• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Қараша, 2020

Халық қандай жер сатылатынын біле ме?

347 рет
көрсетілді

Облыстық Жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, өңірдегі жер қоры 12 млн гектарға жуықтайды. Жыл басында бос жатқан 665 мың гектар ауылшаруашылық алқабы анықталды. Қазір соның 134 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 258 мың гектар жер игеріле бастады.

Жер қатынастары басқармасының мәліметіне сенсек, өңірдегі 12 млн гектар жер қорының 3 пайызы игерілмей жатыр. Ал кепілде тұрған жерлерді айналымға енгізу инвес­торлар арқылы жүзеге асырылады. Осы мақсатқа сай жұмыстар Ертіс, Ақтоғай аудандарында басталды. Мысалы, Ертіс ауданында кепілдікке қойылған 15 мың гектар алқап, Ақтоғай ауданында 3,5 мың гектар жер инвесторларға беріліп, қазір игерілуде. Тағы 23 мың гектар алқапты айналымға енгізу жоспарда тұр.

– Пайдаланылмай бос жатқан жер­лер­­дің басым бөлігі Ертіс, Ақтоғай жә­не Железин аудандарына тиесілі. Жер ие­­ле­рі­­не түсіндіру жұмыс­та­ры қол­даныс­тағы заңнамаларға сәй­кес жүр­гі­зі­лу­де. Әкімшілік тарапы­нан жа­уап­­кер­ші­лікке тарту, са­лық мөл­шер­ле­ме­сін арт­тыру шарасы қол­данылады. Бірақ биыл қаржы тапшы­лы­ғынан көк­­тем­гі дала жұ­мыс­тарын атқаруға мүм­­кін­дігі жоқ кей­бір шаруа­шылықтар өз ерік­тері­мен бас тартты. Ол жерлер енді мем­­лекет меншігіне өтеді, – дейді бас­қар­ма бас­шы­сының орынбасары Болат Мидуұлы.

Биыл облыс әкімдігі өңірімізде пай­­да­ланылмай бос жатқан жерлерді айна­лымға түсіру үшін Жер қатынастары басқар­масына цифрландыру үдерісіне жылдам қосылып, алқаптарды үлестіру үрдісін ашық жүргізуді тапсырды.  Яғни, басқарма заман талабына сай өз саласы бойынша заманауи технологияларды, электронды картаны, оның ішінде ғарыштан суретке түсіруді қолдануы қажет. Басқарма ма­ман­дарының айтуынша қазір, ауыл ша­­руа­шылығы министрлігі Жердің пай­дала­нылуын ғарыштық мониторингтеу әдісін енгізді, еліміздің бес өңірінде осын­дай қанатқақты жоба жүргізілуде. Жоба бо­йын­ша бос жатқан жерлерді анық­таудың бар­­лық процесі веб-порталда көрсе­тіле­ді. Бұл құралдардың тиімділігі – Жер ресурс­тарының тиімділігін талдап, жер қол­дану­шылары тарапынан орын алатын жүйелі кемшіліктерді жоюға жол аша­ды.  Бұған дейін пайдаланылмай бос жат­қан жер­лердің айналымға түсуі, жер алқап­тарын үлестіру жайы қағаз жүзінде жүргізілген-ді.

Тағы бір мәселе – жерді беру аук­цион­дарын өткізу тәртібіне келсек, сау­да-саттық туралы ақпарат 15 күн бұ­рын қала және аудан әкімдіктерінде, сон­дай-ақ жергілікті баспасөзде жарияланаты­ны белгілі. Бірақ хабарландырулар дұрыс жарияланбаған соң, сауда-саттық­тың мұндай түріне жер сатып алушылар қаты­са алмай қалады. Құжаттарын дайын­дап та үлгермейді. Салдарынан аукцион­ға он қатысушының орнына тек екеуі ғана шығады. Жалпы, Жер қаты­нас­тарына байланысты қызметтерді алу қашанда қиын.

– Неліктен жер телімдерін сату бо­йынша сауда-саттық кестесін бір жыл бұрын жарияламасқа?! Бұл ақпаратты неге жасырасыздар? Халық қандай жер учаскелері сатылатынын білсін. Сонда олар тиісті құжаттарын дайындап үлгереді, қаржыландыру мәселелерін шеше алады. Егер бәсекелестік болса, жер ресурстарының құны да біршама көтеріледі. Алдағы болатын сауда-саттық бір ай бұрын барлық БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде жариялануы тиіс. Бұл үрдістің ашық өтуі маңызды, – деді осы мәселеге орай өткен жиында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Шынында да елімізде жер мәселесіне орай көрсетілетін қызметтер қағаз түрін­де және қызмет алушының мем­лекет­тік орындарға тікелей баруымен ғана беріледі. Қағаз арқылы берілген қыз­мет­тің жауабын апталап, айлап күтуіңізге тура келеді. Қазіргідей цифрланған заманда бұл күлкілі жағдай.

