Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп мәлімдеп, ұлттық экономикамызды алға сүйрейтін салаларға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті. Осы орайда, отандық химия өнеркәсібінің бүгінгі хал-ахуалы, түйткілді мәселелері, даму келешегі туралы ой-пікіріммен бөлісуді жөн көрдім.
Тарихтан аз-кем дерек...
Қазақстанның химия өнеркәсібінің қалыптасу тарихы өткен ғасырлардан бастау алады. 1884 жылы екі кәсіпорын болған, олар Шымкент сантонин зауыты және Риддер байыту фабрикасындағы күкірт қышқылы цехы. 1928-1930 жылдары Қазақстанның химияландыру комитеті құрылды. Химияландыру комитеті жанынан минералдық және органикалық шикізат, ауыл шаруашылығы, химия-фармацевтикалық, әскери-химиялық секциялар ашылды. Зерттеулер ең маңызды проблемаларды қарастырды. Бұл зерттеулер пайдалы қазбалардың барлық түрін қамтыды, республикада бай кен орындарының ашылуына түрткі болды және Қазақстан аумағының геохимиялық тарихының заңдылықтарын анықтаудың маңызды факторы болып табылды.
Қазақстанның химия өнеркәсібінің бүкіл Кеңес өкіметі тарихында дамуын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде (1917-1957 жылдар) Қазақстанда химия өнеркәсібі құрылды, республиканың жер қойнауы зерттеліп, 11 зауыт пен фабрика салынды. Химия ғылымындағы алғашқы жетістіктер көбейді. Екінші кезеңде (1955-1991 жылдар) химия өнеркәсібін дамытуда ірі ауқымды құрылыстар бой көтерді. 17 ірі химия кәсіпорыны салынып, онда шығарылатын өнімдердің түрлері кеңейтілді.1990 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы химия өнеркәсібі өнімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 7,6%-ды құрады. Алайда Кеңес Одағының ыдырауы, экономикалық қарым-қатынастарының үзілуі салдарынан 1991-2000 жылдары Қазақстанда химия өнеркәсібінің құлдырауы орын алды.
Қайта жаңғыру кезеңі
Химия өнеркәсібі құрылымындағы басым бағыт – минералдық-шикізат ресурстарын кешенді пайдалану және оларды қайта өңдеуде соңғы өнімдерді жасау болып табылады. Шығарылатын өнімнің ең көбі фосфор өндірісіне тиесілі. Қазір Қазақстан посткеңестік кеңістікте ең ірі фосфор өндіруші болып табылады. Атап өтерлігі, қазіргі кезде Қазақстанда химия өнеркәсібі қайта жаңғыруда. Оған мемлекет 2010 жылдан бастап жүзеге асырған индустриялық-инновациялық даму саясаты оң ықпал етті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алынған ресми мәліметтерге сүйенсек, жаңа өндірістерді ашудың индустрияландыру картасы бойынша 2010 жылдан бастап химия саласында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды («Қазфосфат» ЖШС, «ҚазАзот»ЖШС, «Каустик» АҚ) жаңғыртудың негізгі бағыттары еңбек өнімділігін және ресурс тиімділігін арттыру, өнім көлемін әртараптандыру және ұлғайту болды.
Жаңа бәсекеге қабілетті химия өндірісін іске қосу үшін Атырау, Тараз және Павлодар қалаларында Арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Химия өнеркәсібіндегі оң үрдістер саланың шығарылатын өнімі көлемінде байқалады. Осылайша, салада жалпы қосымша құн 2008 жылдан бастап 3 есеге, ал негізгі мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемі 2 еседен астам өсті. Химия өнеркәсібінің дамуы туралы статистикалық мәліметтерді талдау үздіксіз өсімді көрсетті. 2004 жылдан 2018 жылға дейінгі өнеркәсіптік химиялық өнімдердің көлемі 9 есеге жуық өсіп 43,2-ден 401,1 млрд теңгені құрады, ал 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі алғашқы бесжылдық кезеңінде бұл көрсеткіш 85,5-тен 184,9 млрд теңгеге дейін екі есе өсті. Химия өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 3,7 есе, 2009 жылы – бір адамға 13 мың долларға, 2012 жылы – 48,3 мың долларға өсті.
