Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барыс» клубы тұрақты біріншіліктің кезекті тур ойынын Нижнекамскіде өткізіп, жергілікті «Нефтехимик» ұжымынан айласын асырды.
Бұған дейінгі ойында «Локомотивтен» ірі есеппен жеңілген соң, «Барыс» хоккейшілеріне психологиялық тұрғыдан бұл кездесу қиынға соқты. Дегенмен жерлестеріміз жеңіс үшін барын салды. Матч бастала сала жылдам шабуыл ұйымдастырып, кездесудің 3-минутында есеп ашты. Гол авторы – Линус Виделль. Бұл – швециялық шабуылшының кейінгі төрт ойындағы үшінші голы. Арада 5 минут өткенде «Нефтехимик» хоккейшісі Марат Хайруллин ойындағы есепті теңестіріп кетті. Бірінші кезең 1:1 есебімен аяқталды.
Екінші 20 минут қонақтар үшін сәтті басталды. Елордалық клуб хоккейшілерінің жылдам шабуылы Якоб Лилияның голымен аяқталып, есеп 2:1-ге жетті. «Барыс» ойыншылары есептегі үстемдікті матч соңына дейін сақтап, маңызды жеңіске қол жеткізді. Осылайша, сырт айдындағы үш ойынды жеңіспен бастап, жеңіспен түйіндеді. Алғаш «Северстальды» 3:1 есебімен жеңсе, екінші кездесуде «Локомотивтен» 7:2 есебімен оңбай жеңілген-ді.