• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Қараша, 2020

Жер иесін тапса, игілік молаяды

146 рет
көрсетілді

Өңірде тусырап бос жатқан жер көп. Ақтылы мал бағуға, ақық дән өсіруге әбден қолайлы. Тек иесін таппай иен жатқаны болмаса. Былтыр Түркістан облысынан көшіп келген Маратбек Мықтыбаев Ерейменнің етегінде ­шаруасын шалқытып отыр.

«Бірлік Агро» серіктестігі өткен жы­лы ғана құрылған. Тынымсыз еңбектің арқасында айналдырған бір жылдың ішінде жұмысын оң жолға қойып үлгерді. Алдымен ешкімге қажетсіз болып қаңы­рап жатқан үш мал қорасын сатып алып, жөнге келтірді. Бұл өлкеде құстың ұясын­дай жып-жылы мал қора әбден керек. Өйткені серіктестіктің 15 үйір жылқысы бар. Егер қыс боранды, аязды болып кетсе, тай-жабағы қолға қарамақ. Оның үстіне жаңа ғана уық-керегесін бекітіп жат­қан серіктестіктің бағымында 125 сиыр, 500-ге жуық еділбай қойы бар. Ұсақ малды бағу үшін де жылы қораның керек­тігі айтпаса да белгілі.

Бағымдағы малдың дені жергілікті жерден сатып алынған. Бірден асыл тұқымды, өнімі жоғары мал сатып алуға қаражат жағы жеткіліксіз. Сондықтан серіктестік басшылары бағымдағы мал­дың сапалық құрамын жақсарту үшін сіңіре будандастыру жолын таңдаған. Таяуда ғана Шортанды ауданынан бес бас қазақтың ақбас бұқасын сатып алыпты. Шындығын айтқанда, дәл осы арада мемлекеттік көмек-қолдаудың шарапатын көріп отырғандығын серіктестік басшылары ризашылықпен айтады. Әр бұқа үшін 600 мың теңге көлемінде субсидия төленген екен. Енді бағымдағы қара малдың сапалық құрамы үшінші айналымда толық асыл тұқымдыға айналмақ.

– Ақбастан артық мал жоқ. Қысқа төзімді, өнімі де өте жоғары. Ең бастысы, жылқы тәрізді суыққа қыңбай, жайылымда өз азығын өзі тауып жейді,– дейді серіктестік басшысы, – тұқымын будандастыра жаңарту қалай болар екен деп елеңдеп отырмыз. Жергілікті тұқыммен бірге алдағы уақытта ақбас сиыр сатып алсақ па деген жоспарымыз бар.

Малсақ қауымды алаңдататын дүние – мал азығы. Биылғыдай құрғақшылық болған жылы қапысыз қамданбаса тағы болмайды. Ойдан орып, қырдан қырып дегендей үш мың орама шөп дайындап алыпты. Отыз жыл бойы соқаның тісі тимеген 460 гектар егістік жерді бабына келтіре өңдеп дән егіп, 300 тоннадан астам арпа жинап алған. Келесі жылы егістік көлемін біршама көбейтпек.

Маратбек Мықтыбаев мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті қондырғы­ларымен бірге құны 12 млн теңге тұратын балама қуат көзі батареясын сатып алған. Енді электр қуатына тапшылық туа қоймайтын сыңайлы. Мал суару үшін ұңғыма да қазған. Жаз бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанталаса еңбек еткендіктерінің арқасында төрт құбыласы теңеліп қалған. Алдағы мақсат – мал басын көбейту. Келер жылы жылқы басын 300-ден асырып, ірі қараны 250-ге жеткізбек. Ал қой-ешкіні мыңдап өсіруге мүмкіндіктері қаптал жетеді. Жалғыз-ақ мал азығын дайындау бағытында ғана бірқатар шараны жүзеге асырмақшы.

Мал басы көбейсе, жуаннан жонып өнімін сатып, қор жимақ. Қаражат болса, сан шаруаны жүзеге асыруға болады. Етті бағыттағы іс әрине, пайдалы. Егер оған сүтін үстемелесек, ұтып шығар едік дейді өздері.

Самбо мен қазақша күрестен халық­­аралық дәрежедегі спорт шебері Марат­бек шаруасын оң жолға қойғаннан ке­йін ежелгі Ерейменнің етегіндегі ұлт­тық өнер­ге де мықтап көңіл аудармақ. «Мы­нау байтақ далада бағзы замандағы апайтөс бабаларымыз тәрізді жүйріктің жалына жабысып, көкпар тартса ғой» деп армандайды. Қазір алты бірдей тұрқы келіскен, тұқымы жақсы ат сатып алыпты.

Қайрат-жігері мол азаматтың көк­парды да көгертетініне сенеміз. Өмірдің көкпарында да сыбағасын молайтып жүрген жоқ па?!

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы