Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға құжат ресімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылған. Осыған байланысты Мақтаарал АПБ-нің қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, құжаттанбаған тұрғынның барын анықтаған. Содан кейін Мақтаарал ауданының тұрғыны Кульдастар Мирзаеваға құжатын жасап беруге көмек берілді.
Кульдастар Мирзаева Өзбекстаннан атажұртына қоныс аударып, содан бері денсаулығына байланысты Қазақстан Республикасының төлқұжатын ала алмаған. Полицейлер мүмкіндігі шектеулі тұрғынға көмектесу мақсатында елшіліктермен хат-хабар алмасып, тыңғылықты жұмыстар атқарып, егде жастағы анаға төлқұжат ресімдеп берді.
Өз кезегінде 70 жасқа келген кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды.
Атап өтетін жайт, Мақтаарал АПБ-нің полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге, ары-бері сандалтпауға үнемі көмек көрсетіп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғаса бермек.