• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2020

Қыс әлегі – қар тазалау

470 рет
көрсетілді

Еліміздің басқа өңірлері сияқты Солтүстік Қазақстанның да жол мәселесі ешқашан толық шешілмейтін шығар. Төселген және жөнделген жолдар сапасының төмендігі талай рет айтылды да, жазылды да. Бірақ содан тиімді нәтиже жоқ. Төтенше науқаспен ауырғандарды, аяғы ауыр әйелдерді ауруханалар мен емханаларға, барлық жолаушыларды діттеген жеріне жаман болса да осы жолдар жеткізеді. Сондықтан жолдардың қысқы мезгілде қардан тазалануы облыстық әкімдіктің назарына ілініп отыр.

 

Облыс бойынша қыс бойы қамқор­лық­қа алынып, қадағаланып отыратын жолдардың жалпы ұзындығы – 8 996 шақырым. Оны сақтауға биыл 943 млн теңге қарастырылған. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл – 2018 жылы бөлінген сомадан 1,6 есе артық.

Ақша қары сықырлаған Солтүстіктің тас жолдарының ең қауіпті жері – көк­тай­ғақ. Үстіндегі қарын сыпырып тас­та­ғанда қалған жұқа қар көп көліктің қызуымен күндіз жібіп, түнде қатады. Ал ертесіне жарқыраған көк мұз болмаса да көгерген тайғақ болып тұрады. Ол үлкен жолдарда ғана емес, қала мен ауылдардың ішіндегі жаяу жолдар­да да қауіпті. Осы көктайғақтан талай адам мертігіп жатады. Міне, жолдар­ды сақтаушылар алдымен осыған қар­сы күресулері керек. Бүгінгі таңға де­йін 3 900 тонна көктайғаққа қарсы қол­да­ны­ла­тын материалдар үйілген екен. Бұл – құм, тұз араласқан үйінділер. Осылар қауіпті аймақтарда жолға себіледі. Тұз еріген қарды қатырмайды.

Солтүстік Қазақстан облысында қыс­қы жо­лдың тағы бір қаупі – қарлы борандар. Ашық далада ондай борандар кейбір жылдары тоқтап қалған маши­на­лар­дың үстінен де жүріп кетеді. Біздің облыста ондай учаскілер саны –549. Осы­лардың бәрін жолшы кәсіпо­рын­­дар ғана емес, жергілікті билік, патрульдік полиция мен ТЖ қызметтері бақылауға алады. «Мен барлық әкімдер ауылдар арасындағы жолдардың ашық болуын қатаң бақылауға алуы керек екенін ескертемін», деді облыс әкімі Құмар Ақса­қалов жол мәселесіне арналған оты­рыста.

Қызылжар қаласында барлығы 300 ша­қырымдай тас жол бар. Оларды сақ­тау­ға қажетті арнаулы техникалар саны биыл былтырғыға қарағанда 20%-ға арт­қан.

Мердігер кәсіпорындар кейде қар жи­на­ғанды сылтау қылып, буль­до­зер­лерін бас-көз жоқ жүргізіп, отырғызылған ағаштарды, газондар мен жол жиегіндегі бордюлерді де қиратып жатады. Қ.Ақса­қа­лов қала әкімі Б.Жұмабековті осы жағына да мұқият болуды ескертті.

Биыл солтүстікқазақстандық қоғам­дық белсенділер төселген жолдардың сапасын тексеруге арналған қоғамдық комиссия құрған болатын. Ол біршама пайдалы жұмыс істеп, кейбір сапасыз төселген асфальттарды қайта төсеткен. «Қысқы жолды сақтауға да осындай қо­ғам­дық бақылау керек сияқты. Көше­лер­дің қардан тазалануын бақылау бойынша халыққа көрсетіп отыратын карта жасалуы керек. Сонда халық коммуналдық қызметтердің жұмысын біліп отыратын болады», деді әкім.

Сонымен бірге Қ.Ақсақалов халыққа қанша текше метр қар шығарылғаны, қанша тонна құм себілгені туралы ақпараттар емес, көшенің қардан таза­лан­ғаны керек деді. Шынында ком­му­нал­дық қызметтің кейбір басшылары осындай көрсеткіштерді алға тартып, ақпарат беруге құмар. Мұндайдың еш­кімге де керегі жоқ. Халыққа керегі – нәтиже, яғни қардан тазаланған жол­дар мен көктайғаққа құлатпайтын ма­териалдардың себілгені.

Жиналыста қарды көктемге қал­дыр­май, қыс бойы тазалап тұру керектігі де шегеленіп айтылды. Әйтпесе, кейбір жылдары қар тазалаушылар көшеге қар­ды үйіп қойып, оны алысқа тасуды көк­темге қалдыратын.

Биыл қол күші мен техниканың артқанына қарап Солтүстікте қар мен боранның кесірінен жаманат болмас деген ойдамыз. Көшедегі көктайғақ та еңсерілуге тиіс.

 

Солтүстік Қазақстан облысы