Ұлт тамырына балта шабудың бірден-бір жолы – оның санасын улау. Алуан түрлі ақпараттық шабуылдарды емес, ертеңгі ел үмітінің денсаулығына, ойлау қабілетіне, тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін тура мағынасында айтып отырмыз. Мәселен, ел жастарын елітетін есірткі саудасы тыйылмай тұр. Өткен он айдың өзінде осы есірткі мәселесіне қатысты 1950 қылмыстық іс тіркелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында есірткі бизнесіне қарсы жұмысты жандандыру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде есірткі өнімінің заңсыз айналымы ішкі істер органдарының қатаң бақылауына алынған. Ал полицияның күш-жігері есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан топтардың әрекетін құрықтауға және есірткі тасымалының жолын жабуға бағытталып отыр.
«Өткен 10 айда полиция осы заңсыз есірткі айналымына қатысты 1950 қылмысты анықтады. Соның ішінде есірткіні заңсыз саудалау фактісі 1123-ті құраса, контрабанда фактісі 87-ге жетіп отыр. Тәркіленген есірткі көлемі 3 тоннаға көбейді. Соның ішінде есірткінің синтетикалық түрі 90 килоға артқаны байқалады. Есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан 6 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Соның нәтижесінде, мұндай ұйымдасқан қылмыстық топтардың 5 жетекшісі мен қылмыстық топтың 21 мүшесі жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 33 қылмыстық іс қозғалды», дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Тілеген Маткенов.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары 7 есірткі зертханасын жойды. Аталған операция барысында зертханадағы қолданысқа дайын 65 кило есірткі мен есірткі әзірлеу кезінде қолданылатын 140 литр химиялық зат (прекурсор) тәркіленді. Қара базарда бұл өнімнің құны 1 млрд теңгеден асатын көрінеді. Сондай-ақ жуырда еліміздің ішкі істер органдары ресейлік әріптестерімен бірлесіп жүргізген операция барысында Алматы қаласында тағы бір есірткі зертханасының көзін жойыпты. Операция барысында 3 алматылық азамат қамауға алынып, олардан 10 килоға жуық мефедрон тәркіленді.
Заң бұзушылар өнім өндіруді қылмыстық топ мүшелерінің бірінің үйінде жолға қойыпты. Ал шикізатты шетелден тапсырыс беру арқылы алдырып отырыпты. Осылайша, дайын өнімді Алматыда өткізуді жоспарлайды. Тінту барысында есірткі әзірлеуге қажетті химиялық реактивтер, құрылғылар, компоненттер, ауа желдеткіш жүйелер тәркіленді. Бұл операцияның нәтижесінде құны 240 млн теңге болатын мефедронның 40 мыңнан астам бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберудің жолы кесілді.
«Бүгінде синтетикалық есірткіге қарсы белсенді іс-қимыл заңнамалық шаралар кешенін қабылдау нәтижесінде мүмкін болып отыр. Бақылаудағы тізімдерге есірткінің жаңа түрлерінің 89 атауын енгізу және олардың тізбесін Үкімет қаулысымен бекіту арқылы құқықтық аумаққа барлық белгілі психобелсенді заттарды енгізуге мүмкіндік пайда болыпты. Соның нәтижесінде бүгінде 96 кило синтетика тәркіленді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен ондаған есе артық. Есірткі айналымына қатысты 650 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, соның ішінде есірткіні сатудың 238 фактісі тіркелді. Есірткі таратумен айналысқан 850-ден астам сайттың жұмысы тоқтатылды», дейді полиция генерал-майоры.
Жыл сайын маусым және қазан айларының аралығында өткізілетін ауқымды «Қарасора» операциясы аяқталды. Оның негізгі мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірінде қарасораны (конопля) өсіру, дайындау және тасымалдаумен күрес жүргізу. Сондай-ақ есірткі таратумен айналысатын (соның ішінде есірткінің жаңа түрлері) ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетіне тоқтам салу саналады. Операция қорытындысы бойынша 830 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Соның ішінде есірткі сатудың – 383, есірткіні заңсыз сақтаудың – 162, қарасораны өсірудің 233 фактісі бар.
Сонымен қатар 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті жойылды. Оларға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық топтардың 2 жетекшісі, 16 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде, 21 тоннадан астам бірнеше есірткі түрі заңсыз айналымнан шығарылды. Соның ішінде 5,5 тоннаға жуық марихуана, 300 килодан астам наша (гашиш), 60 килодан астам синтетика, 250 грамм героин бар. Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында қарасора өсірілген 60 плантация жойылды. Аталған плантациялардың жалпы аумағы 60 гектардан асады. Сонымен бірге құқық қорғау органдары қара сораның жалпы салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түбін тәркілеп, көзін жойды.
