Кеншілер астанасының жоғары оқу орындары, атап айтқанда Қарағанды медицина университеті мен Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Францияның білім ошақтарымен ынтымақтастықты дамытатын болады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл турасында Қарағандыға арнайы келген Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан, Орта Азияның Француз Альянстары желісінің үйлестірушісі Вивьен Фукемен болған кездесулер барысында айтылды.
Айта кету керек, Қарағанды медицина университеті мен Пуатье Француз университеті бұдан алты жыл бұрын ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Осы жылдар ішінде екі оқу орнының оқытушылары мен студенттері арасында тәжірибе алмасу жақсы жолға қойылған. Мысалы, академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша Пуатье университетінде қарағандылық 18 оқытушы-студент тағылымдамадан өтіп келді.
Медицина университетінде болған кездесуде байланыстың іргесін бекіте түсетін бірнеше бағдарлама талқыланды. Мысалы, Кот д'Азур университетімен гинекология және онкология саласы бойынша, Франш-Конте университетімен биоинженерия саласында өзара іс-қимыл жасау нұсқалары туралы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, «Эразмус+» халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасы мен «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасы бойынша ұсыныстар да талқыға түсті.
Ал Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде болған кездесуде ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту туралы мәселе қаралды. Ректор Нұрлан Дулатбеков Қарағандыда белсенді жұмыс істейтін Француз Альянстары желісіне жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Букетов университетінде француз делегациясы шет тілдер факультетінің жұмысымен танысты. Шетелдік қонақтар кездесулердің жемісті болғанын атап өтіп, алдағы уақытта әріптестік негіздегі қарым-қатынасты нығайта түсуге мүдделі екендіктерін білдірді.
Қарағанды облысы