Таяуда Парламент Мәжілісінде жаңа Экологиялық кодекстің жобасы таныстырылған еді. Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауына сәйкес аталған реформаны жыл соңына дейін қабылдау көзделуде. Алайда еліміздегі ірі өндіріс кәсіпорындары бұл құжаттағы кейбір нормалар жетілдірілуі қажет екенін айтып, оның енгізілуін құптамай отыр.
50 кәсіпорынға ластанудың 80%-ы тиесілі
Мәжілісмендердің алдында жаңа заңның редакциясын таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев оның негізгі бөлімдеріне тоқталды. Құжаттағы маңызды бағыттардың бірі – «Ластаушы төлейді» қағидаты. Соған сәйкес ластану фактілерін болдырмау және бақылауды күшейту шаралары қарастырылмақ. Сонымен қатар қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіруге қатысты жауапкершілікті қатаңдату көзделіп отыр.
«Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатындай жағдай жасауы тиіс. Бұдан басқа, экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қалпына келтіруге міндетті», деді М.Мырзағалиев.
Ведомство басшысы заң жобасында өндіріске озық қолжетімді технологияларды енгізу нормасы қарастырылғанын, осы арқылы еліміздегі экологиялық ахуал жақсаратынын жеткізді.
«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді деген шартпен бірінші санаттағы нысандар үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындарға бұл рұқсаттарды алу міндеттілігі қарастырылды.
Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Бұл орайда осы кәсіпорындарға жалпы ластанудың 80%-ы тиесілі екенін айта кеткен орынды.
Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу туралы талап енгізіледі. Олардың тізбесі қайта қаралып, негізінен экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылады», деді салалық органның басшысы.
Министрдің айтуынша, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатыса алады. Бірінші санаттағы нысандардың қоршаған ортаға әсері міндетті түрде бағаланады. Екінші санаттағы кәсіпорындар скринингтік тексерістен өтеді. Демек экологияға әсерді бағалауды жүргізу қажеттігі анықталады.
Үшінші санаттағы нысандар (қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де нысандар) бойынша декларация қабылданады. Төртінші санаттағылар (автожуу, техникалық қызмет көрсету стансалары, қоғамдық тамақтану нысандары, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес нысандары) реттеуден толық босатылған.
Төлемдердің 100%-ы табиғатты қорғауға жұмсалады
Қазір қолданыстағы заңның аясында табиғатты қорғау шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелмеген. Мәселен, соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың тек 45%-ын қоршаған ортаны қорғауға бөліп келді.
Осы орайда жаңа Кодексте жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің 100%-ын табиғатты қорғау жұмыстарына бөлуге міндетті.
Салалық ведомство заң жобасында өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілгенін жеткізді. Құжатта қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған иерархия қарастырылып отыр.
Бұл ретте заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін қалдықтарды шығаратын көліктерге GPS аппараттарын міндетті түрде орнату мәселесі көзделген.
Ынталандыру тетіктері қарастырылмаған
Отандық ірі кәсіпорындар экологияны жақсартуға арналған реформалық бастамаларға қарсы емес. Бірақ қабылданатын маңызды құжатта еліміздің индустриялық секторына нұқсан келтіретін экономикалық тұстары неліктен қарастырылмай қалғанын түсінбей дал болуда.
Жуырда «Kazakhstan Mining online conference & workshops 2020: Қазақстанның Тау-кен металлургия кешенінің жаңа көкжиегі» онлайн-конференциясында Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы аталған реформаны енгізудегі ықтимал тәуекелдер туралы пікір алмасты.
Әсіресе қауымдастық өкілдері озық қолжетімді технологияларды енгізуге байланысты жауаптан гөрі сұрақ көп екенін айтады.
ТМКҚ (Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы) атқарушы директорының орынбасары Максим Кононовтың сөзіне сүйенсек, жаңа экологиялық кодексте қоршаған ортаны қорғаудың негізгі қағидаттары енгізілгенімен, экономикалық мәселелерді де ескерусіз қалдыруға болмайды.
Оның айтуынша, озық технологияларды енгізу үшін көлемді инвестиция тарту қажет. Сондықтан кәсіпорындарға салық заңнамасы арқылы ынталандыру шараларын ұсынып немесе инвестициялық келісімдер арқылы мүмкіндік берген дұрыс деп есептейді. Бұған қоса, қазір елімізде инвестициялық келісімнің жаңа форматы пысықталып жатыр.
