19-26 қараша аралығында Алматыда күрес түрлерінен кезекті Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Грек-рим күресінен ұлттық құрама бас бапкері Бақтияр Байсейітовтің айтуынша, ел біріншілігіне құрамадағы үздік спортшылардың барлығы қатысады.
Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына берген сұхбатында бас бапкер әлем біріншілігіне қатысуға рұқсат берілген жағдайда ұлттық құраманың бұл сынға тас-түйін дайын екенін айтқан. «Қазіргі таңда ұлттық құрама мүшелері Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Ел біріншілігіне ұлттық құрама сапындағы барлық спортшы қатысады. Атап айтқанда, өз салмақ дәрежесінде халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген үздік балуандардың барлығы Алматы бозкілеміне шығады. Қазақстан чемпионаты – алдағы маусымға ұлттық құраманы жасақтауға таптырмас дода», дейді Б.Байсейітов.