Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына Жұмағали Мағзиев жетекшілік ете бастағалы бұл саладағы жұмыстың тамырына қан жүгірді. Кезінде басқарушылық қызметтерде болып, бай тәжірибе жинақтаған білікті маман басты мақсат тұрғындардың еліміздегі жетекші партияға деген сенімділігін арттыру деп есептейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Таяуда Nur Otan партиясы жергілікті филиалының ғимаратында өткен отырыста "Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаржысын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы" мәселе қаралды.
Аталған жиынның жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова қатысып отырды. Бірқатар облыстық басқармалардың басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және кент әкімдері онлайн-режімде байланыста болды.
Отырыс барысында Қарағанды қаласындағы Пограничная көшесінде тұратын азаматтардың шағымы бойынша көтерілген мәселе қаралды. Аталмыш көшеде тұратын 16 отбасы жиырма жылдан бері ауыз суға зәру болып келеді екен. Яғни, тұрғындар суды жеті-сегіз шақырымнан тасып ішетін көрінеді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Октябрь ауданының әкімдігіне аталған көшенің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құбыр тарту бойынша мәселені қысқа уақыттың ішінде шешу туралы ұсыным берілді.
Сонымен қатар, жиында Октябрь ауданында орналасқан Шахтерский кентіндегі күрделі мәселе – жылумен қамтамасыз ету орталығының жоқтығы сөз болды. Бұл елді мекеннің тұрғындары 20 жылдан бері үйлерін ел ішінде "буржуйка" аталып кеткен темір пешпен жылытады екен. Партиялық бақылау комиссиясының жұмысына қатысқан Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновке аталған кенттегі жылу жүйесінің құрылысын қаржыландыруды қарастыруға өтінім беруді жеделдету жөнінде ұсыным берілді.
Отырыстың соңында Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмағали Мағзиев күн тәртібі бойынша көтерілген мәселелердің ерекше бақылауда болатынын айтты.
Қарағанды облысы