«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына коронавирус пандемиясынан кейінгі кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстар жөніндегі екі мақаланы ұсынып отырмыз. Еуропалық инвестиция банкінің президенті Вернер Хойер бүгінгі жарияланымында қарт құрлықтың қазіргі таңдағы әлемдік аренадағы жағдайына тоқталады. Оның пайымдауынша, Еуропалық одақ көшбасшыға айналуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Брюссельдегі саясаткерлер қаржыландыру мәселесіне баса назар аударғаны жөн.
Африка даму банкінің бастамасымен құрылған Africa 50 инвестициялық алаңының директоры Элейн Эбобиссе пост-пандемия кезеңінде қара құрлықты тығырықтан шығаратын жол ретінде активтерді жекешелендіруді ұсынады. Автордың сөзіне сүйенсек, Африка елдерінің басшылары цифрландыруды белсенді жүргізіп, жекешелендіру мәселесіне ерекше ден қойғаны жөн.
ЛЮКСЕМБУРГ – Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ұлтшылдық идеясы белең алып келе жатқан уақытта Еуропа өз алдына одан да маңызды мәселелерді қоюға тиіс. Сауданы жолға қойып, адам құқығын қорғауды насихаттаудан бастап індет пен климат өзгерісінің кері әсерін жеңілдетуге дейінгі түйткілдерді қамтып, Еуропа жаһандық көшбасшыға айналуы керек. Мұндайда Еуропалық одақтың негізгі темірқазығы саналатын көпжақтылық негізге алынғаны жөн.
Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі отырысында айтып өткендей, «Еуропа жаңа шешімдер қалыптастыруға белсене араласқаны абзал. Өйткені біз жаппай күштілердің билеуін айыптағанымыз жоқ. Бұл өз кезегінде жаппай әлсіздігімізге әкеліп соқты».
Әлеуетті жаһандық рөл Еуропалық одақтың даму жөніндегі бағытын мүлтіксіз келісуді қажет етеді. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сай, COVID-19 дағдарысы дамудың жаһандық жоспарын күл-талқан етіп, қосымша 100 млн адамды кедейлік шегіне жеткізуі мүмкін. Сол себепті даму туралы Еуропаның зор даусы моральды тұрғыда керек.
Мұндай ұстаным Еуропаның өз мүддесі үшін де қажет. Дамушы елдер пандемияның денсаулық пен экономикаға тигізген салдарымен күресіп жатқанда, ондағы қауіпсіздікке қатысты қауіп-қатерлері мен түйткілдерінің ешқайсысы бәсеңдеген жоқ. Қазірдің өзінде Сахел мен Ирак секілді қауіпті не қақтығысқа толы аймақтарда зорлық-зомбылықтың артып келе жатқаны туралы мәлімет бар.
Климат өзгеруінің дамушы елдерге тигізген жойқын әсері де Еуропаның халықаралық рөлін күшейтуді талап етеді. Жаһандық жылынуға қатысты тек еуропалықтардың әрекеті ештеңе шешпейтінін жақсы білеміз. Оған қоса, Еуропаның көміртегі газын шығару көлемі Азияның деңгейінің үштен бірін ғана құрайды. Климат өзгеруінің әсерін болдырмас үшін біз өз шекарамыздан шығып, басқалардан сабақ алып, тәжірибемізбен бөлісіп, шартараптағы «жасыл» энергетика инвесторларымен ынтымақтасуымыз қажет. Біртұтас климаттық стратегия тиімді Еуропалық даму стратегиясының негізгі құралы болуға тиіс.
Бұл Еуропаның даму жөнінде тереңірек ойланып, ЕО-ның дамуды қаржыландырудағы төрт бағытының шеңберінен шығуын талап етеді. Одақ Дүниежүзілік банк сияқты жаһандық ұйымдарға, сондай-ақ Африка Даму банкі және Еуропалық Қайта құру және даму банкі сияқты аймақтық бағыттағы ұйымдарға қатысады. Бұдан бөлек, Еуропалық инвестициялық банк (EIB) арқылы дамуды екіжақты, Agence Française de Développement секілді институттар арқылы ұлттық бағытта қаржыландырады.
