Жуырда Үкімет қаулысы бойынша «Жамбыл темір жолы» бөлімшесіне қарасты «Луговая станциясы» «Түрксіб» стансасы болып өзгертілді. Бұл шешімді теміржолшылар кезінде аталған магистралды дамыту жолында еңбек еткен азаматтардың еңбегі мен станса тарихына құрмет деп бағалауда.
Осы күнге дейін «Луговая стансасы» аталып келген бекетке Түрксібтің 90 жылдығына орай «Түрксіб» атауы қайтарылып отыр. Осыдан тура 90 жыл бұрын Түрксіб бойынша өтпелі жұмысшылардың қозғалысы басталған. Жаңа салынған болат жол арқылы Алматы уездік қаласы республиканың әкімшілік және мәдени орталығына айналды. Сонымен қатар Жаңасемей, Чарск, Ақтоғай, Лепсі, Матай, Сарыөзек, Шу, Аягөз және Отар сияқты көптеген жаңа қалалар мен стансалар пайда болды.
Тарихи деректер бойынша 1927 жылы 21 қараша күні осы Луговая стансасында темір жолдың алғашқы рельстері салынған. Ал аталған станса 1930 жылы пайдалануға берілген. Осы жерде сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, көрнекті Алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың қатысуымен құрылыс алаңының ресми ашылуы өткен. Түрксібтің болат магистралі 1 500 шақырымға дейін созылған. Сол 1930 жылы Түрксіб рельстері қосылып, өтпелі қозғалыс үшін жол ашылды. Луговой стансасынан сол кездегі Жамбыл, Шу және Бішкек қалаларына пойыздар жүрді. Бұл күнде аты аңызға айналған магистраль сол кезде экономиканың дамуында маңызды рөл атқарып қана қоймай, үлкен аумақтың табиғи ресурстарын игеруге, өнеркәсіп және ауылшаруашылық әлеуетін іске асыруға да мүмкіндік алды. Қарапайым халықтың ерлігінің нәтижесінде дүниеге келген Түрксібті ел «Жаңа өмір жолы» деп атады. Кейін магистраль бойында қалалар мен жұмысшы поселкелері пайда болды. Сол кезеңде бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының аумағына қарайтын Луговой ауылы да құрылды.
Бүгінде Түрксіб стансасы тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да барлық елдерінің экономикасында маңызды орын алады. Тасымалды Қытайдан бастап, Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдері арқылы және Еуропаға дейінгі бірыңғай Жібек жолына біріктіретін орталыққа айналды. Луговой ауылдық округінің әкімі Мұрат Сыбановтың айтуынша, стансада бүгінде 10 385 адам тұрады. Темір жол салынғанда құрылған ауылдың тұрғындары да стансаның «Түрксіб» деп аталуын дұрыс көріп жатыр екен. Ал Түрксіб стансасының басшысы Тимур Қуанышұлы бұл жерден күн сайын 35 жолаушылар және жүк тасымалдаушы пойыз өтетінін айтты. Сондай-ақ аталған станса Қырғызстаннан 5 пойызды қабылдап алып, 5 пойызды жібереді екен.
Жамбыл облысы