3 қарашада басталған АҚШ-тағы президент сайлауында елдің бұрынғы вице-президенті, демократтар өкілі Джо Байден жеңіске жетті. Дональд Трамп сайлаудың әділ өтпегенін айтып, сотқа шағымданатынын хабарлады. Демократтардан шыққан Камалла Харис вице-президент атанды. Осылайша, ол АҚШ тарихында алғашқы әйел вице-президент болып отыр.
Сайлау нәтижесі әлі де ресми түрде жарияланбағанын айтып өтейік. Кей штаттардың нәтижесі тіпті 12 қарашада белгілі болуы мүмкін. Алайда бүгінге дейін саналып үлгерген және электораттың шешімін ескеріп, алдын ала нәтиже шығару АҚШ жүйесінде қалыптасқан үрдіс. Сенбіде Пенсильвания электоратының Байденді қолдағаны мәлім болып, жеңіске жету үшін электораттық колледждерден жиналуы міндетті 270 дауыстан асып, қарсыласы Дональд Трамптан басып озды. Жексенбіге қараған түнде халықаралық басылымдар Джозеф Байденнің жеңіске жеткенін жарыса жазды. Бір айта кетерлігі, Джозеф Байден бұған дейін екі рет президент сайлауына қатысқан болатын.
Қазір 50 штаттың 46-сы өз шешімін беріп үлгерген. Соңғы статистика Джо Байден 279, ал Дональд Трамп 214 дауыс жинағанын көрсетіп отыр. АҚШ азаматтарының да таңдауы мемлекеттік хатшыға түсіп тұр. Сайлау комиссиясы Байденнің қанжығасында 74 миллион дауыс барын мәлімдеп үлгерді.
Бұған дейінгі мәлімдемелерде экс-президент Дональд Трамп өзінің қайта сайланатынына еш күмән келтірмейтінін айтып, жеңіске жеткенін хабарлап үлгерген-ді. Басылымдар қарсыласының жеңгенін жаза бастағанда, Дональд Трамп сайлау нәтижесінің қате екенін, сайлаудың әділ өтпегенін және сотқа шағымданатынын хабарлады. Республикалық партияның төрағасы Ронна Макданиель Twitter-де: «Сайлауда кімнің жеңіске жеткенін медиа емес, дауыс берушілер шешеді», деп жазды.
Джозеф Байден қазір 78 жаста. Осылайша, ол АҚШ тарихындағы ең жасы үлкен президент болып қалмақ. Бұған дейін 35 жылдан астам уақыт Делавэр штатынан сенатор болып қызмет етті. Одан кейін Барак Обаманың тұсында вице-президент болды.
Демократиялық партияның ең тәжірибелі әрі танымал өкілі саналады. Сайлауалды бағдарламасында «Ел басқаруды маған сеніп тапсырсаңыздар, біздің барлық жақсы тұсымызды дамытуға тырысамын. Мен қараңғы емес жарықты қолдаймын» деген еді. Президент сайлауында жеңіске жеткенін естігенде «Бірігетін кез келді» деп жариялады.
Басылымдардың жаңалығынан көп кешікпей Джозеф Байден Делавэрден мәлімдеме жасады. Ең алдымен өзінің қарсыласы Дональд Трампқа: «Сенің өкінішіңді түсінемін», деп сәлем жолдады.
«1860 жылы Линкольн одақты құтқару үшін келді, Рузвельт 1932 жылы елге жаңа мүмкіндіктер сыйлауға уәде берді. Кеннеди шекараларды бұзатынын айтты, ал Барак Обама тағайындалған да: «Біздің қолымыздан келеді» деді. Біздің ел ең жақсы қасиеттеріміз бен ең нашар тұстарымыздың айқасынан тұрады. Енді президенттің айтқаны маңызды. Сондықтан жақсы қасиеттерімізді аша түсетін уақыт жетті. Бүгінгі шара барлық Американың назарында. Ал АҚШ-тың бүкіл әлем үшін жолсерік екеніне сенемін», деді.
Жаңа президент өз мәлімдемесінде алғашқы жоспарымен де бөлісіп үлгерді. Ең алдымен, коронавирустың таралуын тоқтатып, науқастарды бақылауға алатынын айтты. «Дүйсенбіде жетекші ғалымдар мен сарапшыларды шақырып, «Байден-Харрис» коронавирус жоспарына үлес қосуға жұмылдырамын. Сонымен бірге ол жоспар 2021 жылдың 20 қаңтарында әрекетке айналады», деді.
Америка халқына білдірген сенімі мен үміті үшін бірнеше рет алғыс айтқан Байден бөліну емес, бірігуді қолдайтынын еске салды. «Мен бірігуді қалаймын. Американы көк пен қызылға бөлмей, біртұтас Құрама Штаттар ретінде көрейік. Сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін бар жүрегіммен жұмыс істеймін. Бұл орынға Американы қайта біріктіру үшін, қайтадан әлемдегі сыйлы елге айналдыру үшін, орта тапты жандандыру үшін таластым», деді.
