Қазақстандық кәсіпқой боксшы Тұрсынбай Құлахмет күні кеше Англияда өткен бокс кешінде өнер көрсетіп, небәрі екінші кездесуінде-ақ бірінші орта салмақтағы WBC International белбеуін иеленді.
Йоркшир қаласында ұйымдастырылған айқастың басты жекпе-жегінде рингке көтерілген отандасымыз ағылшындық өте тәжірибелі боксшы Маклей Макгоуэнмен күш сынасты. Кәсіпқой бокстағы тұсаукесер кездесуін 2014 жылы өткізген 25 жастағы былғары қолғап шебері бүгінге дейін шаршы алаңға 15 мәрте шығып, оның бірде-біреуінде қарсыласына есе жібермеген. Тек бір кездесуінде ғана тең түскен.
Өзінің екінші кездесуінде осындай қарымды боксшыға тап болған Тұрсынбай Құлахмет қарсыласынан еш қаймыққан жоқ. Салмақ өлшеу сәтінде британиялық боксшы өздеріне тән әдетпен жерлесімізді сөзбен түйреп алса да, Тұрсынбай қазақы байсалдылықпен оның айтқандарына миығынан бір күліп, «әуселеңді рингте көрерміз» деген ишара білдірді.
Жекпе-жек бастала сала аңдысып отырудың қажеті жоқ деп санаған қандасымыз бірден рингтің ортасын иеленіп, қарсыласын соққының астына ала бастады. Раунд сайын жылдамдығын арттырған жерлесіміз жетінші раундтың соңғы секундтарында оң қолымен қарсыласының құлақ шекесінен ұрып, Макгоуэнді есеңгіретіп тастады. Нокдаун! Төреші тез арада есеп ашып, британиялықтың өзіне келуі үшін санай бастады. Реферидің санағы бітемін дегенше, раундтың аяқталғанын білдіретін гонг үні естілді. Сөйтіп Маклейге ес жинап алу үшін тағы бір минут уақыт берілді.
Сегізінші раундта жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға ұмтылған Құлахмет кезекті үш минуттың ортасында қарсыласын итеріп жібергені үшін төреші жерлесімізге ескерту жасап, үш ұпайын алып қойды. Қалған екі раундта да бір деммен жұдырықтасып шыққан қазақстандық боксшы жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Үш төреші де 99-89, 99-89, 99-89 есебін тіркеді.
Осылайша жерлесіміз өзінің екінші айқасында жеңіске жетіп қана қоймай, WBC International белбеуін иеленді. Сөйтіп ол қазақстандық кәсіпқой боксшылардың арасында белдікке ең жылдам қол жеткізген бірінші боксшы атанды. Тіпті Геннадий Головкиннің өзі кәсіби шаршы алаңдағы алғашқы белдігін 2009 жылы 17-ші кездесуінде беліне таққан болатын.
Кешегі жеңісінен кейін отандасымыз өз салмағында 2025 боксшының арасында әлемдік рейтингте 102-орынға көтерілді. Айта кетейік, әуесқой бокста Азия чемпионы және әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін осы жылдың 23 тамызында Сағадат Рахманқұлмен өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді.