Маңғыстау тұрғындарын Бозжыра атты көрікті жерден туристер үшін салынатын қонақүй мәселесі мазалауда. Маңғыстаудың маң даласындағы табиғаттың төл туындылары – естігенге аңыз, көргенге таңғажайып. Көкейіңе келіп қалған «Хас шебердің қолынан әдейілеп жасалғандай» деген ойыңды «жо-жоқ, мұндай кереметтерді еш шебер жасай алмайды, мұның авторы – табиғаттың, тылсымның өзі» деген ой лезде кері серпиді.
Маңғыстаудағы мақтаулы көріністердің бірі – Бозжыра. Қарақия ауданына қарасты Үстірт платосының батыс шыңдары бөлігіне жататын, Ақтау қаласынан 300 шақырым қашықтықтағы алқаптың солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 17 шақырымды құраса, батыстан шығысқа дейінгі қашықтығы 11 шақырым шамасында. Тарихы мен түзілуі Тетис мұхитының шөгінділерімен байланыстырылатын мекен сандаған ғасырлар аясында жел мен жауынның, күн мен аяздың өтінде барынша қақтала қалыптасып, бүгінгі таңғаларлық кейіпке енді. Төсінде туылып, төскейінде ержеткен маңғыстаулықтардың өзі әр көрген сайын алғаш көргендей таңданып, әр барған сайын жаңаша тыныс табатын Бозжыраны шетелдіктердің «шалқасынан түскендей» таңғала тамашалап, жағы семгенше жыр қылатыны, естігені бір келіп көруге ынтызар болатыны айтпаса да түсінікті.
Ақ борлы таулары, сайлары мен құздары, жазық даласы бәрі аппақ болып, әр тұсынан келіп қараған жанға құбылғандай өзгеше көрініс беретін ерекше өңір «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді. Бүгінде «Қазақстанның көз тартатын үздік 10 өлкесі», «Қазақстандағы баруға міндетті 50 орын» сынды таңдауларға іліккен, бағзыдан бүгінге міні құрамай жеткен Бозжырада туристер үшін қонақүй салу қажет пе? Бұл жоба талбесіктің қадірін білетін, оның төсі тапталмай табиғи қалпын сақтасын дейтін әрбір азаматты тыныш қалдырмады. Азшылық қолдаса, көпшілік қарсылық танытуда. «Көркіне көз тоймайтын өңірлерді көрсетіп, турист тарту маңызды» дейді бір тарап, «туристік саланы дамыту қажет, бірақ оның да өзіндік ереже-тәртібі бар, ол бағзыдан бері сақталған құндылықтарды тапау арқылы жүзеге аспауы тиіс» дейді екінші тарап. Тұрғындар талабы орынды – Каспий теңізінің жағасы мен суын, жалпы көрікті жерлерді аралағанда тас-талқан етіп, тазалықты сақтамайтын, келген жеріне құрмет көрсетпейтін туристер жетіп-артылады. Күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақталып, талайға аңыз болған Бозжыраға қонақүй салынып, жолдар мен өзге де инфрақұрылымдық қажеттіліктер барған соң өзінің байырғы бейнесін, табиғи қалпын, байлығын сақтай ала ма? 2012 жылдан бері Маңғыстау облыс әкімінің қаулысымен құрылған, яғни жергілікті мәні бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ Бозжырадағы туристік мәселе өте маңызды.
«Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің қорғауындағы Бозжыра «Жабайұшқан» қаумалына қарайды. Бұл қаумал – Үстірт тау қойы, қарақұйрық, ителгі, дала қыраны, бүркіт, қарабауыр және ақбауыр бұлдырықтары, шұбар күзен, қарақұлақ, Паллас әбжыланы сынды «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар мен жан-жануарлардың мекені. Бұл қайталанбас табиғи байлығын, биоалуантүрлілікті сақтауға қатысты жағы, ал тарихи-мәдени құндылығы өз алдына аса маңызды әңгіме.
Жуырда Бозжырада қонақүй құрылысының жұмысы басталып кетті деген әңгіме желілерде желдей есті. «Халықтың келісімі қайда, неге халықтың пікірі ескерілмейді? Туризм үшін қажетті болса, қонақүйді Бозжыраның басынан емес, шалғайлау тұстан салып, Бозжыраны сақтап қалу маңызды» дейді маңғыстаулықтар. Расында, Маңғыстаудағы көрікті жерлерді қона жатып аралау үшін қонақүйді Бозжырадан салудан басқа тиімді тәсіл немесе қолайлы орын табылмағаны ма?
«Бүгінгі күні «Бозжыра сафари» қонақүйінің жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобалау сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі, яғни жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдауларға ұсынылды.
Қазіргі уақытта құрылыс басталған жоқ. Желіде таратылған видеода тек 2 күн мерзімге болашақ объектінің жоспарланған орнына инвестор тобының келуіне байланысты уақытша шатыр, мобильді әжетхана және жылжымалы генератор орнатылды. Жобаны іске асыруды бастаған кезде ұйымдастырушылар міндетті түрде барлық қажетті қоғамдық, экологиялық тыңдаулар өткізеді және қолданыстағы заңнаманың барлық санитарлық-экологиялық, табиғи нормалары сақталады», дейді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Жоба халықпен талқыланып, келісілген жоқ. Тіпті, жоба жүзеге асқанның өзінде ол жерде жасалатын жұмыстар қаумалдың ережесіне сай болуы тиіс. «Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің инспекторлары қадағалап, олар қаумал аумағынан анықтаған заңбұзушылықтарға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы Әкімшілік кодекстің 378-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл салады. Ертең қонақүй деп шұбырған миллиондаған туристің қателіктерін кім қадағалап, қай заңға сай жазалайды? Бұл тұрғыдағы ережені бекітпей тұрып, жобаны бастап кету өте қауіпті. Сондай-ақ инвесторлар Бозжырадан қонақүй емес, Қаракөл қаумалынан сулы-батпақты ағарту орталығын салса дейміз. Ол жерде «Қызыл кітапқа» енген құстардың 22 түрі кездеседі. Бұл – дүние жүзінде іске асырылып келе жатқан жоба, мұндай орталық та туристерді тартуға өте ыңғайлы болар еді, яғни желді Қаракөл қаумалында жайлы жағдайда отырып, дүрбімен қарап құстарды қызықтауға, санауға, бақылауға, түрлерін анықтауға болады, экологиялық соқпақтар салып, сол арқылы жүруге болады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, қала іргесіндегі Қаракөлді дамытса, мектеп оқушыларынан бастап ересек адамдардың, қонақтардың, туристердің қызығушылығына ие болар еді», дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, эко-амбассадор Ә.Қозыбақов.
Құзырлы орындардың қиырдағы Бозжыра тұрмақ, қала маңындағы Қаракөл қаумалының өзіндік режімінің, талап-тәртібінің сақталуын қадағалай алмай отырғаны жасырын емес. Ал Бозжыраның жайы не болмақ? Жұрттың алаңдайтыны да осы. Бүгінге дейін «Бозжыра» болып келген көрікті орынды табыс табамын деп туристердің табанына таптатып, бозбұлау болып жүрмейік. Сондай-ақ Маңғыстауда көрікті жер көп, бүгін Бозжырадан басталған бұл жоба кейін маң даланың өзге де тарихи-мәдени ескерткіштері мен табиғи қаумал-қорықтарында жалғасын тауып жүрмесіне кім кепіл?
Маңғыстау облысы