• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Технология 10 Қараша, 2020

Жамбыл облысы ТОБЖ-бен толық қамтылады

436 рет
көрсетілді

«Қазақтелеком» АҚ-ы Жамбыл облысының ауылдық жерлеріне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмысын аяқтауға жақын қалды. Енді 100 шақырымнан кейін облыстың барлық елді мекендері ТОБЖ-бен толық қамтылады.

«ТОБЖ технологиясын қолдана оты­рып Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендері кең жолақты интернетпен қамту» республикалық жобасына сәйкес, Әулиеата өңіріндегі жоспарланған 72 ауылдың 67-сіне талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жоспарланған 223 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымдардың 204-і жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

Жамбыл облысына тартылатын тал­шықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 912 шақырымға тең. Жобаны жүзеге асыру арқылы облыстың 10 ауданындағы шалғай ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.

– Бүгінгі таңда Қордай өңірінің Үлкен­сұлутөр, Сұлуторы, Қалғұты ауыл­дарында, сондай-ақ Байзақ ауданы­ның Құмжота және Үлгілі ауылдарында жұмыс аяқталуға жақын қалды. Қараша айының соңына дейін осы ауыл­дардағы қалған 19 мемлекеттік орган талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылады. Бұл өңірлер тау-тас­ты болып келеді, сол себепті жер бедері жұмысты әжептеуір қиындатты. Мысалы, Қордай өңірінде талшықты-опти­калық байланыс желілерінің құры­лысы таудың бойымен өтеді. Бірақ қиындықтарға қарамастан, жобаны бел­гілен­ген мерзімде аяқтаймыз, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық теле­коммуникация дирекциясы Жамбыл МТБТ желілік-техникалық бөлімінің бастығы Шайхислам Қарақұлов.

Байзақ ауданы – облыс орталығына жақын орналасқан, бірақ осыған дейін мұнда интернет сапасы сын көтермейтін. Мадимар ауылы Байзақ ауданының шалғай жатқан ауылдарының бірі, бүгінде мұнда 2002 тұрғын тіркелген. Ауылда мектеп, әкімдік, дәрігерлік амбулатория бар. ТОБЖ тартылғанға дейін бұл ұйымдар магистральдық телекоммуникациялық хабтарға жыл­дам­дығы төмен радиорельелік байланыс желілері арқылы қосылып келген. Бұл технологияның мемлекеттік органдарға жоғары жылдамдықты байланыс беруде мүмкіндігі тым шектеулі еді.  Бүгінгі таңда кең жолақты интернетке қол жеткізген ауыл өмір сапасының да айтарлықтай артты. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы ауыл мектебінде жоғары жылдамдықты интернет қос­қаннан бері мұғалімдер мардымсыз байланысты ұмытып, білім беру жүйесінің электронды платформаларын емін-ер­кін пайдалануға көшті. Осы  мектеп директорының міндетін атқарушы Жақ­сылық Тайшыбековтің айтуынша, пан­демияның білім саласына енгізген өзгерістері кезінде ауылдық мектептер әсіресе жүйрік интернетке зәру болды. 

– Оқу жылы басталар кезде мектебімізге жоғары жылдамдықты интернет келді. Бұл өте уақтылы жасалған шаруа болды, өйткені биылғы оқу маусымында бастауыш сыныптардан басқасы, оқу жылын қашықтан оқып жатыр. Бүгінде біздің мұғалімдер қалалықтармен теңесіп, өз жұмысында «Күнделік», Daryn.online, Bilimland.kz сияқты платформаларды пайдалануда, бұл оқу процесін әлдеқайда тартымды әрі тиімді етті, – деді Жақсылық Тайшыбеков.

Мадимар ауылының дәрігерлік амбулаториясы да кең жолақты интернетке қосылды, дәрігерлер мен мамандар медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізіп, қағазсыз құжат айналымы­на ауысуда, сонымен қатар телемеди­цина арқылы медициналық ақпарат алу мүмкіндігі туды. Учаскелік медбике Жанар Әбілдаева пациенттер туралы мәлі­меттерді электронды медициналық картаға енгізу және дәрігерлердің қабыл­дауына жазудың қаншалықты ыңғайлы әрі жылдам болғанын атап өтті.

ТОБЖ жобасы мемлекеттік органдар үшін де мол мүмкіндіктерге жол ашты. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қыз­меттерді жедел жүргізу мүмкін болды. Мәселен, Ынтымақ ауылдық округі әкімі­нің аппаратында сегіз компьютер «оптикаға» қосылған.

Тұрақты әрі жылдам интернеттің арқасында қызметкерлер e-gov, e-Halyk,­ E-Kyzmet ақпараттық жүйе­­лерін, бір­ың­ғай мұрағатты пайдала­нады. Ха­лық­қа өзін-өзі қызмет ету бұ­ры­шы ұйым­дастырылды, мұнда ауыл тұр­ғындары 28-ге жуық сертификаттарды дербес ала алады, бұл уақыт пен ресурстарды үнемдеуге өте ыңғайлы.

«Оптикаға» қосылу нүктелерінің көбеюі келешекте «250+» жобасы аясында ауылдық жерлерде 3G / 4G ұялы бай­ланысының мобильді желілерін дамытуға мүмкіндік береді, бұл шалғай ауылдардың тұрғындарына кең жолақты мобильді Интернетке қол жеткізуге жол ашады.