Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап өтілген басым бағыттардың бірі – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Осында айтылған идеялық басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы Мәдениет және спорт министрлігінің мақсатты бағдарламалық-қаржыландыру гранты бойынша «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» атты этнографиялық экспедициясын ұйымдастырған еді.
Бұл экспедиция биыл жаз-күз айларында жоғарыдағы бағдарлама аясында өңірлерге сапарлап, республикалық және жергілікті мәртебеге ие қасиетті нысандарға ғылыми-сараптама жүргізді. Осы топтың Павлодар облысына жасаған экспедициялық жұмысы жайлы («Egemen Qazaqstan» 2 қараша, №209) мақала жазған едік. Бұл жолы Солтүстік Қазақстан өңіріне жасаған сапары жайлы хабардар етпекпіз.
Ғылыми этнографиялық экспедиция Керекуден кейін Солтүстік Қазақстан өңіріне, яғни ежелден бергі қазақтың құт мекені Қызылжар топырағына қыркүйек айының басында табан тірепті. Бұл өңір – тарих тұнған жер. Басқасын айтпағанда, республикалық маңызға ие қасиетті нысандар: Айыртау ауданында орналасқан Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы, Сырымбет усадьбасы, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені, Жамбыл ауданы Благовещенка ауылында орналасқан Қожаберген жырау кесенесі т.б.
– Ең әуелі ат басын Петропавл қаласына кіреберісте орналасқан Жансүгір батыр кесенесіне тіредік, – дейді экспедиция хатшысы, Бозоқ музей-қорығының ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлы мырза. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жасақ бастап, азаттық үшін атқа қонған батырларымыздың бірі – Жансүгір Баубекұлы (1742-1832) өз дәуірінде ерлік істерімен елге танылып, талай ұрыстарда қолбасшылық жасаған тұлға екен. Бір сөзбен айтқанда, туған жер бүтіндігі үшін бел шешпеген ер. Жоңғардың беті қайтып, өңірге патшалық Ресей ықпалы күшейген тұста да отарлаушылар тарапынан келген кесапатқа қарсы ақылмен айқасып, бір сөзбен айтқанда, жаңа низам ережесіне ықтай отырып, дау-шар шешетін би болған дейді.
Батырдың кесенесіне QR-код қойылыпты. Нысанды өз қаражатына тұрғызған Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин дейтін жергілікті азаматтар екен. Әзірге шырақшысы жоқ. Күре жолдың бойында орналасқандықтан мұнда келіп-кетіп жатқан жолаушылар қарасы көп.
(Құлсары Бөріұлы әулиенің мазары)
* * *
Ғылыми топ мүшелері келесі қадамын Ноғайбай би ауылынан бастапты. Білімді, атақты әрі қара қылды қақ жарған әділ би өз заманының қайраткері Ноғайбай Батырбекұлының (1834-1917) жерленген жері ауыл сыртында екен. Бидің басына кесене тұрғызылмағанымен, зират басына қойылған ескі тасы сақталған. Қорымда бидің кейінгі ұрпақтары жерленген екен. Зираттың сырты қоршалып, кіреберіске үлкен ескерткіш тас орнатылып, келімді-кетімді адамдар отыратын орындық қойылыпты.
Ауыл басшысы Алтынбек Сапаров қызық болғанда бидің тіке тұқымы екен. Елді мекеннің сәні екі қатар тізілген бір-біріне ұқсас әдемі үйлер, балалар ойнауға арналған түрлі әткеншектер, ортасына үлкен сахна қойылған халық демалатын саябақ, бәрі жарасымды һәм үйлесімді. Ауылдағы барлық тұрғын үйді меценат Алтынбек бастаған Ноғайбай бидің ұрпақтары өз қаражаттарына салыпты. Осында келіп тұрақты жұмыс істеймін деген адамдарға тегін баспана береді.
– Елбасының бағдарламалық ұстанымы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жерге туыңды тік» атты жобаның бұл ауылда сәтімен жүзеге асып отырғанын көзімізбен көрдік, – дейді экспедиция мүшелері. Расында, ауыл ортасына Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер есімі бәдізделген ескерткіш орнатылса, медициналық пунктте науқастар жатып емделе алатын төсек орын жеткілікті, әрі медициналық құрал-жабдықтармен толық қанымдалған, дәрігерлердің жеке бөлмесі бар. Коронавирус індеті басталғанда ауыл басшысы алдын ала қажет дәрі-дәрмекті, тіпті тыныс алу аппаратын осында елден бұрын әкеліп қойған екен.
