Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 18-турында тек төрт кездесу өтті. Бұл турда бір ойынға демалған «Каспий» командасына наурыз айында бір-бірімен матч өткізген «Астана» мен «Ордабасы» клубтары қосылды. Ал мерзімінен бұрын ел чемпионы атанып қойған «Қайрат» пен күміс жүлдеге үмітті «Тобыл» ұжымдары кезекті ойындарына қатысып, қажетті ұпайларына қол жеткізді.
Алматылық команда ел біріншілігінде миссиясын орындап қойған соң, бас бапкер Алексей Шпилевский қалған ойындарда алаңға қарсыластарға ұпай сыйлау үшін емес, мейілінше барлық ойында жеңіске жету үшін шығамыз деген болатын. Десе де «Қайрат» бұл турда «Қайсармен» күш сынасып, тегеурінді қарсылыққа тап болды. Негізгі құрамның бірқатар ойыншысына демалыс беріп, жасыл алаңға қосалқы құрамдағы футболшыларын шығарған алматылық ұжым қорғаушы Сергей Кейлер мен жартылай қорғаушы Конрад Вржещиньскийдің соққан голдарының арқасында кездесудің 70-минутына дейін 2:0 есебімен алда тұрған-ды. Ойынның 70-минутында «Қайсардың» сұрмергені Элгуджа Лобжанидзе гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. 89-минутта Иван Граф мергендігімен көзге түсіп, командасына бір ұпай сыйлады. Кейінгі үш ойында жеңіліс тапқан «Қайсар» ұзақ күттірген бір ұпайына қол жеткізді. Ал негізгі құрамның футболшыларынсыз, ең бастысы, Вагнер Лавсыз ойнаған чемпиондар қолда тұрған 3 ұпайынан айырылып қалды. «Қайраттың» турнир кестесінде 45 ұпаймен бірінші орында қалғаны айтпаса да түсінікті шығар. Ал «Қайсар» 21 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.
«Тараз» бен «Шахтер» командалары арасында өткен ойынның үшінші минутында «Тараз» шабуылшысы Серж Ньюадзи өз айып алаңында қолмен ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылғаннан кейін және «кеншілер» командасының шабуылшысы Арсен Хубулов 11 метрлік айып добын сәтті орындаған соң бұл бәсекеде қай клубтың жеңіске жететіні белгілі болды. Бірінші таймның 28-минутында дәл осы Хубулов дубль авторы атанды. Ал ұлттық құрамаға шақырту алған «Тараз» қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен 40-минутта өз қақпасына гол соғып алды.
Екінші таймда үш гол және бір ойыншы басымдығымен алда болған «Шахтер» біраз еркінси бастады. Соның салдарынан 73-минутта «Тараз» клубының қосалқы құрамынан алаңға шыққан Абылайхан Жұмабек көзге түссе, араға бір минут салып Тони Сильва өз командасының екінші голын соқты. Матч соңына дейін «Тараз» клубының гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болғанымен, тиімді пайдалана алмады. Қорытынды есеп – 4:2. Бұл осы турдағы ең нәтижелі ойын болды. «Шахтер» осы жеңістің арқасында 23 ұпаймен 5-орынға көтерілді. «Тараз» 17 ұпаймен 8-орында тұр.
Күміс жүлдеден үміткер клубтың бірі – Қостанайдың «Тобылы» бұл турда турнир кестесінде төменгі орындарға жайғасқан Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесіп, тартысты өткен ойында 1:0 есебімен басым түсті. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды қорғаушы Темірлан Ерланов соқты. «Тобыл» аутсайдер команданы бір доп айырмашылығымен әрең жеңсе де, бастысы, маңызды үш ұпайына қол жеткізді. Сөйтіп турнир кестесінде екінші орынға көтеріліп, үшінші орында тұрған «Астанадан» бес ұпайға озып кетті. Бірақ елордалықтардың бір ойыны кем. Осылайша чемпионаттағы екінші орын үшін тартыс күшейе түсті. 16 ұпайы бар «Қызылжар» 9-орынға жайғасты.
Турдың соңғы ойынында «Оқжетпес» клубы Талдықорғанның «Жетісу» командасынан жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын одан әрі нашарлатып алды. 11 ұпаймен 11-орында келе жатқан көкшетаулықтардың бір саты жоғарылауына оңтайлы сәт туған еді. Алайда 10-орында тұрған «Каспийдің» бұл турдағы демалысын сәтті пайдалана алмай, қауіпті аймақта қалып қойды. Кездесудегі жалғыз әрі жеңіс голын ойынның 21-минутында «Жетісу» ойыншысы Ненад Адамович соқты. Үш ұпай еншілеген «Жетісу» турнир кестесінде 22 ұпаймен 6-орынға көтерілді.
Чемпионатта бақ сынап жатқан командалар қысқа мерзімді үзіліске шықты. Өйткені осы аптада ұлттық құрамалар «Ұлттар лигасы» аясындағы соңғы тур ойындарын өткізеді. С дивизионында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы 15 қарашада сырт алаңда Албаниямен, 18 қарашада Алматының Орталық стадионында Литва футболшыларымен кездеседі. Албания құрамасымен өтетін ойынға дейін жерлестеріміз бүгін Подгорицада Черногориямен жолдастық матч өткізеді.
Сонымен қатар ішкі біріншіліктің 18-тур ойындарынан кейін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы чемпионаттағы соңғы төрт турының күнтізбесін жариялады. Лига әкімшілігі турнирге қатысушы командалардың қолдауымен 4 турдың ойындарын 10 күн ішінде өткізуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ойындар кестесінің тығыздығына байланысты енді командалар турдың барлық кездесуін бір күнде, кей кездері бір уақытта өткізуге мәжбүр. Кездесулердің бір бөлігі QAZSPORT телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілсе, екінші бөлігін телеарнаның qazsporttv.kz ресми сайтында тікелей эфирде көрсету жоспарланған.