Қазан айында Қазақстаннан 860 мың тоннадан астам астық пен ұн экспортталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның деректері бойынша Қазақстан шетелге 862 мың тоннаға жуық астық пен ұн сатты. Оның ішінде 617 мың тонна бидай, 164 мың тонна бидай ұны (235 мың тонна астық эквивалентінде) және 9,7 мың тонна арпа экспортқа шығарылды.
Бидай мен ұнның басым бөлігін Өзбекстан (327,6 мың тонна), Ауғанстан (230,3 мың тонна) және Тәжікстан (150,5 мың тонна) сатып алды. Арпаның барлығы дәстүрлі нарық саналатын Иранға сатылды.
Осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2020 жылы Қазақстанның диқандары жоғары сапалы дәнді дақыл алғанын айтқан еді. Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздің астық пен ұн сату мәселелеріндегі экспорттық стратегиясы коронавирус пандемиясына қарамастан өзгерістерге ұшырамайтынын мәлімдеген-ді.
27 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, өңделген өнім экспортының көлемін ұлғайтуды және отандық шаруалар үшін жаңа нарықтар ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізуді тапсырғанын айта кетейік.