Өңірдің кешенді жоспарына сәйкес 2022 жылға дейін суармалы егістіктер аумағы 4,6 есе, яғни 144 мың гектарға ұлғаяды деп жобаланған. Облыс әкімдігі бюджет есебінен сорғы стансаларын салып, өз егістіктеріне су құбырларын тартатын шаруалардың шығындарының 35 пайызын өтеуге де мүмкіндік жасамақ.

Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман Қайыролла Махажановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі пайдаланылмай жатқан жер­лерді игеру үшін арнайы жол картасын әзірледі. Суармалы алқаптарды игеру үшін 40 мың гектар жерге 10 Мегаватт электр энергия­сы керек екен. Қазір об­лыс­та 86,6 мың гектар суармалы егіс­тік алқ­абы бар, оның 58,2 мың гектары ауыл ш­а­руа­шылығы өндірушілеріне бекітілген.

– Жуырда елімізде Жер қатынастарына қатысты тағы 5 мемлекеттік қызмет онлайн режімге ауыстырылды. Енді «Мем­лекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «Жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне акті­лер дайындау және беру», «Жер учас­­кесінің сапалық жағдайы туралы ақ­­парат беру» сияқты мемлекеттік қыз­мет­тер egov.kz электронды Үкімет порталы ар­­қылы қолжетімді болады. Яғни жер қа­ты­настары саласында ең көп сұра­ныс­қа ие қызметтердің көрсетілу мерзімін қайта қарастырып, барынша азайтты. Соным­ен қатар egov.kz порталы арқылы алу мүм­кіндігі бар, – дейді маман Қ.Махажанов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі оны игермей, босқа ұстап отырғанына тоқталғаны белгілі. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген-ді Президент. Сорақысы, жерді ұзақ жылға жалға алғандар сол жерді басқаларға жалға береді. Немесе жерді игермейді, өзгеге де бермейді.

Жуырда сенатор Ақылбек Күрішбаев иге­ріл­­­мей жатқан жерлерге қатысты Үкі­мет басшысы Асқар Маминнің атына де­пу­таттық сауал жолдағанын айта кетейік.

«Ауылдық жерлерді өркендетудің негізі – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың нақты механизмін қалыптас­тыру. Ол үшін ғарыштық мониторинг деректері негізінде, игерілмей немесе тиімсіз пайдаланып жатқан жерлерді қай­тып алу жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жүргізу керек. Сондай-ақ оларды ең алдымен жеке қожалық шаруаларының жер мәселелерін шешу үшін пайдалану қажет», деді Ақылбек Күрішбаев.

 – Ал енді бос жатқан жерді қай­тарып алудың өзі де оңай емес. Өйткені 2022-жылға дейін жерді тексеруге заңды түрде мораторий жарияланғаны тағы бар. Екіншіден, игерілмей тұрғанын дәлелдеу қажет.

– Тексерістер жүргізіледі, үшінші жылы ғана жерді алып қою туралы сотқа талап арыз беріледі. Осыған байланыс­ты, Ауыл шаруашылығы министрлігі пай­даланылмайтын жерлерге салынатын салықты 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайту мәселесі, басқа да заңнамалық шаралар қарастыруда. Тұрғындар жер учаскелерін электронды түрде мемлекет меншігінен тікелей беру және сауда-саттық жүргізу арқылы беру тәртібінің реттелуін күтуде. Осылай болған жағдайда ашықтық болады, жер учаскелерін алу жеңілдейді, – дейді Қайыролла Махажанов.

Ал жалпы, ауыл шаруашылығы жер­­леріне қатысты министрлік заң қабыл­­дағанда әр өңірдің ерекшелігіне, өзіндік мәсе­лелеріне назар аударғандары дұрыс. Жер­гілікті әкімдер өңірлеріндегі игеріл­мей жатқан жерлерді, олардың кімдердікі еке­нін де жақсы біледі, осы жерлерді мем­лекет меншігіне қайтарып, игергісі келетін фер­мерлер бергілері келіп-ақ отыр. Бірақ елімізде қабылданған мораторий бөгет.

Екіншіден, жолсапарларға барғанда көріп, естіп жүреміз, бұрын ауылдарға көктемде келіп, егін егіп, күзде жинап алып кетіп қалатындар да болды. Қазір кәсіпкерлер ауылға бет бұра бастады. Мысалы, Ақтоғай ауданында Қараоба ауылының маңындағы жерді игеріп, жұмыс істеп жатқан «Молочное село» ЖШС ауылға көмектесуде.

Сол сияқты, «Ақтоғай-Агро» шаруа­шылығы да ауылдардың жерін пайдаланып, сол үшін жергілікті халықтан көмегін аямайды.

