Қазіргі қоғамда еріктілердің араласуымен көптеген маңызды іс-шара атқарылып жатқаны көпке аян. Еріктілер арасында жастар, белсенділер ғана емес, пробация қызметінің өкілдері де жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Осыған орай биыл жыл басында Маңғыстау облысының пробация қызметтері жастар орталығымен бірлесіп, қала белсенділері мен еріктілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіп, бір жылға арналған жоспарларды талқылаған еді. Белгіленген жоспарлар, сондай-ақ облыстың қоғамдық және қайырымдылық қорларымен ынтымақтастық туралы меморандумдар бойынша пробация қызметінің қызметкерлері еріктілер ретінде түрлі қайырымдылық жобалар мен акцияларға қатысты. Мысалы, әкімдік ұсынған тізім бойынша «Біз адамдармыз, біз біргеміз» қоғамдық қоры пробация қызметкерлерімен бірлесіп зейнеткердің үйіне барып, оған кереует және азық-түліктер алып берді, қор психологтары зейнеткермен әңгіме жүргізді. Пробация есебінде тұрған сотталғандарға қатысты да осындай іс-шаралар үнемі өткізіледі.
Пробация қызметкерлері облыс азаматтарына да, пробация есебінде тұрған сотталғандарға да азық-түлік, ыдыс-аяқ және басқа да тұрмыстық заттарды, асүй техникасын, жиһазды жеткізуге көмектесіп келеді. Өмірде қиын жағдайға тап болған тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсетуде жастар орталығының волонтерлері, қарапайым азаматтар, Ақтау қаласының кәсіпкерлері де едәуір атсалысты.
Әсіресе коронавирус індеті кезінде адамдар жұмысынан айрылып, қаржылық қиындықтарға тап болды. Бұл қиындықтар бас бостандығынан айырылмай, жазамен сотталғандарды да айналып өткен жоқ. Себебі олардың басым көпшілігі өзін өзі қамтып отырғандықтан, карантиндік шаралар енгізілген кезінде жалақысынан айырылды. Волонтер жылы аясында әртүрлі жағдайдағы жандармен жүздескен Ақтау қаласының пробация қызметіндегі қызметкерлері неше түрлі оқиғалармен бетпе-бет келді. Мысалы, пробация қызметіне белгіленуге келген қыз бала пәтер жалдауға, азық-түлікке ақша жетпей жатқанын айтып, мұңын шаққан. Пробация қызметкерлері әлеуметтік патронатты жүзеге асыруға көмектесетін қоғамдық қорлармен және кәсіпкерлермен өзара әрекет етіп, қыз бала азық-түлікпен және қаражатпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ пәтерінің үш айға жалға алу ақысы төленді. Бұл бір ғана жағдай емес, есепте тұрған шамамен алпысқа жуық адам індет салдарынан тұрмыстық қиын жағдайларға тап болды. Қысылтаяң шақта мұндай сотталғандар азық-түлік пен киім-кешектер үлестірілді.
Тұрғылықты жері бойынша тексеруге барған кезде пробация қызметкерлері азық-түлік ала баруды ұмытқан жоқ. Сонымен қатар пробация бөлімінде киім қоймасы бар, онда сотталғандар қажет болған жағдайда қалаған нәрсесін алуға болады.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Пробация қызметінің бастығы Ғабит Чутабеков қаланың еріктілері, пробация қызметкерлері әлеуметтік жұмыстың түрлі бағыттары бойынша қайырымдылық шараларын ұдайы өткізіп тұратынын айтты.
Қайырымыдылық – сауапты іс. Ал пробация қызметінде тіркеуде тұрғандарды тасада қалдырмай қолдау көрсету, сондай-ақ мүмкіндіктеріне сай ізгі істерге тарту – олардың қоғамға қажет екенін сезіндірудің көрінісі.
Маңғыстау облысы