Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының кезекті тур ойыны қарсаңында сырт алаңда Черногория құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, тарихта тұңғыш рет «қаратаулықтармен» тең ойнады.
Черногория құрамасын қайдам, бұл кездеуде жерлестеріміз үшін жеңіс емес, алдағы жауапты ойын алдында ойын тәжірибесі мен футболшыларды бір тексеріп алу аса маңызды болды. Ал жеңіс – екінші орында тұрды. Десе де қарсыластан басым түсу кімнің тақиясына тар келсін!. Бірақ бас бапкер үшін ең бастысы – мақсаттың орындалғаны керек еді. Сол үшін де Михал Билек жасыл алаңға негізгі емес, командаға енді ғана шақырылған аралас құрамды шығарды. Сөйтіп кейбір футболшыларға өзін көрсетуге мүмкіндік, ал құрамның өзге ойыншыларына демалыс берді. Онысы да дұрыс шығар, өйткені маңызды ойын алдында жарақат алып қалуы да әбден мүмкін.
Сонымен кешегі ойында Билек кімдерді сынақтан өткізді? Ең алдымен қақпашы – Дмитро Непогодов. Чех маманы «Астананы» жаттықтырғанда Непогодовты қатарынан үш ойында қақпаны сеніп тапсырды. Алайда үш кездесуде қақпасына 5 гол өткізіп алған соң, оны қайта қосалқы құрамға отырғызып қойды. Тіпті Ұлттар лигасының бірде-бір ойынында алаңға шығарған жоқ. Сондықтан осы матчта «Астана» қақпашысына өзінің негізгі құрамда өнер көрсетуге әлеуеті толық жететінін көрсетуге мүмкіндік берді. Және ол бас бапкердің сенім үдесінен шыға білді деп ойлаймыз. Себебі, қақпасына гол өткізген жоқ және гол соғатын бірнеше сәтте сейв жасап, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
Сондай-ақ бір жылдық үзілістен соң құрамаға қайта оралған қорғаушы Юрий Логвиненко, жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев, шабуылшылар Тоқтар Жаңғылышбай, Алексей Щеткин және Сергей Хижниченко секілді футболшылар бірінші минуттан бастап өнер көрсетті. Қорғаушылар қақпаға гол өткізбегенін ескерсек, тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті деп айта аламыз. Шабуылшылар гол соқпаса да, бірнеше қауіпті сәт жасай алды. Тіпті бірінші таймның 15-минутында Сергей Хижниченко гол соққан болатын, алайда төреші гол ойыннан тыс жағдайда соғылды деп есептемей тастады. Сонымен қатар бірінші таймда Марат Быстровтың да гол соғатын тамаша екі мүмкіндігі болған. Өкінішке қарай, екеуінде де допты қақпаға енгізе алмады. Жалпы ойын деңгейі таблодағы есепке сай болды десек, артық айтқандық емес шығар.
Екі құрама бұған дейін жасыл алаңда үш рет кездесіп, үшеуінде де Черногория құрамасы жеңіске жеткен болатын. Төртінші ойында Қазақстан құрамасы тең нәтиже көрсетіп, жеңіліс сериясына нүкте қойды.
Кездесуден кейін Михал Билек баспасөз мәслихатында Черногориямен өткен жолдастық кездесудің нәтижесі туралы пікірін ортаға салып, шәкірттері өте жақсы матч өткізгенін айтты. «Бүгін тәртіпті, ұйымшыл әрі сапалы ойын көрсеттік. Гол соғатын бірнеше мүмкіндігіміз болғанымен, оны жүзеге асыра алмадық. Бірінші тайм өте жақсы өтті. Біздің ойыншылар көп прессинг жасап, допты жиі тартып алып, жылдам шабуылдар жасады. Екінші таймда қарсылас қысым жасай бастады. Бірақ менің ойыншыларым табандылық танытты. Төрт күннен кейін бізді Албания құрамасымен маңызды матч күтіп тұр. Содан кейін литвалықтармен үйде ойнаймыз. Сондықтан бүгін кейбір футболшылар ойнаған жоқ», деді ол.
Енді жерлестеріміз 15 қарашада сырт алаңда Албания құрамасымен, 18 қарашада Орталық стадионда Литва футболшыларымен ойнайды. Айта кетейік, біздің топтағы турнир кестесінде 7 ұпайы бар Беларусь құрамасы бірінші орында келеді. Бес-бес ұпайдан иеленген Литва мен Албания екінші және үшінші орынды бөлісіп тұр. Ал Қазақстан құрамасы 4 ұпаймен топтағы соңғы төртінші орында қалып қойды.