• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Білім 12 Қараша, 2020

Жоғары білім қашан жоғары деңгейге көтеріледі?

265 рет
көрсетілді

Біздің басты кемшілігіміздің бірі – кадрларды даярлау жүйесін заман талабына сай қалыптастыра алмағанымыз. Бүгінгі таңда жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі біздің экономикамызды дамытудың елеулі тежегіші болып отыр.

Осындай жағдайды жете түсініп, Мем­лекет басшысы Қ.К.Тоқаев эконо­ми­калық дағдарысқа және бюджет тапшылығына қарамастан, жоғары білім беру жүйесін қаржыландыруды ұлғайтты, ағымдағы оқу жылынан бастап жоғары оқу орын­да­рындағы мемлекеттік білім беру грант­тарының құны бірнеше есе көбейді.

Бірақ университеттердің бүгінгі ахуалына қарап, «білімге салынған бұл инвестициялар ақталады, жұмсал­ған мемлекеттік қаржының орны сұра­нысқа ие мамандармен толығады» деп сеніммен айта алмаймыз.

Жоғары оқу орындарына акаде­миялық еркіндік бере отырып, біз ма­ңызды қа­дам жасадық. Бірақ олар толыққанды авто­номдық басқаруға әлі көшкен жоқ. Өйткені біз тек ұйым­дастырушылық-құқықтық құ­ры­­лымда өзгерістер жасадық, ендігі ке­зек­те университеттердің ғылыми әле­уе­тінің, білім беру бағдарламалары мен инфра­құрылымының сапасын түбегейлі жақ­сартуымыз керек.

Біріншіден, егер біз өзімізде және ше­телдік университеттерде бір ма­мандық бойынша оқытылатын пән­дерді салыс­тырар болсақ, көп айыр­машылықтарды бай­қаймыз. Нақтылап айтсақ, біздің университеттер студенттерге іргелі ғылымдар бойынша тиісті деңгейде заманауи білім бере алмай отыр. Сонымен қатар бізде алынған теориялық білімді практика жү­зінде бекітетін тәжірибелік базалар жоқтың қасы.

Сондықтан шетелдік жетекші университет түлектерінің бізден ерекшілігі: олар нақты өндіріс жағдайында инно­вациялық шешімдерді өз бетінше таба алады және көпшілігі оқуын аяқ­та­ғаннан кейін жұмыс іздемейді. Ке­рісінше, өздері жаңа жұмыс орындарын аша алады.

Екіншіден, дамыған елдерде барлық көшбасшы университеттер ғылыми-зерт­теу оқу орны болып табылады. Онда зертхана-аудитория-өндіріс бір құрылымға бі­ріктірілген. Ғылыммен жемісті айналысып, бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың оқытушыла­ры өндірістің қажеттіліктерін жақсы біледі, ғалымдарының ғылыми зерт­теулерінің нәтижесі бірден жаңа білім беру бағдарламаларына айналып, оқу үдерісіне енгізіледі, сондықтан студенттері үнемі за­ман талабына сай білім алып отырады.

Өкінішке қарай еліміздегі көптеген ­университеттерде мұндай жүйе жоқ. Ал зерт­теу университеті болып құ­рылған жо­ғары оқу орындары беделді мәртебеден басқа, қосымша ешқандай мемлекеттік қол­дауға ие емес.

Үшіншіден, жетекші шетелдік уни­вер­ситеттердің табысқа жету жо­лы­ның тағы бір ерекшелігі: оларда ака­демия­лық саясат, білім беру және ғылыми жұ­мыстарды ұйымдастыру мәселелері тек университеттің Ғылыми кеңесінің ше­шімімен жүзеге асады. Дамыған елдерде Ғылыми кеңесті «жұм­сақ билік» деп атайды. Ректор сол кеңес шешімдерінің орындалуын ғана қамтамасыз етеді. Оның бұл лауазымға кандидатурасын да Ғылы­ми кеңес мүшелері ұсынады және ол белгі­лі бір мерзімге ғана сай­лануға құқылы (әдет­те 2 мерзімнен аспайды). Сондай-ақ олар­ Кеңес жұмыс нәтижесі бойынша рек­торға сенімсіздік білдіруі мүмкін. Осы­лайша, Ғылыми кеңес ұжымдық бас­қарудың, университетті тұрақты және жүйелі дамытудың кепіліне айналған. Ал бізде университеттің даму траекториясы ұзақ жылдар бір адамға, тек басшыға тәуелді.

Біздің ұсыныстарымыз:

Біріншіден, Назарбаев универси­тетінің үлгісі бойынша отандық жо­ғары оқу орындарын толыққанды ав­тоном­ды басқаруға көшіру жөніндегі басталған реформалардың аяқталуын тезірек қамтамасыз ету керек;

Екіншіден, университеттерді зерттеу бағытындағы жоғары оқу орындарына айналдыру бойынша мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары қажет. Бұл ретте АҚШ, Германия, Қытай, Ресей және тағы да басқа мемлекеттердің үлгісінде отандық университеттердің ғылыми-тех­никалық әлеуетін дамыту­дың арнайы бағ­дарламасын қабылдау өте маңызды. Өз кезегінде бұл оқу орындары қысқа уақыт ішінде жоға­рыда аталған елдердегідей ғылыми нәтижелер мен мамандарды даярлау сапасын жақсартады;

Үшіншіден, үздік әлемдік тәжіри­беге сәйкес, университеттердің ішінде заманауи басқару жүйесін құру керек. Атап айтқанда жоғары оқу орындарындағы Ғылыми кеңестің алқалы басқару органы ретіндегі өкілеттігін заңнамалық тұр­ғыдан нақ­тылау қажет. Ректор ашық конкурс негізінде тағайындалуы тиіс, ал университеттің Ғылыми кеңесінің осы лауазымға өз кандидатын ұсынып, ол үміт­кер тең дауыс жинау жағдайында бас­қалардан артықшылыққа ие болуы керек. Сонымен қатар біздің ректорларымыз шетелдік жетекші университеттердегідей белгілі бір мерзімге ғана сайланып, ауысып тұру керек. Бұл жоғары оқу орнының серпінді дамуын қамтамасыз етеді және жас кадрлардың бәсекелестігіне жол ашады.

Білім және ғылым министрлігінің мә­ліметіне сәйкес, 2019 жылы мамандар­ды даярлау бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру грантында оқыған универси­тет түлектерінің тек 40-74%-ы ғана жұмысқа орналас­қан екен. Оның өзінде олар өз маман­дықтарына сәйкес жұмысқа орналасты ма, жоқ па, белгісіз. Егер жағ­дай өзгермесе, біз жылда бюджет қаражатының кем дегенде 10 млрд теңгесін тиімсіз жұмсап отырамыз. Бұл дәйектер еліміздің жоғары білім саласындағы елеулі кемшіліктердің бетін ашып отыр. Бұл мәселе тек жекеменшік университеттерді жабумен шешілмейді. Жалпы еліміздің университеттік жүйесін түбегейлі реттейтін уақыт келді.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Сенат депутаты,

ҰҒА академигі