• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2020

Су тапшылығын шешу үшін қаржы қажет

306 рет
көрсетілді

Өңірде ауыл шаруашылығына қажетті су тапшылығы сезіліп, жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналуда. Аталған мәселе жөнінде Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз конферен­циясында Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Ғали Есқалиев айтты.

Сарыөзен мен Қараөзендегі су азай­ғандықтан Қамыс-Самар көлдері бі­рі­нен соң бірі құрғап жатыр. Биыл, әсі­ресе Жаңақала, Қазталов аудандары тұрғындары көп қиындық көрді. Бұрын жеке аудан болған, тоқсаныншы жылдары таратылып, өзге ауданға қосылған Тайпақ өңіріндегі қожалықтар да құр­ғақ­шылық салдарынан жыл сайын қи­на­лып отыр. Өйткені бұрын Азнабай-Тайпақ су арнасы жүйесі өңірдегі мал шаруашылығының қажетін өтейтін. Құр­ғап қалғанына ондаған жыл болды. Тайпақтан Қаратөбеге қарай тартылып, бірнеше елді мекенді ауыз сумен қамтыған су құбыры да әлдеқашан істен шыққан. Адамға да, төрт түлік малға да су болмағандықтан, көптеген елді мекендер, бұрынғы бөлімшелер түп көтеріліп көшіп, орнында жұрты қалды.

Өңірдегі халықтың жанайқайы туралы газетімізде бірнеше рет мәселе көтеріліп, мақала жазылды. Бұл мәсе­лелер болашақта қалай шешіледі? Өңір халқы су тапшылығынан құтыла ала ма? Жыл сайын тартылып бара жатқан транс­шекаралық Жайық өзенінің алдағы тағдыры не болмақ?

Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Батыс Қазақстан облысының әкі­мі Ғали Есқалиевке қойылған сұрақтар­­дың біразы дәл осы су тапшылығы туралы болды. Төменде өңір басшысының өз аузынан шыққан жауаптарды ықшамдап беріп отырмыз.

 

Жайық өзенінің жайы

Бастауын Ресей жеріндегі Орал тауларынан алатын Жайық өзенінің деңгейі соңғы екі жылда ерекше түсіп, соңғы 50 жылдағы ең төмен көрсеткішті көрсеткен. Ғалымдар мұны экологиялық апат деп дабыл қағуда. Жайықтың орташа деңгейі әдетте 594 см шамасында болса, былтыр оның көлемі 240 см-ден аспады. Оның үстіне биылғы қыс қарсыз, жауын-шашынсыз болды. Экологтар «Егер су дең­гейі осылай құлдырай берсе, Жайық маусымдық өзен болып қалуы әбден мүм­кін» деген сұмдық болжам айтып жатыр.

– Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі мемлектаралық дәрежеде ше­шілуі керек. Осыдан екі ай бұрын През­идент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда Мемлекет басшысы өңірде қандай түйінді түйт­кілдер бар екенін сұрады. Сол кезде «бас­қа мәселенің бәрінің шешімі бар, тек осы Жайық өзені мәселесін мемлекеттік деңгейде, Қазақстан мен Ресей арасында бірлескен түрде қарамаса болмайтын сияқты» деп мән-жайды жеткіздім, – дейді Ғ.Есқалиев.

Негізі бұл тақырып, яғни Жайық өзе­ніндегі су деңгейінің төмендеуі бұрын да халықаралық деңгейде көтерілген. Өзен арнасына салынған жасанды су қоймаларының кесірінен Ресей Фе­де­рациясының Орынбор қаласы тұсын­да өзен суы әбден төмендеп, жаяу адам кешіп өтетіндей халге жеткен. Жайық­тың жанайқайын жеткізіп жүрген маман­дардың арасында орыс ғалымдары да көп.

– Біздің еліміздің Экология минис­тр­лігі Жайық өзенінің экожүйесін қорғау, өзенді сақтау жөнінде арнайы жол картасын жасап шықты. Шынын айтсақ, ма­мандар арасында әзірге келісілген пі­кір жоқ. Мәселені шешудің түрлі жо­лы ұсынылып жатыр. Бір ғалымдар жағаны бекіту керек десе, бұлақтардың көзін ашу қажет деушілер де бар. Енді бір топ өзеннің түбін тереңдету керек екенін айтады. Өзен бойындағы жасанды кедергілерді жою керек деген пікірді ұстанатындар да бар. Қалай болғанда да осы ұсыныстардың бәрін талқылап, екі мемлекет бір жоба жасауы керек. Бұл іске ең мықты сарапшылар, ғалымдар, мамандар тартылуы қажет, – дейді облыс әкімі.

Қазақстан мен Ресей Федерациясы­ның шекаралас облыстары арасында дәстүрлі Қазақстан-Ресей форумы биыл пандемия себебінен өтпей қалды. Бұл форумда Жайық өзені мәселесі де талқылануы қажет болатын. Облыс әкі­мінің айтуынша, Қазақстан экология ми­нистрлігі жасаған мәселені шешудің нақты жоспарын қазір Ресей қарап жатыр, егер қолдаса, нақты жұмыс бас­­талады. Оған уақыт керек. Жайық өзе­нінің экожүйесін қорғау үшін екі елдің бірлескен жоспары қажет.

