Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы оқушылары Ғаламаддин Асқар, Сағынбек Талғатұлы физика пәні мұғалімі Дамир Еркмалиевтің қолдауымен зағип жандарға арналған автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, патент алды.
Былтыр қыркүйекте 12-сынып оқушылары Ғаламаддин мен Сағынбек роботтехника бойынша жобасын бастады. Олар зағип адамдарға арналған автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, мектепішілік конкурстан өткен еді. Олар кейін бұл жобасын республикалық жарыста және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің арасында ғылыми жобадан желілік сайыста қорғап, екеуінен де 1-орын алды.
Автоматтандырылған сүйену таяғы – зағип, көзі нашар көретін жандарға көмек болатын инновациялық құрал. Ол жолда кездесетін кез келген кедергіні оңай анықтайды әрі дезориентация жағдайында көмекке шақыруға мүмкіндік береді. Себебі touch батырмасы бар. Таяқ жерге құлаған жағдайда дыбыс шығарып, қолданушының оны іздеп табуына көмектеседі. Белгілі бір жерге жету үшін «А нүктесінен В нүктесіне дейін» функциясын қолдануға болады. Оның үстіне таяқта телефон нөмірлерін сақтап, қоңырау шалу мүмкіндігі бар.
Бұл жобаның ең басты артықшылығы – таяқ дөңгелектерінің айналуынан пайда болатын механикалық энергияның жүйені толықтай энергиямен қамтамасыз етуі. Таяқтың құрастырушыларының бірі Ғаламаддин Асқардың айтуынша, жоба идеясы зағип адамның интернеттегі сұхбатын көргеннен кейін пайда болған.
– Көзі көрмейтін адам әңгімесінде гаджеттерден ән, аудиокітап тыңдай алатынын, ақшаны да санауға мүмкіндігі барын, яғни көп нәрсені өздігінен жүзеге асыра алатынын айтты. Бірақ оның бір жерден екінші жерге баруға шамасы келмейді екен. Сол кезде Сағынбек екеуіміз осы проблеманы шешуді мақсат етіп, Дамир Еркмалиевтің көмегімен сүйену таяғын жасауды қолға алдық, – дейді Ғаламаддин.
Құрылғының жиналу механизмі де ерекше. Ол барынша тез, әрі оңай кішірейтіліп, қоғамдық көлікке отырғанда қолға алуға ыңғайлы етіп жасалған. Салмағы 2 килоға жетпейді, жиналуына 7-8 секунд қана жеткілікті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар оны тез жинап, көлікке отыра алады.
– Таяқты жасау идеясын жетілдіре келе оның прототипін құрастырдық. Ең алғаш таяқ жай ғана конструктор түрінде болды, одан кейінгісі әлдеқайда жетілді, қолдануға арналып жасалды. Кейін жоба бойынша оның мүмкіндіктерін көбейтіп, үшінші таяқты жасадық. Бұл құрылғының құрылымы күрделірек әрі ыңғайлырақ болды. Жалпы, прототипті жасауға 7 айдай уақытымыз кетті. Енді ең басты жұмыс – осы жобамыздың пайдасын көпшілікке көрсету. Таяқтың тигізер пайдасы мол. Бізді қолдайтын инвестор тапсақ, зағип жандардың өмірінің жеңілдеуіне, өздігінен діттеген жеріне барып-келуіне септігімізді тигіземіз деп үміттенемін, – дейді Ғаламаддин.
Сүйену таяғындағы құрылымдық бөлшектерді қозғалту механизмдерінің дизайны оның жинаулы күйінде неғұрлым аз орын алуын қамтамасыз етеді. Ол оңай құйылатын, әрі композициялық материалдардан жасалған. Бүкіл құрылым техникалық минимализм стилінде құрастырылған, әрі адамдардың жеке көлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Қарапайым да ыңғайлы.
Жобаны бастаған екі жігіт те биыл мектепті үздік бітірді. Қазір Сағынбек Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде Computer Science мамандығы бойынша, ал Ғаламаддин Кореядағы KAIST-те Electrical engineering мамандығы бойынша білім алып жүр.
– Түлектеріміз қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу үшін университет қабырғасында да идеяларын жандандыруды жоспар етіп жүр. Бұл – мектеп, ұстаздары үшін үлкен қуаныш және ұстаздары талантты түлектеріне әрдайым сенім артады, – дейді Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Аида Зайнуллиева.
Маңғыстау облысы