• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2013

Бизнесіміз бәсекелестікке дайын болуы тиіс

322 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Эксперт-200-Қазақстан» iрi бизнестiң V экономикалық форумы болып өтті.

Қазақстанның ұлттық эко­но­микасының негізгі тенденцияларын талдап, көкейкесті мәселелерін талқылау ісіне бизнес пен Үкімет өкілдерін және сарапшылар қауымын тартуды мақсат еткен аталмыш форум осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Оның биылғы басты тақырыбы Қазақстанның жаңа экономикасының қалыптасуы жайында болды. Пікір алмасу пішімінде ұйымдастырылған шараны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Жаннат Ертілесова мен «Эксперт» медиахолдингінің бас директоры Валерий Фадеев жүргізіп отырды.

Кеше Астанада Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Эксперт-200-Қазақстан» iрi бизнестiң V экономикалық форумы болып өтті.

Қазақстанның ұлттық эко­но­микасының негізгі тенденцияларын талдап, көкейкесті мәселелерін талқылау ісіне бизнес пен Үкімет өкілдерін және сарапшылар қауымын тартуды мақсат еткен аталмыш форум осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Оның биылғы басты тақырыбы Қазақстанның жаңа экономикасының қалыптасуы жайында болды. Пікір алмасу пішімінде ұйымдастырылған шараны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Жаннат Ертілесова мен «Эксперт» медиахолдингінің бас директоры Валерий Фадеев жүргізіп отырды.

Сөз тізгіні алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке ұсынылды. Ол ел экономикасының өндірістік әлеуетін баяндай келе, қазіргі экспорттық ахуалына тоқталды. «Ерекше тиімділікке экспортқа бағытталған сектордың өнімдері ие болады. Алдын ала экспорттық стратегия аясында біздің өнімдерге арналған нарықтарды санап шықтық. 45 нарықты қарастырдық. Ол Ресей шекарасы маңындағы 10 өңір, Беларусь, Украина, Батыс Қытай, Орталық Азия және біздің батыс жағымызда орналасқан елдер, олар – Түркия, Кавказ», деді Ә.Исекешев. Вице-премьер өнеркәсіпті одан әрі үдемелі дамыту экспортсыз мүмкін еместігін және бұл мәселеде Кеден одағы маңызды рөлге ие екендігін айтып өтті. «Бұл таяу 10 жылға рыноктардың әлеуетін есептеп, осы рыноктарда қандай өнімдер өтімді екендігін зерттеп, басымдықтарды таңдадық. Сондықтан, келесі даму аясында Кеден одағының әлеуеті зор деп есептейміз», деді ол. Сонымен қатар, Ә.Исекешев жаңа нарықтарға, нақты айтқанда, Ауғанстанға экспорттың айтар­лық­тай арта түскендігін атап өтті. «Ауғанстанға бағытталған қазақстандық экспорт көлемі биылғы жылы 300 млн. дол­ларға жетті. Ол негізінен шикі­зат­тық емес экспорт. Бұл – маңызды көрсеткіш, жеке кәсіп­орындарымыз осындай нарық­тар­ға шыға бастады», деді.

Бұдан әрі бизнес өкілдері тарапынан «Кселл» АҚ бас қаржы директоры Бауыржан Аязбаев, «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Жақсыбек, «AIIurGroup» автомобиль компаниялар тобының президенті Андрей Лаврентьев, «Астана Групп» ЖШС президенті Нұрлан Смағұлов, «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры Ержан Мәндиев сияқты бірқатар кәсіпкерлер сөз сөйледі. Форумға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер алмасылды.

Пікір алмасуды Премьер-Министр С.Ахметов түйіндеді. Үкімет басшысы форумды кәсіпкерлік мәселелерін кең ауқымда талқылауға арналған дәстүрлі алаң ретінде бағалап, одан ары макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту бойынша шараларға тоқталды. «2013 жылы экономиканың шамамен 6 пайызға өсуі, инфляцияның да 6 пайыз деңгейі күтілуде», деген С.Ахметов «бұл шарттар бюджетті толықтыруға, экономика секторларын дамыту жөніндегі бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретіндігін» атап өтті. Үкімет басшысы Қазақстанда жаңа сала – көліктік машина жасау пайда болғанын, бүгінде жолаушы вагондары шығарылып жатқанын, келесі жылы тепловоздар жасау бойынша зауыт та ашылатынын тілге тиек етті. «Машина жасау саласының экономикадағы үлесі расында да өсіп келеді және бұл жайт бізді қуантады. Алайда, машина жасау қандай болады? Қазақстанда қандай технология­лар трансферті болады? Көп нәрсе осы мәселелерге тәуелді», деген Үкімет басшысы отандық кәсіпорындардың бәсекелестік қабілетін арттыруға айрықша мән беру қажеттігін баса айтты.

«Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру табалдырығында тұрмыз. Он жылға жуық созылған келіссөз үдерісі аяқталуға жақын. Бұл Қазақстан ДСҰ-ға кіретін күн де алыс емес екенін білдіреді. Бұл біздің тұтынушыларымыз жоғары сапалы өнімге қол жеткізеді деген сөз. Осы жағдайда біздің кәсіпорындар, жаңа өндірістер, экономиканың жаңа секторлары қаншалықты бәсекеге қабілетті болады? Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық кеңістік және ДСҰ аясында тауардың артынша-ақ, көрсетілетін қызметтердің кезегі келеді. Отандық бизнес, осы орайда, бәсекелестіктің күшеюіне дайын болуы керек. Олай болмаған жағдайда, сіздердің тауарларыңыз бен өнімдеріңіз шетке ысырылып қалады. Содан соң өздеріңіз қиын жағдайда қаласыздар немесе Үкіметті кінәлайсыздар», деп ескерте кетті Премьер-Министр.

Инвестициялық тартым­ды­лық­ты нығайту маңызды бағыт болып қалуда. Соған байланысты «түсінікті ашық, қолжетімді ойын ережелері болуы керек. Мұнда келгісі келетін бизнес бұл ережелерді айқын көруі тиіс», деді С.Ахметов. Премьер-Министр Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының рөліне тоқталып, ол бизнеспен бірдей тыныстап, бизнесті қолдап, оның мүдделерін қорғауы тиісті екендігін атап өтті.

Үкімет басшысы, сондай-ақ, сөз арасында аталмыш форумға ірі бизнес өкілдері қатыспай отырғанын сынға алып өтті. Шынымен мұндай жиындар Үкімет пен жеке секторлардың арасын байланыстыратын, пікір алмасып, ой бөлісетін, мәселелер ашық айтылып, талқыланатын алаң болуы тиіс еді. Бірақ ұйымдастырылу деңгейі солай болды ма, әлде шақырылса да келмеді ме, әйтеуір кешегі форумда ірі бизнес өкілдерінің қатары аз болды. Әрине, мұның бәрі келесі форумдарда ескерілер деген ойдамыз.

Форум жұмысы күннің екін­ші жартысында секциялық отырыстар бойынша жалғасты. Онда «Жаңа экономика: қазақ­стандық автопромның бола­ша­ғы», «Қазақстанның жаңа экономикасындағы агро­өнер­кә­сіптік кешені», «Өңірлердегі жаңа экономика: ірі бизнестің рөлі және инвестициялар тарту» деген тақырыптар талқыланды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар