Мұны Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов көлденең тартты
«Қазмедиа орталығының» кезекті қонағы Мәжіліс депутаты Асхат БЕКЕНОВ болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне байланысты өзінің ойын білдірді.
Мұны Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов көлденең тартты
«Қазмедиа орталығының» кезекті қонағы Мәжіліс депутаты Асхат БЕКЕНОВ болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне байланысты өзінің ойын білдірді.
Елбасының нақты сын-ескертпелерінен кейін мемлекеттік органдар өз жұмысын қайта қарап, жітілікпен жүргізуге тырысуда деп ойлаймын, деп бастады ол өзінің сөзін. Сондықтан да мұндай сындардың пайдасы өте зор. Одан әрі депутат жергілікті билік органдарының бағдарламаларды іске асыра алмау себептеріне тоқталды. Мен нақты бағдарламаларға бөлінген қаражаттарды игермей, белгіленген жұмыстарды іске асыра алмай жату – орталықтағы және жергілікті деңгейдегі шенеуніктердің елдегі нақты жағдайды білмеуінен, мүмкін, тіпті, білгісі де келмегенінен, тек жеке бастарының ғана мүддесін көздеп, сыбайлас жемқорлыққа әбден құнығып кеткенінен деп санаймын. Басқаша түсіндіру қиын, деді депутат.
Мәселен, ауылды жерлерді дамыту бағдарламасы бүгінгі күні 30 пайызға ғана іске асуда. Қабылданған бағдарламаны іске асырмақ түгілі, Өңірлік даму министрлігі терең сарап жүргізілмеген, екшелмеген және ешқандай нақты себептермен негізделмеген жаңа бағдарлама қабылдады. Мұндайға жол беруге болмайтынын Елбасы да өзінің сөзінде атап өтті. Енді халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын алайық. Осынау, халыққа аса қажетті бағдарлама 2002 жылы қабылданған еді. Оған мемлекеттік бюджеттен 195 млрд. теңге қарастырылды. Алайда, таза ауыз су бағдарламаға енгізілген ауылдардың жартысына да жеткізілмеді. Құқық қорғау және прокуратура органдары осынау көлемді қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын, жобалық-сметалық құжаттарды орындамаудың толып жатқан фактілерін анықтады, деді А.Бекенов.
Мердігерлерге атқарылмаған жұмыстар үшін ақша аударылған, сөйтіп, жергілікті шенеуніктер олармен бөлісу арқылы миллиардтаған соманы қолды қылған. Бірнеше мысал айта кетейін. Ақтөбе облысындағы облыс орталығына жақын орналасқан Хлебодаров кенті ауылдағы жалғыз құдықтан су ішеді. Құбыр тарту арқылы салынған ондаған құдықтың бірі де істемейді. Жалпы, осы облыста ауыз суға 300-дей елді мекен әлі күнге зәру болып отыр. Ал алты елді мекенге су тасылып жеткізіледі. Осы облысқа таза ауыз су тарту үшін ондаған миллиард бюджет қаражаты бөлінді. Қайда кетті сол ақша? Тексеруші органдар жұмыс істей алмайтын мердігердің мүддесі үшін тендерді жеңгізіп, оларға ақша алып берілгенін анықтаған. Сөйтіп, келісімнің шарттары орындалмайды, ал оған бақылау жасауға тиісті аудандық құрылыс немесе архитектура бөлімдері мұндайларға көзжұмбайлық жасап, қабылдау актісіне қол қоя салады. Осылайша, олардың өздері бюджет қаражатын қымқырушылардың қылмыстық әріптесі болып отыр, деді депутат.
Одан кейін, 2011 жылы халыққа таза ауыз суды одан әрі жеткізуді мақсат еткен «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданғаны белгілі, деді А.Бекенов. Осы бағдарлама бойынша Ақтөбе облысына 5,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл бағдарламаны іске асыру орындалмай жатыр. Мәселен, Мұғалжар ауданындағы Ақкемер кентінде істелген жұмыстар жобалық құжаттарға сәйкес келмейді. Ал оны орындаған «Кілт» ЖШС-іне 209 млн. теңге берілген. Осындай келеңсіз жайлар басқа облыстарда да бар. Мысалы, жуырда Алматы облысындағы Қайназар ауылында балалардың жаппай іш өту фактісі тіркелді. Сөйтсе, ондағы халық ауыз суды әлі күнге көлдерден алып ішуге мәжбүр екен. Әрине, мұндайдың арты неге соқтыратыны белгілі. Есік қаласындағы ауруханаға іштері тоқтамау дертімен түскен 88 баланың бәрі де ауыз судан уланғандар болып шықты. Артынан мұндай балалардың саны 123-ке жетті. Ал соның алдында, екі жыл бұрын Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылында балалардың жаппай сары ауруға шалдығу фактісі тіркелген еді. Мұның да себебі сол – ауыз судың ластығынан болған.
Депутат келесі кезекте жалпы осы облыстағы 234 елді мекеннің таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын атап көрсетті. Судың ластығынан Қапшағайдың маңындағы Ақөзек ауылында үстіміздегі жылдың тамыз айында адам түгілі малдың да жаппай қырылу фактісі тіркелді. Таза ауыз суға қол жеткізе алмаған Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылының ашынған тұрғындары жиналыс ашып, Үкімет пен депутаттардан жергілікті биліктің бөлінген қаражатты дұрыс жұмсауын қадағалауды өтінді. Өйткені, осында 2006 жылы 302 млн. теңге тұратын арнаулы қондырғы қойылып, су бұрғыланған еді. Алайда, қымбат қондырғы ақыры іске аспады. Су құбырларын тарту да іске аспады. Ашынған тұрғындар осыған кім кінәлі екенін анықтауды талап етіп отыр. Ал өздері, амал жоқ, тасып әкелінген суды ғана қанағат тұтуда. Оның сапасын да ешкім тексермейді, деді халық қалаулысы.
Одан әрі А.Бекенов «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының дұрыс орындалмай жатқанына тоқталды. Күні бүгінге дейін, деді ол, денсаулық сақтау саласының нысандарының пайдалануға беру мерзімі үнемі кейінге қалдырылып келеді. Ал осыған кінәлі бірде-бір адам жауапкершілік тартқан емес. Бұл бағдарлама 2011 жылы толығымен аяқталуға тиіс еді. Бірақ әлі күнге орындалған жоқ.
Әңгімесінің соңында депутат салынған нысандардың сапасыздығына тоқталып, бірнеше фактіні көлденең тартты. Соның ішінде Көкшетаудағы, Шымкенттегі жаңадан салынған ауруханалардың құлап қалғанын ауызға алды. Бұл бағдарлама бойынша барлығы 1,5 млрд. теңге ұрланып, 34 қылмыстық іс қозғалды, деді ол. Одан әрі ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы, «Бизнестің жол картасы-2020», т.б. бағдарламалардағы келеңсіз жайттарға тоқталып, бірнеше мысалдар келтірді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».