• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2020

Банктер карантиннен «семіріп» шықты

272 рет
көрсетілді

Биыл елде жарияланған төтенше жағдай мен карантиннің әсерінен бизнес пен жұмыскерлердің табысы төмендеп, экономикалық белсенділіктің бәсеңдегені банк секторына әсер еткені белгілі.  Бірінші кезекте бизнеске берілген несие азайды. Есесіне, халықтың қарыз алуы көбейген. Екіншіден, депозиттегі ақша көбейді. Бір қызығы, девальвацияның арқасында де­позиттің көбейгені байқалады. Ең бастысы, банктер қысқа мерзімде өз капиталдарын сақтап қалып, ұзақ мерзімде тіпті айтарлықтай байып отыр. Сонымен, әрқайсысын рет-ретімен...

Банктер бизнеске емес, қарапайым халыққа көбірек сенеді

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың наурыз айында банктердің бер­ген жалпы несие­лерінің көлемі 14,3 трлн теңге болған еді. Тамызға дейін бе­ріл­ген несие көлемі 13,9 трлн тең­гені құ­рады. Яғни, карантиндегі көктем мен жазда экономиканы несиелендіру кө­лемі 2,6 пайызға төмендеп кеткен екен. Де­генмен карантин шаралары бәсеңдеген қыр­күйекте көрсеткіш қайта көбейіп, 14,2 трлн теңгеге кө­терілді. Карантинге дейінгі дең­гейге қазір жетпегенімен, осы қар­қынмен келесі айда-ақ сол кез­дегі кө­лемнен асып кетейін деп тұр. Ал жыл соңына дейін осы қарқын сақталатын бол­са, қаң­тардан бастап желтоқсанға де­йінгі аралықта банктердің берген несиесі 14 пайызға бір-ақ көбеймек. Әрине, көр­сеткіштің бұлайша көбеюіне төтенше жағ­дайдан зардап шеккен кәсіпорындарға Үкі­меттің берген жеңілдетілген 600 млрд тең­ге несиесі де әсер етіп отырғанын ес­керген жөн. Алайда Үкіметтің бұл көмегі бол­маған күннің өзінде де несие нарығы 8 пайыздан артық өсер еді. Қысқаша айт­қанда, жыл соңына дейін несие нарығы қар­қын алып, ай санап банктен қарыз алу­шылар да, олардың берешек қаражаты да қарқынды түрде өспек. Бірақ бұл экономиканың өсімі емес, карантиндегі шек­теуден кейінгі нарықтың қалпына ке­луі екені анық.

Дағдарыс кезінде бизнеске берілген несие көлемі наурыз бен қыркүйек ара­лығында 7,4 трлн теңгеден 7,3 трлн тең­геге азайып қалған. Есесіне, осы уақыт ара­лығында жеке тұлғалардың банктер ал­дындағы қарызы 6,8 трлн теңгеден 6,9 трлн теңгеге өсіп отыр. Яғни, пандемиядан туын­даған экономикалық дағдарыстың қар­жылық дағдарысқа ұласпауы үшін бан­ктер ең алдымен бизнестің емес, жеке тұл­ғалардың көмегіне жүгініп отыр деген сөз.

Жалпы, соңғы жылдардағы несие на­рығының көрсеткіштеріне қарай шы­ғатын қорытынды – банктер бизнеске қарыз беру­ге жүрексінеді, өйткені сенбейді. Есе­сіне, жеке тұлғаларға тұтынушылық қарыз беруде белсенді. Жеке тұлғалар сол несиені де айналып келгенде бизнестің тауары мен қызметін тұтыну үшін жұмсайтыны анық. Алайда банктер үшін бизнеске қа­ра­ғанда қарапайым халықтан алашақ бол­ған тиімді. Кәсіби қаржыгерлер не дей­тіні белгісіз, бірақ біздің ойымызша, экономиканы қаржыландырудың «Банк-Жеке тұлға-Бизнес» моделі елдегі деваль­вацияны күшейтіп отырған бірден-бір фактор. Өйткені бизнес өзіне керек қа­ра­жатты соңғы тұтынушылар арқылы алып отырғандықтан, өндірістегі қаржы тап­шылығы соңғы тауардың қымбаттығын туын­дататыны тү­сінікті.

 Девальвацияның арқасында «байып» қалдық

Несие нарығымен салыстыр­ғанда карантинде депозиттің ай­тарлықтай өскені байқалады. Наурыз айында бизнес пен жеке тұлғалардың банктердегі қаражаты 20,3 трлн теңге болса, қыркүйекке дейін көр­сеткіш 2 пайызға өсіп, 20,7 трлн теңгеге жет­ті. Соның ішінде бизнестің жинағы 10,5 трлн теңгеден 10,6 трлн теңгеге жет­се, жеке тұлғалардың ақшасы 9,7 трлн теңге­ден 10 трлн теңгеге жетті.