Ауыл басшысының айтуына қарағанда, мұнда жас отбасылар көптеп келіп жатыр. Оларға қойылатын талап – 15 жыл осы ауылда тұрып жұмыс істесе, отырған баспанасы тегін беріледі. Сонымен қатар елге келген қонақтар, ауыл тұрғындары демалу үшін ішінде кітапхана және рестораны бар «Демалыс орталығы» қызмет көрсетіп тұр.
«Кітапханада қазақтың ұлы ақыны Абайға арналған бұрыш, «Ұлы даланың мәңгі құндылықтары» атты танымдық кабинет, барлық газет-журнал тігіндісі... қажет дүниенің бәрі бар», дейді өз көзімен көріп келген экспедиция мүшелері.
Бұл өңірде аттап кетпеуге болмайтын тағы бір құнды нысан – Жұмабаев ауданы орталығында орналасқан «Мағжан Жұмабаев атындағы тарихи-өлкетану музейі». Бұл мекеменің ашылғанына көп бола қойған жоқ. 2011 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгінің 20 жылдығына орай құрылған.
Жұмысқа кіріскеніне азғана уақыт болғанына қарамай музей экспозициясы тақырыптық жүйе бойынша орналастырылған: «Ауданның ХVІІІ ғасырдан 1917 жылға дейiнгi тарихы», «Ауданның 1917–1991 жылдар аралығындағы тарихы», «Поэзия жұлдызы Мағжан», «Тәуелсiздiк залы», «Табиғат залы» қатарлы 5 залдан тұрады.
– Мекеме басшысы Айгүл Теңдікқызының таныстырумен экспедиция мүшелері қазақтың керемет ақыны Мағжан Жұмабаев жайлы тың мәліметтер алдық, музей қызметкерлері ақынның өлеңін оқып, мұндағы поэзия тынысын танытты. Сонымен қатар музей көрмесінде тұрған ақының кереуеті, әйелі Зылиқа апамыздың шәлісі секілді құнды мұраларды тамашалап, жаңа жәдігерлер жайлы ақпарат алдық, – дейді ғылыми қызметкерлер.
(Қазақ батыры Жансүгір Баубекұлының кесенесі)
* * *
Экспедиция мүшелері ат басын бұрған келесі нысан – облыс орталығында орналасқан «Абылай хан резиденциясы». Ақ үйдің алдында қоладан құйылған «Ат үстіндегі Абылай» ескерткіші тұр. Оның авторы мүсінші – Қазыбек Сатыбалдин. Резиденция 4 залдан тұрады екен. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи залдар орналасқан. Тарихи зал – ханның балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни 1710-1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған уақытына арналған. Бұл 1771-1781 жылдар арасы. Үшіншісі – «Тақ залы», төртінші зал – Абылай ханның тарихына арналған фотоқұжат, картина, кітап т.б. арналған.
Осылардың ішінде, көз тартарлығы – Абылай ханның тынығу бөлмесі. Бөлмеге хан өмір сүрген уақытқа тән жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандық, бірде-бір шегенің көмегінсіз ағаштан жасалып, сырты сүйекпен мәнерленген кебеже, сонымен қатар ХVІІІ ғасыр мұрасы – ілгешектері күмістен жасалған ағаш адалбақан...
Экспедиция сапары әрі қарай өңірге әулиелігімен танымал Құлсары Бөріұлы (1715-1776) мазарына, Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай кесенесіне жалғасыпты. Сапар соңында экспедиция тобы облыстық архивке барған екен. «Бұл мұрағатта өңір тарихына қатысты аса бай материал бар екен. Тіпті әлі ғылыми айналымға енбегендері қаншама. Әсіресе жер-су атаулары, рулардың қоныстануы, дін комитеті жайлы құжаттар, молла, ишандар тізімі, тіпті ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тән біраз карта-сызба қоры сақталыпты» дейді Бозоқ музей-қорығының ғылыми қызметкері Төлегенұлы Қажымұрат мырза.