• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Қараша, 2020

«Қырық өтірікке» бәйге берілді

628 рет
көрсетілді

«Қырық өтірік» – халық ауыз әдебиетінің қазыналы шығармаларының бірі. Ал қырық өтірікті хан алдында қиыстырып айтатын Тазша баланың шеберлігі әлі күнге дейін елді таңдандырумен келеді. Бір ауыз шын сөз қоспай, шығарманы тек өтірікпен өрудің өзі оңайға түспейтіні анық.

Осы орайда, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті жүлде қоры бір миллион теңге болатын «Қырық өтірік» шығармашылық байқауын жариялаған болатын. Басылымның бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидің айтуынша, аталған байқау көрнекті сатира сардары Шона Смаханұлының туған күніне орай ұйымдастырылған екен. Жуырда кілең талантты қаламгерлер бақ сынаған «Қырық өтірік» байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл байқау бес ай бұрын бастау алған. Аталған байқауға Жамбыл облысынан ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінен бас-аяғы 20-дан аса шығарма келіп түсіпті. Оларды Болат Жаппарұлы, Бақытжан Әлімқұлов сияқты жергілікті танымал сатириктер талдап, таразылап, әрбір шы­ғар­маға лайықты бағасын берді. Қы­рық өтірікті қиыннан қиыстыра білген қаламгерлер жүлделі болды. Же­ңімпаздар мен жүлдегерлер Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында марапатталды. Нәтижесінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналис­тика мамандығының 4-курс студенті Шапағат Әбдір бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды ардагер журналист Асқарбек Сейілхан иеленді. Ал жүлделі екінші орын Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы «Исфиджаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Пульс Сайрама» газетінің тілшісі Салтанат Абылбекова мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андасқа бұйырды. Сол сияқты, Жамбыл облыстық ARAI жастар газетінің тілшілері Саятхан Сатылғанов пен Талғат Нұрханов, сондай-ақ Ақерке Кенжебек үшінші орынды бөлісті. Ал Амантай Дәу­летбеков атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Диляра Матвай байқаудың ең жас қатысушысы ретінде ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

 

Жамбыл облысы