Қазақта мәрт адам деген ұғым бар. Бұл көп жағдайда ауыл-аймақ, әулет-жекжаттың ұятын сақтап қалу үшін іс-әрекет жасайтын немесе жомарттың жолын байлап тұрған жоқшылықты көргенде, шын ниет, адал пиғылымен көмек қолын ойланбай созатын тұлғаны айтады.
Осы орайда, көненің сөзін ұстаған, өткеннің өнегесін білетін түбі тараздық Нұғыман Сүлетей дейтін жігіттің қазақтың қанына сіңген мәрттігі жайлы әңгімесін естіген едік. Оның айтуынша, Абай атамыз кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен абыройлы қария болыпты.
Осы кісі қартайған шағында: «Арманым, Семей еліндегі Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін», деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.
Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Елінде бір ай жатып қонақ болған Жәмеңке қарияға Абай:
– Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз, – дегенде, Жәмеңке:
– Қамысқұлақ атыңды бер, – деген екен. Ондай жылқысы жоқ Абай:
– Қай қамысқұлақ атты айтасыз? – дегенде Жәмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ...» деп басталатын өзінің «Аттың сыны» атты өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.
Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне сауын айтып, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз 9 мың жылқысы бар Оразбайға:
– Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын, – деген сәлеммен кісі жіберіпті.
Сәлемді естіген Оразбай:
– Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын, – деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 қос жылқы үйірлерін аралап жүріп үш ат ұстатыпты.
– Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты бір-бірден берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін, – депті.