• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 11 Қараша, 2020

Өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді

962 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

 

Экономиканы несиелендіру 3,5%-ға артты

Экономиканың жалпы жай-күйі туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов халықаралық қаржы ұйымдарының 2020 жылға арналған жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі 4,4%-дан 7,6%-ға, әлемдік сауда 7%-дан 10,6%-ға төмендегенін айтты. «Соған қарамастан биылғы 10 айда еліміздегі өндіруші емес секторларға салынған инвестициялар ұлғайды, нақты секторда өсім сақталды, қызметтер саласы тұрақтанды және экономиканы кредиттеу ұлғайды. 10 айдың қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 1,9%-ға өсті. Бұл ретте, қызметтер көлемі 6,1%-ға қысқарды. Соның салдарынан жедел деректер бойынша, ішкі жалпы өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ды құрады» деді Р.Дәленов.

Нақты сектор салаларының көбінде және жекелеген қызмет түрлерінде жақсы өсім бар. Ол – құрылыс, ақпарат пен байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салалары. Ал көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары, әкімшілік қызмет көрсету салаларында төмендеу байқалды. 10 айда кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 14,7%-ға өсті. «Инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысында 30% өсіммен – 1 472 млрд теңге, көлікке 8% өсіммен – 959 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібіне 11% өсіммен – 661 млрд теңге, оның ішінде азық-түлік өнімдеріне 20% өсіммен – 75 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 8% өсіммен – 413 млрд теңге тартылды» деп хабарлады министр.

Экономиканы кредиттеу жыл басын­дағы көрсеткішпен салыстырғанда 3,5%-ға ұлғайды. Кредиттердің ең көп өсімі байланыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс саласында байқалды. Шағын кәсіпкерлік субъек­тілерін кредиттеу 5,9%-ға ұлғайды. «9 айда сыртқы сауда айналымы 62,8 млрд долларды құрады. Экспорт – 35,3 млрд доллар, импорт – 27,5 млрд доллар деңгейінде қалыптасты. Осылайша, сау­да теңгерімінің оң сальдосы 7,8 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етілді» деді Р.Дәленов.

Өңірлердің көбінде өнеркәсіптің өскені байқалады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,2%-ға өсті. Негізгі капиталға 9,4 трлн теңге инвестиция тартылып, 13 өңірде өсім болды. Құрылыс секторы серпінді дамып, орындалған жұмыстардың көлемі 10,7%-ға өсті.

Министр іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, бизнесті жүргізу үшін, әсіресе шектеу шаралары әсер еткен салаларда рәсімдер мен шарттарды барынша жеңілдету, іскерлік белсенділікті қолдау үшін әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтардың бизнес сұраныстарына жедел ден қою, экономиканы екінші деңгейлі банктер кредиттеуі кезінде биз­нестің мемлекеттік қолдау шара­ларын пайдалануын жандандыру, жер­гілікті атқарушы органдардың сапалы инвестиция тартуы бойынша проактивті және мақсатты жұмыс жасау, тұтыну тауарларының бағаларын ерекше бақылау және тұрақтандыру қор­лары­ның тетіктерін пайдалану арқылы мау­сымдық ауытқуларға жол бермеу қажет­тігін атап көрсетті.

 

Депозиттер бір айда 3,3%-ға ұлғайды

Банк саласының жай-күйі туралы баяндаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев әлемде коронавирус жұқтыру жағдайларының күрт көбейгені және АҚШ-тағы президент сайлауы аясында ағымдағы жылы қазанда әлемдік қор нарықтарында белгісіздік пен құбы­лу артқанын айтты.

«Франция мен Германияда локдаун енгізуді талқылау аясында қазанның соңында тауар нарықтарында төмендеу байқалды. Жалпы алғанда, Еуропаға мұ­найды әлемдік тұтынудың 20%-ы тиесі­лі. Егер Франция мен Германияға бас­қа Еуропа елдері қосылса, қараша мен жел­тоқсанда мұнайды өндіру сұра­ныстан асып кетуі мүмкін. Бұл ОПЕК-ке қысым болады, сөйтіп 2021 жылғы қаңтардан бастап өндіруді ұлғайту жоспары қайта қаралуы мүмкін» деді Е. Досаев.