Сонымен бірге өзіне дауыс берген афроамерикалықтарға да алғыс айтты. «Бұл жарыстың әуел басында мені қолдаған кампаниямның одан әрі жалғасуына үлес қосқандары үшін ризамын», деді ол.
«Біз білетін сол жақсы ұлт болуға рұқсат етіңдер. Біртұтас, мықты ұлт болайық. Ханымдар мен мырзалар, біз тырысып, бірақ қолымыз жетпеген мақсат болмады. Сенейік. Барлығыңды жақсы көремін. Американы жарылқасын», деп түйіндеді алғашқы сөзін.
Елдің вице-президенті болып тағайындалған Камала Харрис Байденнің барлық ел үшін президент болатынына сенім білдірді. Демократиялық партияның өкілі Харрис те АҚШ тарихында ойып тұрып орын алмақ. Ол алғашқы әйел вице-президент болуымен қатар алғашқы қара нәсілді вице-президент болғалы тұр. Бұған дейін Калифорния қаласының бас прокуроры, Калифорния штатынан сенатор болып қызмет еткен. «Демократия деген мемлекет емес, ол әрекет. Американың демократиясы тұрақты емес, ол біздің сол жолдағы күресіміз сияқты мықты. Оны міндетті деп қабылдамауымыз керек. Демократия үздіксіз күресті қажет етеді. Бірақ қызықтың бәрі сонда. Прогресте. Өйткені бізде, яғни халықта жарқын болашақ құруға күш бар», деді Харрис алғашқы сөзінде.
АҚШ президентінің ауысуы елдің сыртқы саясатының бағыты өзгереді деген сөз. Джозеф Байден Обаманың тұсында да елдің сыртқы саясатына көп көңіл бөлетін. Сарапшылар оның алыс-беріске көп мән беретінін қазірден айтып жатыр. НАТО шеңберіндегі серіктестіктің «Сен маған, мен саған» саясатына көшуі мүмкін деген болжам да жоқ емес.
Вице-президент кезінде Ауғанстанда АҚШ әскерінің көбеюіне қарсылық білдірген-ді. Сонымен бірге Ирактан АҚШ әскерін шығаруды қолдады. Даулы мәселесі де жоқ емес. Халықаралық басылымдар оның шетелдік инвесторлардан ақша алғанын да жазған еді. Олардың қатарында ресейлік, украиндық олигархтар да бар. Өйткені президент Обаманың тұсында Байден президент әкімшілігі мен Украина арасындағы көпір болатын. Ал 2014 жылы ұлы Хантер Байден Украинадағы ірі компаниялардың бірінің кеңес мүшесі атанғанда жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылып үлгерді.
Жасына қатысты наразылықтар да жоқ емес. Жалпы, Байден өз кандидатурасын ұсынғалы оның үгіт-насихатын жіті бақылап, қателескен сәттерін жасымен байланыстырып сынағандар көп болды.
Елдегі елеулі саяси жаңалық АҚШ тыныштығына әсер ете қоймады. Трамптың жақтастары осымен үшінші күн бойы көшелерде наразылық танытуда. Кеше Аризонадағы сайлау комиссиясының алдына жиналған белсенділер дауыс санау процесінің баяулауы Трамтың дауысын ұрлау әрекеті деп ойлайтынын мәлімдеді. Дональд Трамп та бұл оймен келісетінін Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Аризонадағы Марикопа округінің өкілдері әлі 90 000 дауыстың қаралмағанын хабарлады. «Биыл таңдау жасауға келгендер көп болды. Нәтиженің кешіктірілуі осыған байланысты. Біз дауыстарды санап үлгермей жатырмыз», деді сайлау орталығының өкілі. Осы орайда Трамп сайлаудың әділ өтпегенін хабарласа да, растайтын дәлел келтіре алмады. Ол сотқа жүгінген жағдайда дауыстар қайта саналып, одан кейін аппеляция үшін Жоғарғы сотқа жүгінеді.
Джозеф Байденнің халыққа жолдауынан кейін бірнеше елдің президенттері АҚШ-тың жаңа басшысын құттықтап үлгерді. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди оның Үндістан-АҚШ қатынасындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, жеңісімен құттықтады. Құттықтаушылар қатарында Ұлыбритания, Канада, Грекия, Нидерланд, Бельгия, Латвия басшылары бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Джозеф Байденді Америка Құрама Штаттарының президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Ал Мексика президенті Андрес Мануел Лопез жаңа әріптесін құттықтауға асықпайтынын, ресми қорытындыны күтетінін жазыпты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ресми қорытынды 12 қарашаға қарай белгілі болады. Дауыс қорытындысын хабарламаған әлі 4 штат бар. Президентті ұлықтау рәсімі 2021 жылдың 20 қаңтарына жоспарланған.