• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қараша, 2020

Балуан Шолақтың шөбересі (Грек-рим күресінен әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Нұрмахан ТІНӘЛИЕВ жайлы толғау)

1324 рет
көрсетілді

Қазақ танымында «балуан» ұғымы «Алып адам» дегенге саяды. Себебі далалықтар танымында балуан, яғни алып күш иесі: еңселі де еңгезердей, жойқын қармаулы болуымен ерекшеленген. Бізге белгілі орасан зор күш иелері – Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыздың салмағы аз дегенде 8-9 пұттан жоғары болғаны анық.

Кеңестік кезеңде алыптардың ізін жалғаған Әбілсейіт Айханов ағамыз КСРО Халықтары спарт­пакиадасының және КСРО чемпионы атанды. Оның жетістігін 1991 жылы Одақ тарағанға дейін ешкім қай­таламады. Ұят та болса айтайық, қазақтан ұл тумағандай, Қап тауынан жігіт жалдап әкеліп, оны еліміз атынан күрестіріп мәз болғанымыз кеше ғана...

Өстіп, бір балаға зар болған Байбөрі шалдай зарланып жүр­ген­де жарқ етіп Нұрмахан Тін­әлиев ініміз шықты. Атан жілік азамат, 2010 жылы грек-рим күре­сінен аса ауыр салмақта әлем біріншілігінің қола медалін бір тарпып алып келді. Бұл жетістігін қатарынан екі дүркін (2011, 2013) қайталады. Екінші тарпығанда Азия ойындарының қос алтыны (2013, 2015) қоржынға түсті. Оның сыртында құрлықтың екі дүркін чемпионы (2013, 2015), Жазғы Универсиаданың қола жүлдегері (2013) қатарлы биіктерді бағындырды. Осылай халқымыз санасында ұялаған алыптар легінің бір түйір ұшқыны жанды.

Егер де ойын баласы Нұрмахан­ды әкесі Анарбек «ауылдың қара шаңында асыр салып ойнай бер­мей, балуан бол, қарағым, сенің дү­бірлі шабысыңды көріп менің ше­рім тарқасын...» деп Алма­ты­­дағы Дәулет Тұрлыханов атын­­дағы күрес мектебіне алып кел­меген­де, қайтер еді?!. Кем дегенде ауылдың апталдай қаражон жігіт­терінің бірі болып қала берер... Нұр­махан тәрізді алып азаматтар қазақтың әр ауылында бар. Бірақ оларды Анарбек әке сияқты қолы­нан жетектеп әкеліп, дүбірге қосатын адам жоқ. Болмаса, алып бала іздеп сабылып жүрген бапкер көрмейсіз. Сөйтіп қаншама қазақ­тың алып ұлы шаң қауып далада жүр...

 * * *

Нұрмаханның әкесі Анарбек марқұм өзі де күрескен, ауыл-ай­мақ, ат жетер жерге түйе балуан атанған. Әбден сақайып, жасы ұлғайған шағындағы салмағы 130 кило болыпты. Даланың тарлан бөрісіндей атылмай қуатын ішіне сақтап, өзінен туған ұлдарына үміт артқан сыңайлы. Ұлының балуан боларын нақ таныған. Ішкі түйсік, тылсым үмітпен. Сөйтіп Нұрмаханды Алматыға алып барған. Бұл 2002 жыл еді.

Ол кездегі Нұрмаханның сал­мағы 54 кило. Сол күндерді есіне алған балуан жігіт «өте әлсіз, әрі кү­реске ешқандай икемім жоқ еді» дейді. Оның үстіне адамдары арпалысып жатқан алып шаһар Алматыда ағайын-туғандары жоқ, жақын-жуық таныстарды сағалап жүріп, расын айтқанда кез келген жерге жамбас сыйдыру қайдан оңай болсын.

Бірақ Нұрмаханда намыс болды. Қалай да жетемін, қалай да жеңемін деген. Қысқасы, бұл жігіт­ті балуан қылған – намыс. Оны азаматпен ашық әңгіме барысында анық аңдадық. Дегенмен, адамды қиындықтан алып шығатын Абай атамыз айтқандай, «ақылы мен қайраты» ғой. Әсіресе балуанда қай­рат болып, ақылы болмаса, көшедегі көп тентектің біріне айналар, басқа қайда барар дейсіз. Одан кейін – еңбек. Оның дәмін Нұрмахан бір кісідей біледі.

