603 адамды жұмыспен қамту көзделсе, сұраныстың өсуіне орай 56 жобаға 612 адам тартылыпты. Жол картасының игілігі арқасында аудандағы 32 әлеуметтік нысан, 15 көше, 3 тұрғын үй-коммуналдық нысан жөнделіп, жаңғыртылса, ауылдарды көгалдандыру мен абаттандыру бойынша да 7 жоба жүзеге асқан екен. Бұлардың қатарында Үшбұлақ ауылындағы мәде­ниет үйі мен мектептің күрделі жөн­деу­ден өтуіне ерекше тоқталуға болады. Ауылдағы білім ордасында атқа­рыл­ған күрделі жұмыстарға барлығы 601 млн 890 мың теңге жұмсалып, 170 адам жұмыспен қамтылды. Олардың 86-сы осы бағдарлама негізінде еңбекпен қамтылды. Ал мәдениет ошағының жөн­деу жұмыстарына 350 млн 620 мың теңге қарастырылып, 180 адам жұмысқа тар­тыл­ған екен.

Ал Қарасай ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­ла­ма­сы бойынша 62 нысанға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттарға 10 763 930 теңге бөлінген. Нәти­жесінде 1 880 жұмыс орнының ашы­луына мүмкіндік туды. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 940 адамды еңбекпен қамту жоспарланған екен. Қазір Қаскелең қаласында 1 500 орындық орта мектеп құрылысы басталып, оған 4,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал Райымбек ауылындағы К.Әзірбаев орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Жалпы, биыл аудан бойынша 7 мектептің әжетханасын ғимарат ішіне орнату жұмысы аяқталады, бұған 35 млн теңге жұмсалуда. Сондай-ақ жол картасы аясында Береке ауылының мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына 726 млн 297 мың теңге қаражат бөлінсе, Іргелі ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысына 467 млн теңгеден аса қаржы қарастырылыпты.

 

Алматы облысы