2004-2018 жылдары саланың айтарлықтай дамуына қарамастан, динамикада химия өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі өте төмен болып қалғаны рас. Мәселен 2006 жылы Қазақстанның химия кәсіпорындары шамамен 0,57%, 2009 жылы ІЖӨ-нің 0,64% өндірді. Бұл көрсеткіш химия өнеркәсібі орта есеппен 5% құрайтын дамыған елдердің көрсеткішінен төмен. Жалпы, бүгінге дейін Қазақстанның химия өнеркәсібі 1990 жылдың басындағы көрсеткіштерге әлі жете қойған жоқ. Статистика комитеті мен Кедендік бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, химия өнімдерінің экспорты 2016 жылы 477,6 млн АҚШ долларын құраса, импорт 1817,7 млн АҚШ долларына тең болды, немесе 3,8 есе көп.
Мұнай химиясы өркендесе, өзге салалар да дамиды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бізде бүгінге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деп атап көрсетті.
Турасын айтсақ химия өнеркәсібінің маңызды бөлігі мұнай-химия саласы саналады. Мамандардың есептеулері көрсеткендей, мұнай-химия саласы экономикаға мультипликативтік әсер етеді. Мұнай-химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 1 долларға өсуі басқа салаларда 2,3 долларға дейін өсім береді. Өйткені халық тұтынатын тауарлардың 96%-ы мұнай-химияның қатысуымен шығарылады. Мұнай-химия өнімдеріне халықаралық нарықтың қажеттілігін талдау Қазақстан үшін полиэтилен, полипропилен, стирол және полистирол, этиленгликоль және бензол шығару бойынша базалық мұнай-химия өндірістерін құру экономикалық жағынан неғұрлым тиімді болатынын көрсетті.
Мысалы қазір Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында пропилен және полиэтилен шығару жобасы іске асырылуда. Бірінші кезеңі жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға есептелген. Құны 2,6 млрд доллар, құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Бір өкініштісі, бұл жоба 10 жылдан астам уақыт іске асырылып келеді және оны іске қосу мерзімі үнемі ауыстырылуда.
Атап айтарлығы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Жолдауда: «Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ» деп мәселенің мәнісін ашық айтты. Мәселен, елімізде дамуы тежеліп қалған саланың бірі – фармацевтика. Химия өнеркәсібінің дамуы отандық фармацевтиканы өркендетуге жол ашады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 68 фармацевтикалық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде 3-еуі – ірі, 11-і – орта, 54-і – шағын кәсіпорындар.
2010-2018 жылдар аралығында 30 жоба іске асырылды, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды және осы жобаларды іске асыруға салынған инвестициялар көлемі 45 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде фармацевтика саласындағы өндіріс көлемі 4 есеге, 19,9 млрд теңгеден 78,8 млрд теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ министрліктің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы құны 58,9 млн АҚШ долларын құрайтын фармацевтика өнімдері экспортталса, ал 1136 млн АҚШ долларының өнімдері импортталған немесе ол экспорттан 19 есе көп. Фармацевтика саласындағы өнім өндірісі 2019 жылы 18%-ға өсіп, 92 млрд. теңгені құрады. Яғни, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, өнеркәсіпке қолдау жасаудың нақты жүйесі болмағандықтан, бұл салада халық тұтынатын тауарларды шетелдерден әкелетініміз рас.
Сонымен қатар агрохимия саласында да шешімін таппаған түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда минералдық тыңайтқыштар нарығы латентті болып табылады. Себебі аграрлық өндірісті химияландыру нормадан 10 есеге төмен. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялау көлемін ұлғайту немесе топырақ құнарлылығының жай-күйін бақылауды күшейту жолымен агроөндірушілерді ынталандыру дұрыс шешім бола алар еді. Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану егіс алқаптарының құнарлығын сақтап қана қоймай, егін өнімділігін қосымша 25-30% көбейтеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға минералды тыңайтқыштарды пайдалануды ынталандыруы қажет деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе – минералдық тыңайтқыштарды егістіктерге енгізу. А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мәліметіне сәйкес, астықты алқаптарға енгізілетін минералдық тыңайтқыштардың ғылыми негізделген нормасы:
– фосфорлы (аммофос) – 45-50 кг/га;
– азотты (амиак селитрасы) – 90-100 кг/га;
– күрделі азотты-фосфорлы (нитроаммофос) тыңайтқышы – 50 кг/га физикалық салмақта топырақтың құрамына қарай енгізу керек. Алайда Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылы егіс алқаптарына нақтылай енгізілгені 8 кг/га ғана. Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп, келесі жылы әзірлейтін Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобада осы мәселелер де ескерілуі тиіс.
