Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Қ.Сұлтанқожаұлы атындағы Қазақ Проскопия академиясының атсалысуымен Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлының 250 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Үш ғасырдың куәгері, 136 жыл ғұмыр кешкен Құртқа Сұлтанқожаұлы – тәуіп-емші, сынықшы ғана емес, халықтың бірлігін ойлаған қайраткер тұлға. Ел арасын бітістіріп, жаугершілік замандарда шашырап кеткен ағайынның басын қосудағы қайраткерлік еңбегі өз алдына бір төбе. Сондықтан да ел арасына «Ел иесі – Құртқа» деп танылған.
Алқалы жиында сөз алған ректор Такир Балықбаев «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі мұғалім кадрларын даярлайтын бас оқу орны болғандықтан, болашақ мамандарды тұлғалық қасиеттерге тәрбиелеу мен оның әдіс-тәсілдерін айқындау жауапкершілігі осы оқу орнына зор міндеттер жүктеп отырғаны белгілі», деп атап өтті. Осы бағытта университетте ашылған «Ұлы дала тұлғалары» орталығының жұмысына тоқталып өткен Т.Балықбаевтың айтуынша, еліміздің даму, кемелдену тарихында өз орны бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт батырлары, ақындар мен би-шешендердің өмір жолы мен ұлтқа сіңірген еңбегін, тарихи мұраларын зерттеп, дәріптеуді мақсат етіп келеді. Орталықта әрбір оқу жылы сайын кем дегенде 20-дан астам танымдық дәріс өткізіледі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин Құртқа Сұлтанқожаұлының медицина саласындағы еңбектеріне тоқталса, тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелді Құртқа тәуіп тәлім алған Әбу Әли ибн Сина еңбектерінің тарихи рөліне ерекше мән берді. Профессор Жолмұхан Түрікпенұлы, Қазақстан емшілер қауымдастығының өкілі Нұргүл Өтебаева және басқа да ғалымдар тарихи тұлғаның қызметіне тоқталып, Құртқа Сұлтанқожаұлының өмірі мен емшілік қызметін тереңнен ашып көрсету мақсатында Бұқараға, Самарқандқа, Египетке және Петербургке арнайы экспедициялар жіберіп, архив деректерін зерттеу ісін жалғастыру туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Конференция аясында Мырзахан Ахметов жетекшілік ететін Қоғаммен байланыс бөлімі Жетісу және көршілес қырғыз еліне аты мәлім болған, араб-парсыша хат таныған халық емшісі Құртқа Сұлтанқожаұлы жайындағы қосымша деректерді ұсынды. Сонымен бірге белілі киножурналист және режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің «Үш ғасырдың куәгері» деректі фильмі көрсетіліп, жиынға қатысқан ғалымдар университет баспасынан шыққан Құртқа тәуіп туралы кітаппен танысты.
АЛМАТЫ