Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы Германия, Корея, АҚШ, Жапония сынды елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Нұр-Сұлтан-Щучье ақылы жол учаскесінде «Музыкалық жолақтар» қанатқақты жобасын іске қосты.
Осы арқылы жоба авторлары қауіп жоғары жол бөліктерінде жылдамдықты төмендетуге, сондай-ақ көлік апатының көрсеткішін азайтуды көздеп отыр.
Пластиктен жасалған жаңа үлгідегі дыбыс жолақтарында автокөлік дөңгелектерінің белгілі жылдамдықтағы үйкелісі нәтижесінде әуен естіледі. Бұл технология елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Жүргізілген тәжірибе нәтижесінде, автокөлік сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүргенде дыбыс жолақтарының үні өзгеріп, жүргізушінің көңілін аударып қана қоймай, жылдамдықты азайтуға ықпал етеді. «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы келер жылы «Музыкалық жолақтарды» Қазақстанның басқа аймақтарында да орнатуды жоспарлауда.
Дыбыс жолақтары – бедерлі жолақ түріндегі арнайы жол белгілері. Ол жол-көлік оқиғасының, жылдамдықты асыру фактілерінің, көлік жүргізу барысында ұйықтап кетудің алдын алу үшін қолданылады. Автокөлік белгіден өткен кезде тербеліс пайда болып, жүргізушінің назарын жолға аударады.