Білікті маман – дамудың кепілі
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, химия өнеркәсібі саласы бойынша мамандар даярлайтын ЖОО саны – 26, ал техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша мамандар дайындайтын оқу орындарының саны – 12. Аталған жоғары оқу орындарында 2019 жылы 1534 маман даярланса, 2019-2020 оқу жылына 1309 грант бөлінген.
Осы саладағы өзекті проблеманың бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деп атап өтті.
Кадр даярлаудағы өзекті мәселенің бірі – биыл құрылғанына 75 жыл толған А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының жағдайы. Институт ғалымдарының жаңалықтарын негізге алып басқа елдерде өндіріске енгізіп жатыр. Ал аталған институтты мемлекет тарапынан қаржыландыру, институт ғалымдарының ашқан жаңалықтарды өндіріске енгізу сын көтермейді. Институтта бір кездері 900-1000-ға тарта ғылыми қызметкер еңбек етсе, 2019 жылғы олардың саны – 160. Институтты базалық қаржыландыру 2020 жылдан мүлдем тоқтатылған. Демек материалдық-техникалық базасы ескірген институтқа мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшелігі – алдымен оларға қомақты қаржы салу керек, содан кейін, нәтижелер көру кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстары компанияның, сайып келгенде – елдің өркендеуіне әрдайым үлес қосады. Ғылымды қаржыландырудың әлемдік практикасы – ғылымды мемлекет қана барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті. Алайда мемлекет басқа да қаржы көздерін ғылымға ақша салуға тиімді нормативтік актілер арқылы ынталандыра алады. Білім және ғылым министрлігі химия өндірісіне қажетті мамандар даярлаудың саны мен сапасын пысықтауы керек. Ғылымды қаржыландырудың ғылымды дамытуға үлес қосатын жолдарын дамыту қажет.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Стратегиялық маңызына назар аудару қажет
Қарап отырсақ, осы кезге дейін елімізде химия өнеркәсібін қалпына келтіру және дамыту жөнінде бірнеше бағдарлама қабылданған. Көптеген бағдарлама химия саласын дамыту процестерін жандандырмады. Олар орындалмай қалды, көрсетілген мақсаттар уақытылы және толық көлемде орындалмады. Мысалы химия өндірісі саласында тіркелген 900-ге жуық серіктестіктің тек үштен бірінің ғана белсенді болуы осы салада жүргізіліп жатқан саясаттың тиімсіздігін айғақтайды. Сонымен бірге олардың көпшілігінің тауарлық номенклатурасы негізінен төмен және орта деңгейлі өнімдер. Экспорттық әлеуеті бар өнімдерің бәсекеге қабілеттік деңгейі өте төмен. Негізгі өткізу нарықтары – ТМД елдері.
Сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және ел экономикасына мультипликативті әсер ететін салалар байқалмайды. Саусақпен санарлық инновациялық жобалар ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар іске қосыламын дегенше, олардың нарықтарын басқа ірі әлемдік фирмалар алып қояды. Сарапшылар заманауи химияны экономиканың тиімді, салынған инвестициялардың қайтарымдылығы жылдам және еңбек өнімділігі жоғары саласы деп санайды. Демек, ең алдымен назар аударатын, қаржы бөлетін, қарқынды дамытатын сала осы.