Еуропа төрт бағытты жалғастыра беруі керек. Бірақ ұлттық мүдделер алшақтаған әлемде ЕО басымдықтары мен құндылықтарын халықаралық деңгейде ілгерілету үшін өзінің стратегиялық автономиясын күшейткені жөн. Климаттың өзгеруі, адам құқығы, дүниежүзілік құндылықтар тізбегінің өзгеруі, көші-қон сияқты стратегиялық маңызды мәселелерде АҚШ, Қытай не Ресейдің әрекетін күтіп отыра алмаймыз. Оның үстіне, Еуропалық одақтағы жекелеген елдердің біржақты әрекеттері Еуропа үшін жеткіліксіз, тиімсіз және тіпті нәтижесіз.
ЕО басқа әлемдік державалар секілді даусын анық аңғартқаны жөн. Қытай Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құрып қана қоймай, сонымен қатар Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы Қытай Даму банкінің екіжақты даму институтының ресурстары мен міндеттемелерін ұлғайтты. Алаңдататыны, Қытай жанар-жағармай өндірісіне инвестиция салуға ішкі нарықта шектеу қойса да, шетелде көмір және газ жобаларын инвестициялық қаржыландыруға ұмтылысы анық аңғарылады. Осылайша, әлемнің таза технологиясын ұсынатын компаниялары бас тартқан нарыққа қытайлық фирмалар белсене араласып отыр.
Осы орайда, президент Дональд Трамптың басшылығымен «Әуелі Америка» саясатын ұстанған АҚШ тарапы түрлі институттарды елдің екіжақты даму әрекетін күшейту үшін АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының құрамына біріктірді. Егер Еуропалық одақ жағдайды теңестіргісі келсе, сондай-ақ 2015 жылғы Париж климаттық келісімі мен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының жаһандық күн тәртібінен ауытқып кетуіне жол бермеуді көздесе, дамуды қаржыландыру қызметін күшейтуге тиіс.
Көпшілік ЕО даму банкін құруды ұйымның жаһандық рөлін күшейту үшін қажетті әрі дұрыс қадам деп есептейді. Ұйымға мүше мемлекеттер осындай ұстаныммен EIB шатырының астына жиналатын, осылайша бірге салған активті пайдаланатын уақыт жетті.
Еуропалық одақтың даму банкі жедел, маңызды және ресурстарға тиімді әсері бар. Қаржы министрліктерінің жалпы қадағалауын қамтамасыз етіп, ұйымның ұлттық даму министрлеріне тізгін тапсырылады. Жаңа институт осыған дейін жетіспей келген үйлестірілген, ашық және қаржыландырудың еуропалық тәсілін жүргізуге мүмкіндік береді. Оған қоса, Еуропалық Комиссия мен Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің әлеуетті басқаруы банктің стратегиясына, сондай-ақ жекелеген жобалардың әу бастан-ақ ЕО-ның даму саясатының мақсаттарына сәйкес келетініне кепілдік береді.
Бұл жаңа институт Еуропаның жаһандық және аймақтық банктермен көпжақты қатынасын алмастыра алмайды. Сонымен қатар ұлттық даму институттарының қуатты және сан түрлі нақты бағытын әлсіретпейді. Керісінше, бұл қадам мүше мемлекеттерге түйткілді елдердегі қоғамның тұрақтылығын қолдау және климат өзгерісіне қарсы әрекеті секілді жаһандық және аймақтық деңгейде жеткілікті дәрежеде талқыланбайтын ортақ мәселелерге қатысты Еуропалық одақтың еркін пікір білдіруіне жағдай жасайды.
Қазіргі Еуропалық даму жұмысының мүмкіндігін толық пайдалану үшін бүкіл ұлттық даму банктері мен агенттіктері ЕО-ның жаңа даму банкіне қатысуға құқылы. Ондай болмаған жағдайда, дербестігін, ұлттық мандаттарын және ЕО қаржыландыруына қол жеткізуі екіталай. Бұл дамудың қаржыландыру қызметін ЕО мен ұлттық деңгейде байланыстыруға және міндеттердің айқын бөлінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еуропалық одақ Даму банкі мен ұлттық даму институттары бірлесіп қаржыландыратын шаралар одақтың қатерлерді бөлісу мандаттарын жеделдетілген бекіту процедурасына айналдыруы мүмкін (бүгінде ЕО-ның кей мандаттары осындай). Бұл қосымша қаражатты қажет етпестен оны бөлуге қатысатын бюрократияны (және уақытты) қысқартып, әсері едәуір артады.
ЕО дамудың жаңа бағытын белгілеп, Еуропаның әлемде маңызды рөлі бар екенін аңғартуы тиіс. Тарихымыз, ұстанымдарымыз бен өршілдігімізге керегі тек осы.
Вернер ХОЙЕР,
Еуропалық инвестиция банкінің президент
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org