– Аграрлық компаниялар табысты жұмыс істеуі үшін әр гектар жерді пай­далану қажет. Біз биыл да картоптан мол өнім алдық, қазір тауарлы сүт ферма­сының құрылысы жүргізілуде, бүкіл тұрғындар біздің шаруашылықтарда еңбек етуде, ауылға көмек беруге дайынбыз,  – дейді шаруашылық басшысының орынбасары Виктор Дубовицкий.

 Қайыролла Махажановтың айтуынша, қазір елімізде «Жердің тиімді пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік тұрғыда бақылауды жетілдіру мақ­сатында» заң жобасы әзірленуде. Бұл 2023 жылдан бастап жерді электронды түрде ашық бөлуге көшуге мүмкіндік береді. «Жер учаскелерін берудің элект­ронды тәртібі жер қатынастары саласындағы бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жойып, жер учаскесін алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді

Мысалы, өңірдегі «Адалдық алаңы» қыз­метінің бас маманы Мирас Сансыз­байдың айтуынша, Железин ауданы Жер қатынастары бөлімінің сыбайлас жем­қорлық тәуекелдеріне талдау жүр­гізілген. Біз жоғарыда жазған жері игерілмеген аудандардың бірі. Аудан әкім­дігі мен бөлім мамандарының жайы­лымдық жерлерді кәсіпкерге заңсыз беруі Үрлітүп ауылы тұрғындарының наразылығын тудырды. Ауданның Жер комиссиясының мүшесін бейресми ауыстыру тәжірибесі де заңнаманы бұзуға әкеліп соқтырған. Аудандық Жер қатынастары бөлімі мен серіктестік арасындағы шарт Үрлітүп тұрғындарын жайылымнан айырды.

Бұдан кейін екінші бір серіктестік 10 жыл мерзімге 180,3 га және 197,2 га бо­латын екі жер учаскесіне ұзақ мер­зім­ді жер пайдалану құқығын алған. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет қыз­меткерлері жер учаскелері ауыл­дар­дың аумағынан ұсынылғанын анықтаған.

– Аудан әкімдігіне Үрлітүп ауылы тұрғындарының құқығын қалпына келтіру және кінәлі тұлғаларды жауап­кер­шілікке тарту ұсынылды, – дейді Мирас Сансызбай. – Аудан әкімінің өкімі­мен Жер комиссиясының қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін аудан әкімінің орынбасары Б.Аужанов ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Тупицинаға сөгіс жарияланды.

Бұл бір ғана мәлімет емес. Жерге қатысты даулар, заңсыздықтар өңірдегі басқа да аудандарда бары рас. Мысалы, Шарбақты ауданы, Галкин ауылы тұрғындары да жайылымсыз қалдық деп наразылықтарын айтып хабарласуда.

Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Осы материал әзірленіп жатқан кезде облыстық Жер қатынастары басқармасынан хабарлама түсті. Онда айтылғандай «Облыста жер телімдері www.gosreestr.kz порталында алғаш рет электронды саудаға қойылды. Онлайн-сауда Павлодар, Железин, Успен аудандары мен Екібастұз қаласының жер қатынастары бөлімдерінде жүргізілді. Нәтижесінде, жалпы ауданы 35 гектардан асатын 6 жер учаскесі пайдалануға берілді. Олардың барлығы кәсіпкерлік қызмет жүргізуге – негізінен дүкендер, қоймалар және басқа да коммерциялық нысандар салуға арналған. Электронды сауда-саттық қатысушыларға жер телім­дерін алу үшін тең мүмкіндік береді. Портал арқылы онлайн-төлем жасап, кепілдік жарнаны қайтаруға болады, операциялық шығындардың мейлінше аз болуын қамтамасыз етіп, адами факторды болдырмай, жеңімпазды автоматты түрде анықтайды. Аукциондар өткізудің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін олар туралы анонс­тар сауда-саттық өткізілгенге дейін 15 күн бұрын БАҚ-та, жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында, мем­лекеттік мүлік порталында, сондай-ақ Facebook пен Instagram-да жарияланады. Ол жерде электронды аукционға қатысу және тіркелу туралы толық ақ­па­рат бар. Жер учаскелерін беруге қатысты шараларды өткізу кезінде ашық­тықты арттыру  – облыстық Жер қаты­настары басқармасы қызметінің негізгі міндеттерінің бірі.

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін арттыру үшін облыс­тағы қалалық және аудандық әкімдік­термен бірлесіп, белсенді жұмыс жүргізілуде. Мақсат – шаруа қожалық­тарының иелерін жерлерді ұтымды пай­далануға ынталандыру және олардың тұрып қалуына жол бермеу.

 

Павлодар облысы