Сала өкілдері жаһандық деңгейде қалыптасқан ахуалға да назар аударды. Бірінші кезекте, бұл Еуроодақтың аталған аймаққа өнім экспорттайтын кәсіпорындарға белгіленген көміртегі салығын енгізу жөніндегі жоспарға қатысты. Аталған жоспар Қазақстанның тау-кен секторының бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай соққы болуы мүмкін екенін жасырмады мамандар.
Ескі кәсіпорындардың мәселесі қалай шешіледі?
М.Кононов озық технологияларға көшкен бойда жаңғыртылуы тиіс кәсіпорындарды ажырату тетігінің жоқтығы, сондай-ақ өндірістік циклі соңына таяған, рентабельділігі төмен кәсіпорындардың жағдайы қалай өрбитініне сала өкілдері алаңдаулы екенін айтты. Айталық, XX ғасырдың 40-50-жылдары салынған кәсіпорындардың бір бөлігі моношаһарларда орналасқан және олар үлкен әлеуметтік жүктемені көтеріп келеді. Міне, осыған келгенде, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жеңілдететін ұсыныстардың дайындалмағанына налиды іскер орта.
Кәсіпорындардың ОҚТ-ның (озық қолжетімді технология) қымбаттығына қатысты қаупі туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Олжас Ағабеков түсіндірді. Оның айтуынша, аталған технологияны енгізу жөніндегі шығынды кәсіпорындар ресейлік және еуропалық нормативтерімен байланыстырмауы тиіс. Департамент басшысы Қазақстанда салалық ерекшеліктерге қарай ұлттық анықтамалар қабылданатынын жеткізді.
Ол Халықаралық жасыл технологиялар орталығының жанынан құрылған ОҚТ бюросы тиісті технологияларға көшу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Атап айтқанда, кешенді технологиялық аудит жүргізу кестесі әзірленіп, кәсіпорындардың бір бөлігі сауалдамадан өтіп жатыр. Шамамен 100-ге жуық кәсіпорында аудит жұмыстары 2021 жылдың шілдесіне қарай аяқталып, 50-ге тарта кәсіпорын ОҚТ-ны енгізуге кіріседі. Осы топ-50-ге арналған алғашқы анықтамалықтар әзірленеді.
«Аудит ОҚТ-ға қанша кәсіпорын сәйкес келетінін, сол секілді оны енгізу үшін қанша қаражат қажет екенін және қандай кәсіпорындарда өзгерістер енгізуге мүмкін болмайтынын көрсетеді. Аудит жүргізілгеннен кейін, құрамында тең дәрежеде өнеркәсіптік, ғылыми қауымдастықтар мен экологиялық ұйымдардың өкілдері қатысатын техникалық жұмыс топтары кез келген кәсіпорынға қатысты тиімді, экономикалық шығынды талап етпейтін әрі қоршаған ортаға жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретін технологияларды, әдістер мен жұмыс тәсілдерін анықтайтын ұсыныстар әзірлейді», деді О.Ағабеков.
Азия елдерінің тәжірибесіне сүйенген тиімді
Салалық қауымдастықтың ОҚТ-ны енгізуге байланысты ынталандыру шараларын қабылдау қажеттігі туралы ұстанымын EcoJer қауымдастығының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев та қолдады. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы табиғи ресурстарға негізделгендіктен, мұнай-газ және тау-кен секторлары еліміздің дамуындағы басым салалар екенін еске салды. Сол себепті қосымша ынталандыру тетіктері қарастырылмаса, ЭЫДҰ елдерінің қағидаттарына негізделген Экологиялық кодексті республикада іске асыру қиынға соғады деді ол. Мысалы, 2009-2017 жылдар аралығында ұзақ уақытқа созылған Мұнай өңдеу зауытының жаңғырту жұмысына шамамен 2 млрд доллардан астам қаражат жұмсалған. Бүгінде осындай кәсіпорындардың кейбірі еуропалық талаптарға сәйкес келмейтіні анық байқалуда.
Осыған байланысты мамандар бұл бағытта тек еуропалық тәжірибеге ғана сүйенбей, Азиядағы дамушы елдердің де атқарған жұмысына назар аударған артық етпейді деп санайды.