Жуырда америкалық әйгілі The New York Times басылымында Kazakh Tourism туризмді дамыту жөніндегі ұлттық компаниясы өткізетін жарнамалық кампанияға қатысты «Kazakhstan, Reversing Itself, Embraces ‘Borat’ as Very nice» (авторы Джоэл Стейн) атты материал жарияланған болатын.
Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, The New York Times-та жарияланған материал әлемдегі ең танымал әрі оқырманы көп ондаған онлайн-басылымдарға таралды. Олардың ішінде: Huffington Post, The Guardian, Insider.com, Forbes.com, Yahoo.com, CNN, BBC, Daily Mail және басқа тілдердегі көптеген басылымдар бар. «Kazakhstan. Very Nice» бейнеролигі YouTube платформасында қазірдің өзінде 900 мыңға жуық қаралды. Желі қолданушылары, сондай-ақ коммуникация және туризм саласындағы кәсіби мамандар науқанның өзектілігі мен бірегейлігін атап өтті. Әлемнің беделді жоғары оқу орындарының бірі – New York University жарнама науқанын жасаушылардан «Туризмді басқару» бағдарламасы бойынша оқып жатқан магистранттарға дәріс өткізіп беруді сұраған болатын.
Осы ретте Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Садуақасов «Турдестинациялардың маркетингі» пәні бойынша «Фильм – туризмнің дестинацияларды ілгерілетудегі рөлі» атты тақырыпта дәріс оқыды. «Бұл қазақстандық туризм тарихындағы ең жылдам ұйымдастырылған және ең жеңісті науқан. Ситуациялық маркетинг сәтті жүзеге асырылуы, әсіресе туризмде, бірқатар факторларға байланысты. Бұл жылдам шешім қабылдау, жете ойластырылған тұжырымдама және жарнама мәнмәтінінде қойылатын месседж», деді Қ.Садуақасов.
Сөз соңында спикер науқанның басты мақсаты АҚШ пен Еуропадан келетін саяхатшылар арасында Қазақстанды танымал ету екенін атап көрсетті.