• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2010

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

810 рет
көрсетілді

Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында оқушылардың жұқпалы және паразитарлық аурулары, мектептердің материалдық-техни­калық негізін жақсарту, оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, т.б. мәсе­лелерге қатысты дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының, Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының жетекші ғалымдары, Алматы қалалық денсаулық сақтау және білім басқармаларының, ДСМ мемлекеттік комитеті санитар­лық-эпиде­мио­логиялық қадағалау департаментінің мамандары қатысып, оқушылардың денсау­лығын жақсарту, жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында пікір алмасты. Бүгінде республикада 7590 жал­пы білім беру мекемесі болса, олар­да 2 495 898 оқушы оқиды. Соң­ғы жылдары мектептердің ма­териал­дық-техникалық базасы бір­тіндеп жақ­сарып келеді. Тек был­тырдың өзінде еліміз бойынша 82 мектеп пайдалануға берілсе, “Жол картасы” бойынша мыңнан аса білім оша­ғына күрделі жөндеу жүр­гізілген. Соған байланысты типтік ғимарат­тарда орналасқан мектептер саны 57 пайыздан 64-ке, оқушы­лар­ды ыстық тамақпен қамту көр­сет­кіші 57-ден 65 пайызға артқан. Солай десек те бір­қатар облыстарда мектептерді орталық­тандырылған сумен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселелері жете шешіл­ген жоқ. Сыныптағы оқушылар­­дың тығыз­дығы да нормадан артық. Бұл өзек­ті мәселе, әрине, оқушылар­дың жұқпалы және паразитарлық ауру­лармен ауруына өз әсерін тигізуде. Әсіресе, эпид­маусым ағымында оқу­­шы­лар ара­сында ЖРВИ және тұмау­мен сыр­қаттанушылардың үлес салмағы рес­публикадағы барл­ық сыр­қат­тану­шылықтың 65 пайызын құрай­ды. Республикалық санэпидстанса директорының орынбасары Вита­лий Шеяновтың баяндауынша, жалпы білім беретін мекемелердегі орталық­тан­дырылған сумен қамту, канализа­ция мен жылу жүйесі бұрын­ғыдай өзекті мәселе болып қалып отыр. Мә­се­лен, еліміздегі барлық мектептер орталықтан­ды­рыл­ған сумен 50 пайыз ғана қамтылса, 24 пайызы суды тасып қолдануда. Орталықтандырылған кана­лизация 25, ал орталықтан­ды­рыл­ған жылу жүйесі тек 20 пайы­зында ғана бар. Бүгінде жаса­лып жатқан шара­ларға қарамастан, 98 мектеп ғимараты қауіпті жағ­дайда. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облы­сында 45, Шы­ғыс Қа­зақ­стан облы­сында 20 мек­теп сын көтер­мейді. – Бүгінде паразитарлық ауру­лар­дың өзектілігі сонша, адам бойын­дағы барлық аурулардың ішінде оның ағзаға зияндығы төртінші орында десек, бұл кесел Қазақ­стандағы бар­лық жұқпалы аурулар­дың көшін бастап отыр. Жыл сайын 30 мыңнан астам адам осы аурумен тіркелетін болса, олардың 80 пайызы балалар, – дейді Виталий Николаевич. Дөңгелек үстел барысында Қазақ тамақтану академиясының ғалым­дары да оқушылардың тамақ­тануына қатысты өз ойларын біл­дірді. Қазақ тамақтану академия­сының лабора­тория меңгерушісі, медицина ғылы­мы­ның докторы, профессор Мұса Айтжанов жалпы алғанда жылдан жылға оқушы­лардың тамақтануы жақсарып келе жатқанына, Үкімет тарапынан қаражат қарастырылып, әсіресе, бастауыш сыныптағы бала­лардың тегін тамақтануына үлкен көңіл бөлініп отырғанына тоқтала келіп, осы ретте Қазақ тамақтану ака­демиясы төрт апталық ас мәзірін дайындап, оны Алматы қаласында ендіріп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ Елба­сының тапсыр­масы­мен Алматының маңында сүт тағамдарын дайындайтын үлкен зауыт салынып жатқанын, оның өнімдері Алматы қаласы мен облы­сын қамтамасыз ететінін, дәл сон­дай өндіріс орны Астанада салынатынын жеткізді. Бүгінде балалардың денсау­лығы соншалықты жақсы деп айта алмаймыз, – деді өз сөзінде ғалым. – Неге десе­ңіз, балалардың 5 пайы­зының бойы, 5 пайызының салмағы стандарт­тан төмен. Ал 10 пайызының артық сал­мағы бар. Бұл жақсы емес. Республика бо­йын­ша мектептерде тамақтану мәселесі дұрыс шешімін таппаған. Соның салдарынан темір тапшы­лығы – анемия жиі кездеседі. Көк­темгі кезде өте жиі кездесетін витамин жетіс­пеушілігінен түрлі аурулар асқынуда. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.