Әзірге «Жыланды үш кессе де кесірт­келік қауқары бар» дегендей, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарын сумен қамту үшін Жайықтың жылап аққан суы алынып жатыр. «Орал-Көшім» суландыру жүйесіне бұрын Жайық суының бір бөлігі өз ағысымен шығатын. Биыл осы аңғар тұсында Жайықтың ағысына көлденең баржа қойылып, өзен суын бұру әрекеті байқалды. Келесі жылы су деңгейі төмендей берсе, қуатты сусорғы қондырғылар арқылы Жайық суы Көшім каналына жіберілмек.

 

Қараөзен мен Сарыөзен

Ресейдің Саратов облысы аумағынан ағып келіп, Қамыс-Самар көлдері жүйе­сін құрайтын Қараөзен мен Сарыөзен­нің де жағдайы қазір мәз емес. Бұрын Жаңақала аумағында үлкенді-кішілі 16 көл болса, соңғы үш жыл ішінде екеуі қалып, қалғаны құрғап кеткен. Себебі бұрынғыдай жоғарыдан келіп жатқан өзен суы жоқ.

Кеңес өкіметі кезінде Саратов об­лысы тұсында Еділ өзенінің суы арнайы қон­дырғылар арқылы осы Қараөзен мен Сары­өзенге жіберіліп отырған. КСРО құлап, мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы ресейліктер бұл қызметі үшін тиісті төлем алып келеді. Батыс Қазақстан облысы Саратов облысынан жыл сайын 103 млн текше метрге жуық су сатып алады. Ол үшін республика бюджетінен 3 млрд теңгеге жуық бөлінеді.

– Біз тарихи құжаттарды көтеріп қарадық. Сөйтсе бұрын Қараөзен мен Сарыөзенге Ресей жағынан жылына 181 млн текше метр су беріліп келген екен. Біз соңғы кезде жылына 80 млн текше метр суды кем алып жатырмыз. Міне, осы деректерді көрсетіп, Үкіметке айтып отырмыз. Қосымша 80 млн текше метр су алу үшін республика қазынасынан тағы 2 млрд теңгедей қаражат керек болады. Егер бұл жүзеге асып, Саратов облысынан алып тұрған суымыздың көлемін шамамен 40-45 пайызға ұлғайтсақ, Қазталов, Жаңақала аудандарындағы су мәселесі шешіледі, – деді Ғ.Есқалиев.

Кеше ғана Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп-кеткен Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр да бұл мәселенің мән-жайына қанығып кеткен. Биыл жазда төрт түлігіне ішетін су таппай, қысқы мал азығын өзге аудандардан сатып алуға мәжбүр болған жаңақалалықтар келер жылы бұл мәселенің оң шешілуінен үміт күтіп отыр.

 

Тайпақ өңірі

Соңғы жылдары халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әсіресе ауыл тұр­ғын­дарын сапалы ауыз сумен қамту мақ­­сатында жүргізілген мемлекеттік бағ­­дарламалар шеңберінде біраз іс ат­қа­рылды. Бүгінде Батыс Қазақстан об­лысы тұрғындарының 88 пайызы орта­лықтандырылған су құбырларының игі­лігін көріп отыр.

Дегенмен өңірде әлі де 127 елді мекен сапалы ауыз судан тапшылық көреді екен. Өңір басшысының айтуынша, бұл – ауылдар негізінен 20-50 адамға дейін ғана тұрғыны бар шағын елді мекендер. Бірақ мыңғыртып мал бағып, шаруашылығын дамытуға қолайлы қо­ныс болғандықтан халық көшкісі кел­мейді. Етті мал шаруашылығын өңір экономикасының басым бағыты санап отырған Батыс Қазақстан мұндай шағын мекендердің мәселесіне назар аударуы керек-ақ. Халқы аз болғандықтан сапалы су, табиғи газ һәм жол секілді өр­кениет игіліктерінен мақұрым қалған мұндай ауылдар үшін нақты жоба, балама шешімдер бола ма деп сұраған­быз. «Әсіресе табиғи су көзінен – өзен-көлден алыс, құдық қазса, суы ащы болып келетін ауылдар үшін жерасты су көздерін іздеу, ащы суды тұщыту секілді жобалар бар ма?» деген сауалымызға Ғали Есқалиев көңілге үміт ұялататын жауап берді.

– Тайпақ өңірінде су тапшылығы бар, оны білеміз. Сондықтан біз былтырдан бері 3-4 инвестициялық жобаның құжатын әзірледік. Мысалы, Жайық-Азнабай-Солянка, Жайық-Шалқар жобаларын жүзеге асырғымыз келеді. Келесі жылы үкімет бұл жобаларды қаржылай қолдаса, шалғай ауылдар маңынан 300 мың гектарға жуық қосымша жайылым жерді өндірістік айналымға қоса аламыз. Бұл жобалардың құны шамамен 4,5 млрд теңге болады. Облысымызға келген вице-премьерге де бұл жобалар жөнінде баяндадық. Республикалық бюд­жетке тиісті құжаттарды, сұра­нысты береміз. Осы жобалардың нәтижесінде Тайпақ және басқа ауылдардың мәселесі шешілуі тиіс, – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, сапалы ауыз судан тапшылық көріп отырған аймақтар­да жерасты су көздерін іздеген зерттеу жүргізілген.

– Бізде жерасты су қорлары көп. Тұ­тынушы халқы аз шалғай ауылдарға орталықтандырылған су құбырын тарту өте қымбатқа түседі, экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан шалғайдағы 127 шағын ауылды жерасты ауыз сумен қамтуымыз керек. Тиісті қаржыландыру болса, бұл іс келесі жылы жүзеге асады, – дейді Ғ.Есқалиев.