Қарасораны өсірушілердің көшін Қызылорда облысы бастап тұр. Онда 48 плантация жойылып, құрамында есірткісі бар 4 мың тоннадан астам өсімдік тәркіленді. Соған байланысты 14 қылмыстық іс қарасораны заңсыз өсіру фактісі бойынша қозғалса, 3 қылмыстық іс есірткіні аса ірі көлемде саудалағандары үшін қозғалды. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдіктілердің біреуін қолға түсірді. Мұндай қарасора егістіктерін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіндегі Ұлттық ұланның тікұшақтары тартылды.
Бұған дейін құқық қорғау органдары қоғамды осындай операция жүргізілетіні туралы құлақтандырған болатын. Сол кезде әуеден патрульдеу барысында Қарағанды облысында арнайы жабдықталған екі жол талғамайтын көлікті тізгіндеген азаматтар тәртіп сақшыларынан құтылып кетпек болады. Оларды құрықтау үшін қару қолдануға тура келіпті. Қылмыстық оқиға орнында қара сора плантациясы, аграрлық техникаларды сақтауға және өмір сүруге арналған құрылыс нысандары, арық және тамшылатып суару жүйелері, бассейн анықталды. «Операция барысында құрамында есірткісі бар 468 түп өсімдік тәркіленді. Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бизнесіне қарсы біздің қызметімізді жандандыру мәселесіне қатысты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», дейді Т.Маткенов.
Заңнамалық база да қайта қаралды. Жаңа психотроптық заттарды есепке қоюдың тәртібі жеңілдеді. Есірткі қылмысының қазіргі шындығына жауап беретін қылмыстық істердің жаңа құрамы енгізілді. Бұл жерде әңгіме есірткі пайдалануға итермелеу мен психотропты заттарды интернет арқылы саудалау мәселесіне қатысты болып отыр. Бұдан былай мұндай қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылатын болды. Ондай заңбұзушылыққа барған адамдарды ұзақ мерзімге, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.
«Бүгінде есірткіні жарнамалау фактісі бойынша 64 қылмыстық істің беті ашылды. Соның ішінде, 39 қылмыстық іс есірткі саудасына қатысты болып отыр. Аталған фактілер бойынша сотқа 41 қылмыстық іс жолданды. Осы күні біз Жоғарғы сотпен бірлесе отырып, нормативтік қаулылар жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл қадам қылмыстық істерді тергеуде бірыңғай амалды қолдану бойынша құқықтық тәжірибені түсіндіруге мүмкіндік береді. Аталған жұмыстардың аясында жыл соңына дейін Үкімет қаулысы қабылданатын болады», дейді департамент бастығы.
Есірткіні сатып алу жолдарын екінің бірі біле бермесе де, оған әуестенетін жастардың саны аз емес. Бұл ретте, жастардың психотропты заттарға қалай қол жеткізетінін департамент басшысы түсіндірді. «Қазіргі кез келген жас азаматтың қолында телефон, гаджет бар. Интернетке қол жеткізу қиынға соқпайды. Өз кезегінде әке-шешелері де оларға дұрыс бақылау, қадағалау жасамайды. Интернетте нені көріп, нені оқып, нені іздеп жататынын білмейді. Ал интернетте неше түрлі жарнама бар. Мәселен, есірткі саудалаушылар өз өнімдерін сағыз ретінде таныстырып, сатылымға шығарып жатады. Мұндай «сағыздардың» сыртқы орама қағазы да тартымды көрінеді. Балалар сол жарнамаға қызығып, сайтқа кірген кезде синтетикалық есірткінің жарнамасы екенін түсінеді. Алып көргісі келеді», дейді Т.Маткенов.
Ал синтетикалық есірткі адам ағзасы үшін аса қауіпті. Оған адам аз уақытта үйреніп кетеді. Бір рет пайдаланып көрген тұлғаның одан арылуы аса қиынға соғады. Тіпті көп жағдайда құмарлықтан біржола құтылып кете де алмайды. Ең алдымен психотропты заттар адамның жүйке жүйесін зақымдайды. Психологиялық жағдайы бұзылады. Дозаны көбейтіп алған кезде жас балалар тіл тартпай кететін көрінеді. Ұлт тамырына балта шабу дегеніңіз осы.
Құқық қорғау органдары осындай оқыс оқиғаларды болдырмау, алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізеді. «Есірткінің салдарымен емес, оның алдын алумен күресті маңызды деп санаймын. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен, профилактика жұмысын жүргізетін арнайы бөлімшелермен жұмыс істеген кезде осы мәселеге басты назар аударамыз. Бұл жұмыс ішкі істер органдары үшін де, денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары үшін де аса маңызды. Жыл сайын елімізде 9 мыңнан астам профилактикалық шаралар өткізіледі. Оған полиция қызметкерлері немесе жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері міндетті түрде қатысады. Еліміздің барлық аймағында есірткімен күрес жүргізетін ведомствоаралық штабтар қызмет етеді. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілген», дейді полиция генерал-майоры.