Бапкер қауым жақсы біледі, ауыр салмақтағы балуандарды күреске икемдеу қиын, бұқаның жон терісіндей иі қанбай жатып алады. Көп бапкер осыны біледі де, жас шыбықтай июге жұмсақ жеңіл салмақтағы балаларға әуес. Осындай жағдай Нұрмаханның басынан да өтті. Шыны керек, алғаш­қы екі жыл жығылудан көз ашпаған бала 2004 жылы Орал қаласында өткен жасөспірімдер чемпионатында топ жарды. Содан қуансын келіп. Даланың қоңыр желі сүйіп өскен қара торы жүзіне күлкі үйірілді. Ол кезде әкесі тірі. Ұлының жеңіс тұғырына көте­ріл­генін естігенде, кең далаға бір қарап, өзінің алып кеудесіне бір қарап, «дәл осылай басталуы тиіс» деп миы­ғынан терең бір күлгенде ұқсайды.

 * * *

Баласының балуан боларын әке жүрегі баяғыда сезген. Жастау кезінде түс көрген. Түсінде ақ қошқар сүзіп жатыр екен. Бұл қошқар атасы Балуан Шолақтың пірі екенін білетін. Осы Балуан Шолақтың әкесі – Баймырза. Баймыр­заның әкесі – Жарықшақ, Жарықшақтың әкесі – Қазанғап. Осы Қазанғап тоғыз жасында әкесі Есентай сәмбеттің азғана ауылын бастап Көкшетау жаққа қоныс аударған. Сол күйі Бұланды өңірі Тасыөзек бойын мекендеп қалып қойған. Ал Анарбектің әкесі Бекбай. Бекбайдың әкесі Тінәлі осы Балуан Шолақпен шамалас. Сонау жылдары Балуан Шолақ Шу бойындағы атажұрты үйсін-сәмбет еліне келгенде қарсы алған адамның бірі Тінәлі екен. Өйткені Тінәлі мен Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) – ағайынды адам­ның балалары. Қысқасы, біз­дің Нұрмахан – атақты Балуан Шолақ­тың шөбересі.

Осылай Нұрмаханның жеңісті жолдары басталды. Келесі, 2005 жылы ел біріншілігінде тағы да жүл­делі орынға ие болып, осы жылы Жапонияда өткен жасөс­пірімдердің Азия чемпионатында қола медаль қанжығалады. 2006 жылы жастар қатарына өтті. Сал­мағы – 96 кило. Әжептәуір ысылды. Жастар арасында жеңімпаз атанды. «Дәндеген қарсақ құлағы­мен ін қазады» дегендей, қуат-қарымын сынап көрмекке ересектер арасында өткен Қазақстан чем­пио­натына қатысты. Финалда Марғұлан Әсембековтен жығы­лып, екінші орын алды. Бұған да шүкір. Ол тұста 96 кило сал­мақта М.Әсембеков көш бастап, Әсет Мәмбетов өкшелеп, нағыз бәсекелестік қызып тұрған шақ. Нұр­махан үшін ересектер қата­рына өтуге әлі екі-үш жыл бар. Оған дейін Марғұлан мен Әсет 96 килода күресе тұрсын...

2007 жыл. Нұрмахан жастар арасында Филиппинде өткен Азия біріншілігінде топ жарып, әлем чем­пионатында қола жүлдеге ие болды. Осы жылы ересектер ара­сында Семейде өткен Қазақ­стан кубогы жолындағы жа­рыс­­та Марғұланды жеңді. Әне-міне қыр астында Бейжің Олим­пиадасы қылтиып тұр. 96 килода қайшыласып жатқан екеу­ге бұл келіп қосылды. Бірақ «қыр­сыққанда қымыран іриді» дегендей, жаттығу үстінде Нұрмахан то­бығын тайдырып алды.

Ұзақ емделуге тура келді. Тай­ған тобықты «жөндетіп», тізе­нің сөгіліп кеткен шеміршегіне опе­рация жасатып, тоғыз айға жуық кі­лемге шыға алмады. Бірақ тұсаулы тұлпардай ширығып жатты. 2008 жылды толықтай бос жіберіп алдым деп өкінеді Нұрмахан. Жалпы үлкен жақсылық болар алдында бір сынақтың келері – құдыреттің бұлжымас заңы. Мұны білмеген адам өмірдің мәнін түсініп жарытпайды.

2009 жылы әбден сақайып, тулаған тұлпардай кілемге оралды. Бір жылдың ішінде салмағы тоқтаусыз өсіп 120 килоға жетті. Кел­ген бетте ересектер арасында Қазақстан біріншілігін бағын­дыр­ды. Алғашқы әлем чемпиона­тына қатысып, тәжірибе жинап қайтты.

