• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Қараша, 2020

Алтын Орда дәуірінің алтын шапаны

819 рет
көрсетілді

Жуықта Моңғол елінің ақпарат құралдарында Алтын орда дәуіріне тән әйел адамның алтын шапаны Christie бәссауда нарығында 483 032 доллар АҚШ ақшасына сатылғаны жайлы хабар тарады.

Бұл жәдігер ХІV ғасырдан бері қайда сақталды, қалай табылды? Ол туралы ашық мәлімет жоқ. Аталмыш елде көшпенділердің ұлттық мұрасын насихаттаумен айналысатын халық­аралық дәрежеде беделі биік «Нам­наа» атты академия бар екен. Ша­панды өңдеп-жөндеп, бұрынғы қал­пына келтіріп сатқан осы ұйым.

Бұл Академия ерте дәуірдегі жа­уы­нгерлік өнерді жаңғыртумен айналысатын көрінеді. Әсіресе шауып келе жатып ат үстінде садақ атуды кәсібилендеріп ЮНЕСКО көлемінде танытумен шұғылдануда.

Сонымен қатар ерте дәуір, орта ғасырда көшпенділер пайдаланған садақ  һәм жебе түрлері, қорамсақ, сауыт, ер-тұрман, киім-кешек сияқты жауынгерлік мәні бар құралдарды жасап, саудалаумен де айналысады һәм көне дәуір жәдігерлерін де жинайтын көрінеді.

Жоғарыдағы шапан бұлардың қолына қалай түсіп жүр ол жағы белгісіз. Бірақ жәдігер басқа емес тек Алтын Ордаға тән екені оншақты жыл жүргізілген ғылыми сараптама негізінде толық дәлелденіпті. Соған қарағанда, шапан Моңғолияға Ресей немесе Орта Азия елдерінің бірінен барды ма деген болжам шындыққа жақын.

«Namnaa.com» сайтында жа­рия­лан­ған дерекке қарағанда, жәді­гер аса берік, өте қымбат, бедерлі сары түсті жібек торғыннан жасалған. Сол себепті жеті ғасыр бойы бүлінбей бү­гінге жеткен. Қолтығының үстіңгі жағында  киген адам қолын сыртқа шығаратын арнайы тесігі бар. Этно­графтар бұл тесікті садақ атуға ыңғайлы болу үшін жасап қойған жырық дейді. Шапанның жағасы мен көкірек қаусырмасы әдемі қоңырқай түсті матамен қос қатар жиектеліп, алтын жіппен тігілген екен.