Мысалы сырттан тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейтін Сингапурдың химия өнеркәсібі өз экономикасының маңызды саласы болып табылады және елдің жалпы өндірістік өнімінің 30%-ын береді. Бұған қоса Ресей мен Өзбекстанның химия өнеркәсіптерінің аймақтық көшбасшы болуы – жарқын мысал. Менің пайымдауымша, Қазақстанның мұнай-газ кешенінің негізгі міндеті шикізат сату емес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын құрылымдық жағынан қайта құру және көмірсутегі шикізатын тереңдете қайта өңдеудің жоғары сапалы өнімдерімен алмастыру мақсатында мұнай-химия кәсіпорындарын салу болуы тиіс.
Химия өнеркәсібі Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Ішкі нарықтағы химия өнімдеріне деген қажеттілік жылына 3,5 млрд АҚШ долларын құраса, жыл сайын шамамен 2,4-2,8 млрд АҚШ доллары тұратын химиялық өнімді импорттайды. Сондықтан бірқатар химиялық зауыт құруға міндетті. Өйткені барлық дерлік ұзақ мерзімді болжамдар мұнай-химия өнімдерін тұтынудың қарқыны тез өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.
Осылайша, сарапшылардың пікірінше, алдағы 15 жылда жаһандық сұранысты қанағаттандыру үшін 100-ге жуық этилен өндіретін, 400 пластмассалар шығаратын және аралық өнімдер өндіретін 200-ге жуық ірі мұнай-химиялық зауыттар құру қажет болады.
Егер қазіргі уақытта әлемдік мұнай-химия саласының кірісі жылына 1,6 трлн долларға бағаланса, 2050 жылға қарай олар 15-20 трлн долларға дейін өседі. АҚШ-тың химиялық нарықты зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта полистиролды әлемдік тұтыну жылына 14,4 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 3,5 млн тоннасы Еуропа елдерінің үлесіне тиеді.
Басқа елдерде мұнай химиясының қарқынды дамуы Қазақстанда осындай өндірістер құруға кедергі емес. Себебі полиэтиленге, полипропиленге, бутадиен каучукына, поливинилхлоридке, жоғары сапалы жанар-жағармай материалдарына, хош иісті көмірсутектердің түрлі кешендеріне және басқа да осындай өнімдерге әлемдік сұраныс үнемі өсіп келеді. Бұдан басқа, Қазақстан – мұнай-химия өнімдерінің басты тұтынушыларының бірі – Қытаймен шекаралас. Біздің солтүстік көршіміз – Ресейде – үлкен нарық.
Әрине, қазір біздің елімізде мұнай-химия индустриясын дамыту енді ғана қолға алынып жатыр. Сондықтан дайын өнімді сатудан түсетін пайданы ғана емес, шикізаттың өзін де жыл сайын жоғалтады. Мысалы бүгінде елімізде мұнай өндіру кезінде ілеспе газдың көп мөлшері жағылып жатыр. Оны тиімді өңдеуге болады. Әзірше отандық мұнай-химия және химиялық өндірістер ішкі нарық қажеттілігінің 20%-ын ғана қамтамасыз етеді. Қазақстанда отандық химия және мұнай-химия өнеркәсібін дамыту үшін қажеттінің бәрі бар. Әсіресе химия және мұнай-химия өнімдеріне ел ішінде және шет елдерде сұраныс өсіп келе жатыр. Бұл ретте табиғи ресурстардың көптігін және маңызды өткізу нарықтарына жақындығын да ескеру керек.
Химия жетістіктері машина жасау, автомобиль жасау, әуе құрылысы, энергетика, орман өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондықтан Қазақстан өндірісінің барлық салаларының экономикасында химия өнеркәсібін дамыту өте маңызды. Осылайша, Қазақстан шикізат базасы бойынша бәсекелі артықшылықтарға ие бола отырып, өтпелі кезеңде минералдық тыңайтқыштарды әзірлеу және мұнай-газ химиясы секторында әлеуетті құру үшін өз ғылыми базасын дамытуға көшуі қажет.
Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2019 жылы қабылданды. Аталған бағдарламада өңдеу өндірісінің барлық бағыты қамтылған. Дегенмен, жұмсалған инвестиция жылдам әрі бірнеше еселеніп қайтатын, бюджеттің кіріс бөлігін қомақты етіп толтыратын химия өндірісіне ерекше көзқарас керек.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты