Бүгінде жастары тоқсаннан әлдеқайда асып кеткен, кейінгілерінің өзі сексеннің бесеуіне арқа сүйеген аға ұрпақ өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында болғанына ешкім талас туғыза алмайды.
1941 жылдың 22 маусымы күні фашистік Германия КСРО-ға басып кірген кезде олардың алды 14-15 жаста болса, соғыс аяқталғанда 18 жасқа келіпті. Міне, осы сұм соғыс балалық шағын ұрлап, ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан буын бүгінгі күні «тыл ардагері» деген мәртебеге өте лайықты екені дәлелдеуді қажет етпейді. Қазіргі кезде соғысқа қатысушылармен қатар, олардың ізін баса өкшелес дүниеге келген тыл ардагерлерінің де қатары күн сайын селдіреп, азайып барады. Оларға тылдағы иықтары қайысып, белдері майысып жасаған ауыр жұмыстары үшін орден-медальдар берілмеген. Тіпті, оны аламын деу үш ұйықтаса түстеріне кірмегені анық. Рас, ол жылдары тылда еңбек еткен ересектердің арасында КСРО-ның марапаттарына ие болғандар да бар еді. Әйтсе де биылғы 2020 жылдың 6 мамыры күні «Ардагерлер туралы» заң күшіне енген кезде олардың өмірден өтіп кеткеніне біраз жыл болған-ды. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген о бастағы заң жобасының бабында: «тылдағы еңбегі үшін КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталған еңбек ардагерінің санатына жатады» деп көрсетудің де ешқандай қисыны жоқ еді. Ең болмағанда осы баптағы еңбек деген сөзді тыл деген атаумен алмастырғанда шындыққа біртабан жақындар еді.
Заң бойынша 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамырына дейін алты ай жұмыс істегендер де еңбек ардагерінің санатына енгізілген. Бұл да еңбек деп емес, тыл деп жазылуы қажет еді дейді бір топ батысқазақстандық тыл ардагері. Алдымыз 94-ке, соңымыз 85-ке келген 4 жылға созылған соғыс кезінде 6 ай емес, осыншама уақыт бойы тылда жұмыс істесек те, жалпылама еңбек ардагерлерінің қатарында кете беріппіз.
Тұтастай алғанда, тыл ардагерлері «еңбек ардагері» делінген тіркестің тасасында қала беріпті. Сондай-ақ аталған заңда тыл ардагері деген бірауыз сөздің аталмағаны қалай? Мәселен, биылғы 2020 жылы 63 жасқа толып, зейнетке шыққандар да еңбек ардагері деп саналады. Олардың әкесіндей, тіпті бұдан да үлкен біздер де тыл емес, бар болғаны еңбек ардагері екенбіз. Үлкенді-кішілі ардагерлердің бәрін бұлайша бір санатқа кіргізу әділеттілікке жатпайды дейді жастары тоқсанның о жақ, бұл жағындағы есімдері елге елеулі Жайсан Ақбаев, Сайын Айтқалиев, Асқар Атаев, Әділғазы Нұрғалиев және Ғазиз Хаймулдин сынды Ақжайықтың ардақты ақсақалдары.
Бұл тұрғыда олар алдағы уақытта «Ардагерлер туралы» заңға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, оған: «1941-1945 жылдары еңбек еткен тыл ардагерлері» деген арнайы санат енгізілуі қажет деп есептейді. Әрі оны бүкіл еліміздегі 100 мыңға жуық тыл ардагерінің ортақ тілегі деп санайды. Сөз жоқ, дәл солай екеніне де шек келтіру қиын. Сөйтіп олар өз ұсыныс-тілектерін республиканың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің атына жолдаған екен. 2020 жылғы 15 мамырдағы №21-10/ВҚ-ЖТ-А-1658//ВҚ-ЖТ-А-9062,1 санды жауап хатына көңілдері толмағанын ашық жеткізді. Әрі оның мәтінімен бізді таныстыра кетуді де жөн көріпті. Бұл тұрғыда айтарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган басшыларының хат иелеріне қайтарған жауаптары мейлінше ықшам, тұжырымды, қарапайым, етек-жеңі жинақы, ең бастысы онымен танысатын жеке тұлғаларға түсінікті болуын атап көрсеткені белгілі. Әйтсе де министр Б.Б.Нұрымбетовтің тыл ардагерлеріне қайтарған жауап-хатында бұл талаптар белден басылғаны бірден байқалады. Тіпті сұрау салынған мәселеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын базалық зейнетақы мөлшерін қайта есептеу мен индекстеу жөніндегі ұзын-шұбар баяндаулардың егжей-тегжейлі тәптіштелгені де көңілге қонбайды.
Сөйтіп ол алты бетке дейін созылған сала-құлаш жауабын: «жоғарыда баяндалғанның негізінде жаңадан қабылданған заңда тыл еңбеккерлерінің барлық әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, дербес санат белгіленгенін хабарлаймыз» деп тұжырымдапты. Бұл тұрғыда министрдің бұл жауабы шындыққа сәйкес келмейтіні дәлелдеуді қажет етпейді. Өйткені «Ардагерлер туралы» заңда нақты түрде атап көрсетілген әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын 5 санатта «тыл ардагері» немесе Б.Нұрымбетов атап көрсеткендей, «тыл еңбеккері» деген бірауыз сөз жоқ екен. Сонда қалай болғаны? Яғни жоғарыда айтылғандай тыл ардагері деген қауым еңбек ардагері деген санаттың тасасында қалып қойыпты.
Соған қарағанда бесіктен белі шықпай жатып, 4 жыл бойы тылдағы қиындық пен ауыр еңбектің азабын тартқан сол кездегі 6 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге тыл ардагерлері немесе бұдан кейінгі кезектегі «соғыс балалары» деген мәртебелерді белгілеу алдағы күндердің еншісіне қалып отырғанын аңғару қиын емес секілді. Бүгінде бұлардың алды 94-95 жасқа жақындап қалғанын ескерсек, бұл мәселеде арқаны кеңге сала берудің де жөні жоқ екені анық.
Бұл бағытта басты жауапкершілікті «Ардагерлер туралы» заң жобасын дайындаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, бұған қоса Мәжіліс пен Сенат депутаттары арқалайтыны хақ. Жоғарыда аты-жөндері аталған тыл ардагерлерінің айтуынша, олар заң жобасын талқылау кезінде өз ұсыныс-тілектерін жоғарғы жаққа жолдапты. Әйтсе де оның дені заңда көрініс таппай қалған.
Түйіп айтқанда, «Ардагерлер туралы» заң қабылданған биылғы 2020 жылдың 6 мамыры еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласы үшін өте ауыр кезең болғаны, бұл кезде экономикалық өсім деңгейі төмендеп кеткені де атап өтуге тұрарлық фактор болса керек. Дегенмен қоғамдық өмір бір орнында тұрмайтыны, ұдайы өзгеріс даму үстінде болатыны – табиғи жайт. Осы кезде тыл ардагерлерінің талап-тілектері де ескерусіз қалмайтынына сенім мол демекпіз.
ОРАЛ