• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қараша, 2020

ҰОК Басшысы еліміздегі олимпиада резервін даярлау жағдайымен танысты

175 рет
көрсетілді

Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президенті Тимур Құлыбаев және Ұлттық Паралимпиада Комитетінің Президенті Қайрат Боранбаев  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорттық ұйымдардың жұмысымен танысты. Жекелей алсақ, ол жуырда жоспарлы жөндеу жүргізілген Кәркен Ахметов атындағы Республикалық спорттық мектеп-интернат-колледжіне барды деп хабарлайды Olympic.kz. 

Қонақтар 25 метрлік бассейн, ойын залы мен 278 орынға арналған жатақхана жұмысымен танысты. Сонымен қатар, толық спорттық-жаттығу кешені саналатын дзюдо Академиясының жұмысын көрді. Академия жанында 89 адамға арналған қонақ үй, 40 адамға арналған асхана, барлық халықаралық талаптарға сай келетін дзюдо, семсерлесу залдары бар.

Олимпиада Комитетінің басшысы аталған Академияның спорттық резервті даярлаудағы маңыздылығын атай келе, болашақ чемпиондарды қолдап, осындай зал сыйлаған меценат Кеңес Рақышевқа алғыс білдірді.  Естеріңізге салайық, 2016 жылы Республикалық дзюдо федерациясының қолдауымен елімізде алғашқы дзюдо Академиясы ашылды. 2017 жылдан бері ол Кәркен Ахметов атындағы Республикалық спорттық мектеп-интернат-колледжінің басқаруына берілді.  Бұдан басқа, қонақтарға Ұлттық семсерлесу Федерациясының Президенті Мирболат Әбуовтің қолдауымен жөндеу жүргізілген семсерлесу залы көрсетілді. Жасалған жұмыстардың барысы туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтып берді.

Кездесу соңында Тимур Құлыбаев және Қайрат Боранбаев мектеп-интернат-колледждің оқушыларына интерактивті тақталарды сыйға тартты.  Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев Спортшылардың допингке қарсы зертханасының жұмысымен танысты. Бүгінде аталған ұйым өз жұмысын Дүниежүзілік Допингке қарсы Агенттік (WADA) талаптарына сай жүргізіп, WADA лицензиясын қайтару бойынша жұмыстарды жасап жатыр. Айта кетейік, аккредитацияны қайтару мақсатында зертхана жол картасын жасап, соның аясында жаңа құрал-жабдықтар алып, жеке тұрған ғимаратқа көшті. Сондай-ақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан зертхана қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. 

Бұдан басқа, тиым салынған әдістер мен препараттарды жылдам анықтау үшін зертхана мамандары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, тұрақты түрде біліктілікті арттыру семинарларына қатысады.  ҰОК Президенті жасалған жұмыстарға оң баға беріп, зертхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, WADA лицензиясын қайтару жолында жасалып жатқан жұмыстарды белсенді етуге, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командалардың кешенді-ғылыми топтарымен бірлесіп жұмыс жасауға аса көңіл бөлу қажеттігін тағы да назарға алды.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың 22 қарашасында WADA ұйымының Атқарушы Комитетінің шешімімен Спортшылардың Допингке қарсы зертханасы  WADA лабораторияларының аккредитациясын алуға үміткер ретінде танылды.