Биыл қазан айында еліміздегі жыл­дық инфляция 7,1%-ға жетті, бір ай бұ­рын 7% болған еді. Сыртқы және ішкі на­рықтардағы белгісіздік аясында ағым­дағы жылғы қазанда базалық став­ка 9 % деңгейінде сақталды. Сырт­қы сектордағы белгісіздік пен құбыл­ма­лықтың өсуі тәуекелді активтер мен да­мушы елдердің валюталарына қы­сым түсірді. Қайтадан карантин шара­ларын енгізу ықтималдығының өсуі салдарынан қазанның соңына қарай мұнайдың бір баррелі 37,5 долларға де­йін едәуір төмендеген еді. Pfizer және BioNTech компанияларынан вакци­наның сәтті сынақтан өткізілгені туралы оң жаңалықтың аясында мұнай бағасы бір күнде 7,5%-ға ұлғайып бір баррелі 42,4 долларға қымбаттады.

Е.Досаев атап өткендей, биыл қазан­­да дамушы елдердің валюталары АҚШ пен бірқатар Еуропа елдерін­де коронавирустың қайталану қаупі күшеюіне байланысты әлсіреуді жалғас­тырды. Мысалы түрік лирасы бір айда 8%-ға, Ресей рублі – 2,2%-ға, Бразилия реалы – 2,3%-ға әлсіреді. Ағымдағы жылғы 9 қарашада биржадағы сауда-саттық қоры­тындылары бойынша теңгенің айыр­бас бағамы ай басынан бері 0,3%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 431,17 теңге болды.

Алдын ала деректер бойынша қазанда Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері көбінесе мемлекеттік борышты төлеу және интервенция жүргізу есебінен 33,6 млрд долларға дейін төмендеді. Ағымдағы жылғы қазанның соңында Қазақстанның халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша бір айда 1,3%-ға азайып, 89,9 млрд долларды құрады. Ал банк жүйесіндегі депозиттер бір айда 3,3%-ға ұлғайып, қыркүйектің соңында 21,4 трлн теңге болды. Теңгедегі салымдар қыркүйекте 12,6 трлн теңгеге дейін, яғни 2,2%-ға, валюталық салымдар 5,1%-ға өсті.

Бизнестің кредиттік портфелі қыркүйекте 7,3 трлн теңгеге дейін – 0,2%-ға ұлғайды. Қыркүйекте халықтың кредиттері 7 трлн теңгеге – 2%-ға өсті. Оның құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге жетіп, 1,3%-ға ұлғайды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,1 трлн теңгеге өсіп, 3,6%-ға артты.

Қазақстан экономикасын қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 қарашадағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден 872,7 млрд теңгеге 1 277 өтінім қабылданды, оның ішінде банк­тер жалпы сомасы 447,6 млрд теңгені құрайтын 487 өтінімді мақұлдады, 427,9 млрд теңге сомасына 691 қарыз берілді.

Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдік­пен несиелендіру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 қарашаға дейін кәсіпкерлер 567,3 млрд теңге сомасына 2 291 өтінім берді, 444,8 млрд теңгеге 4 292 өтінім, оның ішінде 91 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 5 қарашада 295,3 млрд теңгеге 25 186 өтінім мақұлданды, оның ішінде 232,1 млрд теңге сомасына 19 891 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 5 қарашада 404,5 млрд теңге сомасына 45 866 өтінім мақұлданды, 320,6 млрд теңгеге 37 176 қарыз берілді.

 

Бюджетке 6,8 трлн теңге кіріс түсті

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6,8 трлн теңге кіріс кіріп, жоспар 94,7%-ға орындалғанын айтты. Соның ішінде республикалық бюджетке 4 трлн 264 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 86,5%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 667 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмаған сомалар қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі.

Министр атап өткендей, жергілікті бюджеттердің кірісі 113% болып, 2 трлн 490 млрд теңгені құрады. Жоспар 286 млрд теңгеге асыра орындалды.

Министр шығыстар туралы айтты. «Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыс­тары 99,7%-ға, жергілікті бюджет­тердің шығыстары 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн 284 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,4 трлн теңгені құрады» деді Е.Жамаубаев.

