• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қараша, 2020

Белгісіз автордың жазбасы

348 рет
көрсетілді

Авторы белгісіз шығармалар әдебиет тарихында баршылық. Олардың әрқайсысы түрлі себептермен аты-жөндерін көрсетпеген. Нақты бір авторы жоқ, өмір туралы ойлар бедерленген жазба біздің де қолымызға түсті. Байқасақ, дүниетанымы қалыптасу үстіндегі жас адамның жазғаны сияқты...

Біз өмірді ойын деп қарас­тырған күннен бастап оның маңызы кемиді. Көзіміздің ал­дында кішірейеді. Өйткені ойынның жеңіспен аяқталғаны немесе жеңіліспен аяқталғаны оның еш кейіпкерінің жүрегіне анау айтқан салмақ түсірмейді. Немесе жақсы ойын болса да, жаман ойын болса да, ол – тек қана ойын. Біз оны кино деп қарастырған күннен бас­тап  қызығушылығымыз артқа­нымен, жауапкершілігіміз азая­­ды. Өйткені біз – әртіспіз. Спек­­такль де осы шамалас. Сырт­­­тай жасанып жүру ғана ма­­ңызды болғандықтан, біз бәріміз әртіске айналып алып, өз рөлімізді ойнап шығуға құл­шынатын боламыз.

Сонда  өмірді  қалай қабыл­дасақ, солай сүреміз. Мәселен, көпшілік біреулердің пікірі арқылы қабылдайды. Өмір олар үшін сөздер мен сөйлемдердің жиынтығы. Ой-пікірлердің аясында өмір сүретін көпшілік белгілі шеңбердің ішінде, белгілі бір тамақтармен қоректеніп, белгілі бір адамдардың жанында жантайып, белгілі бір сөздерді айтып, белгілі бір жасқа дейін көресісін көреді.

Есім кіре бастағаннан жаттан­дылықтан, жасандылықтан қаш­тым. Біреудің бір нәрсе, не бір адам туралы айтқан пікіріне тек­­­сермей, жүрек сүзгісінен өт­кіз­бей тұрып, ешқашан  келі­се салған емеспін.  Кітаптан оқы­ған сөйлемдердің жаныма жақ­қанын ғана есте сақтадым. Қал­ғаны «қоқыс жәшікке» кетті... Әрине, оқ бойы озық болу­ға талпынғанымды жасырмай­мын. Бір мезетте ақылды болып та көрінетінім рас шығар. Сөй­те тұра менің мақұлықтан айыр­машылығым аз.  Мақұлық қалай табиғи болса, мен де сондай та­биғи жаратылыстың бірімін.

Өмірді ойын деп түсінгім келген кездерге күле қараймын. Өзім­ше бір форма жасағым келген шығар? Тағдырымды эксперимент алаңына айналдырудан қаш­пай, не өтсе де басымды кө­­теріп жүрдім. Қорықпағаным, торықпағаным, жабықпағаным есімде. Алланы мойындамаудың әлегі деп бағалаймын қазір. Қо­рықпағанымнан қорқамын. Өткен күн өзекке құрт түсіреді. Құрт өсе береді екен. Жаныңды жейді... Әбден титықтаған кезде өмірдің сұмдығынан қабір азабы жеңіл сияқты көрінеді. Өзіңді өлердей сүюдің, сөйте тұра сынып түсер заттай аяу­дың ең шынайы көрінісі осы.  Тірлікке көндігу дегеніміз – бір рет шошынған жаныңды қай­та-қайта шошытып, ақыр со­ңында түк әсер етпей қалатын бол­мы­сың­ды сынап қана тірі жүру...

Жалпы, әртістерден гөрі ойын­паздарды түсіну қиын. Өйт­кені олар ойынның ережесін өз­дері ойлап табады. Ал әртістер қоғамдық пікірдің ауанымен өмір сүреді. Қоғам оларды әртіс деп қабылдаса ғана әртіс бола алады. Әртіс пен ойынпаздың әрекеті ұқсас болғанымен, маз­мұндары әртүрлі. Әртіс өзіне назар аударту арқылы еркін­дігін жоғалтады. Болмысы әр­тіс адам әсершіл, қызыққыш, жал­пы өз әрекетінің тұтқыны. Жа­санып жүретін, жарқылдап кү­летін, жалпылдап сөйлейтін адамдардың бәрі әртіс. Оларға ең маңыздысы – сыртқы фактор. Іштің іріп-шіруі сөз емес. Тағдырдың быт-шыты шығуы да қорқытпайды. Ең сұмдығы – оларға ешкімнің көңіл аудармай қоюы. Осы тұста сынуы мүм­кін. Ереже ойлап тапқыштар бол­са мысық секілді ақылды. Өз басым өткен күннің өзекке түс­кен құртын емдеп алғанша тірі жүргім келеді. Әрине ойынпаз адам осылай айтса, се­нім­сіздеу естілгенімен, өмірге салмақтырақ қарай бастағанына күдік келтіруге болмайды.

Бізге бақытты болу маңызды.