 * * *

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, 2010 жыл­дың басында Нұрмаханды намыс­ты бапкер Марат Тұрлыханов қамқорлығына алды. Өйткені жас балуанды төрт жылда бір рет жалауын көтеретін Азия ойындары мен кезекті әлем чемпионаты күтіп тұрған болатын. Осыған дайындық басталды. Қырсыққанда, ескі жа­рақат қайтадан сыр бермесі бар ма?! Бапкері қаражат тауып Нұрмаханның аяғына шетелде операция жасатты. Оңалған соң Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетов екеуін қосақтап Мәскеуге аттандырды.

Бұл бір ақылмен ойлап, кең пішілген іс болды. Өйткені  Қазақ­станда аса ауыр салмақта бәсе­келестік жоқтың қасы. Бір-біріне қарсылас балуандар саусақпен санар­лық. Ал бәсекелестік бол­маған жерде спортшының шебер­лік деңгейі өспейді. Ресейде ауыр және аса ауыр салмақ дәрежесінде кемінде бес-алты балуан бар. Нұр­махан мен Әсет ресейлік балуандармен бірге жаттықты.

Осы оқиға жайында мерзімдік баспасөзге берген бір сұхбатында Нұрмахан: «Мәскеудің қақ ортасынан пәтер жалдап, еш алаң­сыз жаттығуға кірістік. Ең бас­тысы, шеберлік жағынан көп өстік», десе, балуанның бапкері Марат Тұрлыханов: «Бапкерлік кәсіп­ке ден қойған кезімде Әсет Мәмбетовпен жұмыс істедім. Ол ұзақ уақыт Мәскеуде Ресей балуандарымен бірге даярланды. Бейжің Олимпиадасында ол қола жүлдегер атанды. Содан Әсеттің қасына серік болатын тағы бір балуан іздедім. Таңдауым Нұрмахан Тінәлиевке түсті. Бұл баланың еңбекқорлығы ұнады. Жаттығудан жалықпайды. Егер Нұрмаханның бағын аша алсам, бұл жалғыз маған емес, бүкіл алаш жұртына үлкен абырой болатынын жүрегім сезді. Қазақтың нар тұлғалы бір азаматы әлем алыптарын бірінен кейін бірін жығып, жеңіс тұғырында марқайып тұрса, қандай ғанибет. Сол кезде мемлекетіміздің мерейі өседі және өзге халықтар алдында ұлтымыздың тектілігін танытар едік...», депті баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында.

 * * *

Марат бапкер айтса айтқандай, кешікпей Нұрмахан оның үмітін ақтады. 2010 жылдың қыркүйек айында Мәскеу қаласында әлем біріншілігі басталды. Оған дүние жүзінің отыз елінен балуандар қатысты. Нұрмахан Тінәлиев 120 кило салмақта алғашқы белдесуін италиялық Фигаромен өткізіп, оны бірінші кезеңде 4:0 есебімен, екінші кезеңде 6:0 есебімен төң­керіп тастады. Келесі кезекте жолы түйіскен израильдік алып Владимир Гуралскийді де айқын басымдықпен (1:0, 4:2) ұтты. Үшінші кезекте, ресейлік алып, Олимпиада және әлем чемпионы Хасан Бароевпен белдесті. Біздің Нұрмахан бұл сойқанды алғашқы кезеңде алып жықты, екінші кезеңде партерде ептеп ұтылды. Шешуші үшінші тұста айқын басымдықпен (3:1) ұтты. Сөйтіп, ресейлік алыпты алып ұрған Нұрмаханды кубалық қара дәу Михайн Лопес күтіп тұрды. Одан ұтылды. Үшінші орын, яғни әлем біріншілігінің қола медалі үшін шайқаста чехиялық Марек Свечті ойсырата жеңіп (4:0, 7:0), аса ауыр салмақта әлем чемпионатынан медаль бұйырған тұңғыш қазақ ретінде тарих бетіне аты таңбаланды.

Бұл жетістігінен кейін ел-жұрт Нұрмаханды алқады һәм ала­қанына салды. Оған азамат лайық еді. Өйткені көңілі баладай, қуаты даладай, алып ұлдың басты қасиеті сүйегіне сіңген қазақы тәрбиесі. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді, кішіпейіл жігіт. Алыптың анасы Жұмагүл Рәбжанқызы «баламның ең жақсы қасиеті – басын кесіп аламын десең де өтірік айтпайды, содан соң біреуге уәде берсе, соны орындамай тынбайды» дейді екен.