 

94 мыңнан аса баспана берілді

Өңдеу өнеркәсібі, көлік және құрылыс салаларын дамыту туралы мәселеге қатыс­ты баяндама жасаған Индуст­рия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов бүгінгі таңда экономиканың өсімі баяуласа да, өңдеу өнеркәсібі өсім­нің негізгі драйвері болып отырғанын атап өтті. 2020 жылдың 10 айының қоры­тын­­дысында өңдеу өнеркәсібіндегі өнді­ріс 3,2%-ға өсті. Министрдің айтуынша, өң­деу­ші саланың барлық секторында оң дина­мика байқалады. Машина жасау сала­сын­да 10 айда автокөлік құралдары, трейл­ер­лер және жартылай тіркемелер 53,6 %, өзге көлік құралдарын жасау 87,1%, электр жабдықтарын жасау 3%, ма­­ши­­налар мен жабдықтар өндірісі 4,3% өсті.

Түсті металлургияда өндіріс көлемі 1,9%-ға артты. Қара металлургияда өсім 0,3% болды. Б.Атамқұлов атап өткендей, жаңа жағдайға бейімделіп, жаңа өндірістерді жолға қою арқылы өндіріс қуатын арттыру фармацевтика өнеркәсібінде 39,7% өсуге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 16,4%-ға артты, ол тоқыма бұйымдары өндірісінің – 4,4%, киімнің –1,4%, былғары өнімдердің – 160,3%-ға ұлғаюы есебінен болды. Қағаз және қағаз өнімдерінде өндіріс көлемінің өсімі 15%-ды құрады.

Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың 10 айында 82,7%-ды құрады. Контейнерлердің транзиттік тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,4%-ға артты. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 3,2 млрд тоннаны құрады.

2020 жылдың қазан айында тасымал­данған жолаушылар саны қыркүйек айымен салыстырғанда 15,5%-ға өсті. Әуе тасымалы арқылы жолаушылар тасымалдау 1,6%-ға артып, 621 мың адамды құрады. Қытай-Еуропа-Қытай бағытында контейнерлік тасымалдар 10%-ға немесе 5,1 жиырма фунттық баламаға артып, 55,9 жиырма фунттық баламаға жетті.

Жүк тасымалы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, қазан айында жүк тасы­малының жалпы көлемі 2020 жылғы қыр­күйекпен салыстырғанда 3,4%-ға өсті.

Б.Атамқұлов биылғы он айдың қоры­тындысы бойынша, елімізде 94 мыңнан аса баспана пайдалануға бергенін айтты.

Ауыл шаруашылығын дамыту туралы баяндаған сала министрі Сапархан Омаров ағымдағы жылғы 10 айдың қоры­тындысы бойынша жалпы ауыл шаруа­шылығындағы өнім көлемі 5,2%-ға ұлғайып, 5,4 трлн теңгені құрағанын айтты. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруа­шылығындағы өндіріс көлемінің 7,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. «Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі осы кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт өндіру көлемі 3,1%-ға ұлғайды» деді С.Омаров.

 

Нақты секторда өсім бар

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, 2020 жылдың он айының қоры­тын­дысы бойынша экономиканың нақты секторында өсім қарқыны артты. Өңдеу өнеркәсібінде 3,2%-ға, оның ішінде азық-түлік өндірісінде 3,4%-ға, фармацевтикада 39,7%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінде 19,5%, машина жасауда 16,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 53,6%, сондай-ақ қағаз өндірісінде 15%, жеңіл өнеркәсіпте 16,4% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 10,7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,7%-ға немесе шамамен 10,7 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,2% тұрақты өсім қамтамасыз етілді.

Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қазанда 91,1 млрд долларды құрады. Темір кенін және өзге де пайдалы қазбаларды өн­діру секілді тау-кен секторының маңыз­ды бағыттары бойынша оң динамика сақ­талды. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауға орай мұнай өндірудің төмендеуі (-4,3%) байқалады.

Карантиндік шаралар мен оның кү­шейтілуі қызмет көрсету саласына кері әсер етуде. Соған қарамастан бұл сектор көр­сет­кіштері де біртіндеп тұрақтанып келеді.

Ақмола, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүс­тік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы негізгі 8 көрсеткіштің 5-і бойын­ша әлеуметтік-экономикалық даму өсі­мін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойын­ша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қараған­ды об­лыс­тарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында оң динамикаға қол жеткізілді.

Үкімет басшысы өңірлердің әкім­дері­не әлеуметтік-экономикалық даму­дың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін, сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы алға қойған міндет­терді тиімді іске асыру үшін барлық шаралар­ды қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр республикалық бюджет­тің кіріс бөлігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеруі қажеттігіне назар аударды.