Депозиттегі қаражаттың 40 пайызы шет­ел валютасында, оның басым бөлігі долларда екенін ескерсек, банктегі депо­зиттің жағдайы туралы мынадай қызық картина байқалады. Наурыз айында дол­лар 380 теңге, қыркүйектегі орташа көрсеткіш 420 теңге  айналасында болды. Яғни, карантин уақытында доллар бағамы шамамен 10 пайыз өсіп отыр. Енді депозиттегі 40 пайыз қаражатты тек доллар ба­ғамының өскенінің арқасында кө­бейді десек, наурыздағы 20,3 трлн теңге қазір 21 трлн теңгеден асуы керек еді. Алайда қазір де­позитте жатқан қаражат көлемі жоғарыда айтылғандай 20,7 трлн теңге. Бұдан шығатын қорытынды – депозиттегі ақша наурыздағы девальвацияның ар­қасында ғана өсіп отыр. Егер доллар қым­баттамағанда депозиттегі ақша азайып қа­лар еді.

 Банктер ешқашан кедейленбейді

Банк секторының наурыз айын­дағы таза пайдасы 150 млрд теңге болған. Қыр­күйекте көр­сеткіш 515 млрд теңгеге жуық­таған екен. «Халық банктің» жалғыз өзі қыркүйекте 189 млрд теңге таза пайда тауып, наурыз айындағы бүкіл банктің тапқан табысынан асып түсті. Банктердің тиімді биз­нес жасай бастауының бір себебі дағдарыс кезінде нашар кредиттер мен сапасыз активтерден жаппай құтылғаны болуы ықтимал.

Жалпы, көктем мен жаз­дағы каран­тинде банктердің қан­шалықты табысты жұмыс істегенін білу үшін осы аралықтағы меншікті капиталдарының көле­міне көз жүгірту керек. Наурыз айын­да банк­тердің капитал көлемі 3,78 трлн теңге болса, қыр­күйекте көрсеткіш сәл азайып 3,77 трлн тең­гені құрады. Алайда капитал көлемі несие нарығына «еріп» жүретіндіктен, яғни несие беру кө­бейсе, артынша бірер айдан кейін табыстың, тиісінше капиталдың да өсе­тінін ескерсек, жыл соңына дейін банк капиталдары қалпына келіп, тіпті жылды «плюс­пен» жа­буы әбден мүмкін.

Оның үстіне, қыркүйекте тек қана АТФ банкі, Еуразия банкі, жабылып қал­ған Тенгри банкі, Азия Кредит банкі мен Пәкіс­танның ұлттық банкінде ғана ка­питал көлемі төмендеген. Қалған банктер қазірден-ақ дағдарыстан шығып жатыр.

 Дағдарыстан пайда тауып жүр

Қысқа мерзімде өз капитал­дарын сақ­тап қалуға тырысып жатқан банктер ұзақ мерзімде көп пайдаға кенелгелі отыр. Қаржы нарығында жарты жылда 10 пайыз табыс – өте үлкен көрсеткіш. Банк секторының актив көлемі наурыз-қыр­күйек аралығында 26,7 трлн теңгеден 10 пайызға өсіп 29,6 трлн теңгеге жетті.

Жыл басынан бері барлық дерлік банк­тердің актив көлемі өскен. Тек Нұрбанк, Хоумкредит, Қазақстандағы Қытай банкі, Касса Нова, таяуда ғана жабылып қалған Тенгри банкі, Капитал банкі, Азия Кредит банкінің ғана активі азай­ған. Есесіне, қыркүйек айында ак­тивтері төмендеген банктердің қатары көбейген. Олардың ара­сында ірі банктерден Сбербанк, Форте банкі, АТФ банкі, Еуразия банкі, Альфа банк бар.

Бұл жолғы дағдарыс қаржы нарығының емес, шағын және орта бизнестің дағдарысы бол­ғандықтан, олардың көбінің бан­крот болып жатқаны заңды. Ал банктердің активтерінің ай­тарлықтай өсуі сол банкрот болған кәсіпорындардың кепілзаттарын алуы есебінен болуы мүмкін. Әйт­песе, банктердің жарты жылда өз активтерін 10 пайыз көбейте ала­тындай елде экономикалық мүмкіндіктің болмағаны белгілі.