Осылай әлемдік додада олжа салған жігіт кешікпей төрт жылда бір болатын Азия ойындарына аттанды. Барды. Алғашқы қарсыласы камбоджалық Чам Чбин­ді таза ұтты. Одан кейін үн­ділік Дадал Чмандрды бет қарат­пады. Үшінші белдесуде осы жылы Мәскеуде өткен әлем бірін­шілігінде 96 килода алтын медаль алған Ирак алыбы Әли Әк­пармен жолы түйісті. Оны да ұтты. Шешуші кезең алтын медаль үшін қытайлық алып, салмағы 150 килоден жоғары Луй Делиді екі кезеңде 1:0, 2:0 есебімен айқын жеңіп, чемпион атанды.

Келесі 2011 жылы әлем бірін­шілігі Түркияда өтті. Оған дүние жүзінің 40 елінен балуандар қа­тысты. Нұрмахан алғашқы айналымды еркін өткізіп, екінші айналымда америкалық Дремайл Байерспен жолы түйісті. Д.Байерс – 2002 жылы әлем чемпионы атанып, 2007 жылдан бері барлық жарыста жүлделі орындардан түспей келе жатқан өте тәжірибелі балуан. Оны біздің жігіт айқын ұтып, үшінші айналымда неміс жігіті Нико Шмидке тап келді. Алғашқы екі кезеңде де есе жіберген неміс жігіті жеңіліп тынды. Нұрмахан төр­тінші белдесуін грек алыбы Ксефонт Котсюбаспен өткізді. Жең­ді. Бірақ бесінші белдесу қиынға соқты. Ол түркиялық азамат Рыза Каялап болатын. Бұл жігіт өткен жылы Мәскеу чемпионатында армениялық алып Юрий Патри­кеевтен жеңіліп, біз­дің Нұр­маханмен бір тұғырда (қола медаль) тұрған еді. Енді, міне, бір тұғырда қонақтаған қос алыптың жолы түйісті. Нұрмахан түрікке есе жіберді, оның ақысына қола медаль үшін мажар балуаны Микаэль Барошты ойсырата ұтып, Лондон олимпиадасына қатысатын лицензияға қол жеткізді. Бұйырса, алда Олимпиада!

 * * *

Атамыз қазақта әлмисақтан келе жатқан «бұйырған ала ма, жүгірген ала ма» дейтін тәмсіл бар. Нұрмаханның тағдырын жоға­рыдағы бір ауыз сөзге байлап айтсақ түсінікті шығар. Әрине, ел болып үлкен үміт арттық. Тіпті көк туды желбіретіп қолына ұстатып қойдық. Балпаң-балпаң басқан, балтыры жуан һәм дөңгелек жүз­ді, қарасынан аласы мол қой көзді алып қазақтың туын ұстап, маң­дайда жүруі бір ғанибет емес пе?!

Бірақ Нұрмахан алғашқы айналымнан аса алмады. Швед жігіті Еуренге жол беріп қойды. Бұл швед Олимпаданың қоласын қан­жығалады. Қазір оймен шолып отыр­сақ, Нұрмаханның өз тобын жарып шығып, финалда айқасуға толық мүмкіндігі бар еді. Біздің жігітпен бір топқа Л.Ванек (поляк), Р.Шавви (тунис), Нави (эстон), Чугос (белорус), Луй (қытай), Барош (мажар), жоғарыдағы Еурен (швед), Патрикеев (армян), Бароев (ресейлік), Бабажанзаде (иран), Әли Әкпар (ирак), т.б. түскен. Бұлар­дың қай-қайсысын жеңуге Нұрмаханның мүмкіндігі бар еді. 2010 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Юрий Патрикеевті қос­пағанда, қалғандарын бұдан бұрын талай жарыста жеңген болатын. Басты қарсыластары: түрік Рыза мен кубалық Лопес келесі топта болатын.

Жеребеге қарап бар қазақ «а, құ­дайлап» қуандық. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Жағдай­дың қалай болғаны жайлы Нұр­махан­ның айтқаны: «Күрестім, жы­ғылдым, жеңілдім. Халқыма өтірік айтып ақталғым да келмейді. Кілемге шығардан 15 минут бұрын, дене қыздырып алмақ бо­лып жаттығу жасап жатқанда аяғым­ның тобығын шығарып алдым. Қасымда жеке бапкерім Марат Тұрлыханов болды...».

Одан бері сегіз жыл ағып өтті. Нұрмахан күрес кілемінен кеткен жоқ. Пандемияның алды – қаңтар айының аяғында грек-рим күресінен Францияда өткен Гран-при турнирі «Анри Деглан – 2020-ға» қатысып, күміс жүлде алып қайтты. Финалда жарақатына байланысты кілемге шықпады. Жақында хабарласқанымда «Қазір жарақатым толық жазылды, үзбей жаттығу жасап жүрмін, бұйырса мені кілемнен көресіз аға», деді. Әрине, тәңірім солай болуға жазсын!