• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2020

Күзде мал ұрлығы көбейеді

352 рет
көрсетілді

Күн салқындап, еттің бағасы өскен сайын, базардағы малдың да құны қымбаттайды. Өкінішке қарай жаздың соңы мен күз айында шаруа қожалықтары мен ауыл адамдарының өрістегі малын ұрлап кететін оқиғалар жиі орын алады.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстановтың мәлімдеуінше, биыл­ғы жылдың он айында 100 мал ұрлығы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 41,4 %-ға азайса да, орташа есеп­­пен Ақтөбе облысының әр­ ауда­­нында жылына 8-9 мал ұр­­лығы тіркелгенін көрсетеді. Салыстыра кетсек, өт­кен жылы облыс аумағында 170 мал ұрлығы тіркелгенімен, осы қылмыстардың қаншасының ашылып, қанша істің сотқа жіберілгені туралы нақты мәлі­мет жоқ.

Өңірде мал ұрлығының был­тырғы жылмен салыстырғанда едәуір төмендеуіне учаскелік по­ли­цейлердің өздеріне бекітілген аумақта тұрғын үйлер мен шаруа қожалықтарын аралап, ашық сөй­лесуі себепші болды. Осы жағдай ауылдағы жасырын ұрыларды да аздап сескендірген сияқты. Учас­келік полицейлер малды өріс­ке бақылаусыз жіберуді тоқтатып, ке­зек­пен бағуды ұйымдастырып, не бақташы жалдауды қайта-қайта ес­кертіп жүр.

Биыл мал ұрлығы ең аз тіркел­ген аудандардың қатарында – Ыр­ғыз ауданы тұр. Қаңтар-қазан айы аралығында Ырғыз аудандық полиция бөлімінде мал ұрлығына бай­ланысты 4 дерек тіркеліп, 2 қыл­мыс ашылған. Малым жоғалды деп арызданған аудан тұрғынының өрістен жоғалған малы бір сайдан табылып, ол арызын қайтарып алған. Бірақ әлі күнге дейін бір қылмыс ашылмай тұр.

Аудан полицейлерінің хабарлауынша, малдың қолды болуына көп жағдайда иелері кінәлі. Сиыр, жылқыларын күнде түгендемейді, өздері 8-10 күн іздеп, таба алмаған соң барып қана полицияға арыз береді. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп апталап іздеп жүргенде, ұры да ізін суытып үлгереді. Учаскелік полицейлер тұрғындардан өз малдарына қырағылық танытып, ен-таңбаларын салдырып, әсіресе, жылқыларды құжаттандыруды сұрайды. Мал қамайтын қораларды жақсылап бекітіп, құлып орнату керек. Ауыл адамдары малды ұзақ уақытқа қараусыз қалдырмай, көршілермен бірлесіп малдың кезегін ұйымдастыру керек деп есептейді. Қорадағы мал түнде қолды болған жағдайда полиция қызметкерлеріне, не учаскелік полицейге дереу хабарласып, қылмыс іздеріне қол тигізбеу керек деп ескертеді. Соның ішінде қораның құлпын бұзған жердегі аяқ киім ізіне, қылмыс құралына, шина протекторының іздеріне, малды жетектеп әкеткен іздерге тимеу қажет. Бұл – ұрыларды ұстаудың ең бірінші айғағы.