Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 10 қарашадағы санында «Бозжыраға қонақүй қажет пе?» деген мақала жарық көрген болатын.
Бозжырада туристер үшін қонақүй салу мәселесі туған жердің, табиғаттың тылсым сұлулығын сақтауға бейжай қарай алмайтын тек маңғыстаулықтардың емес, барша отандастардың, тіпті шетелдіктердің де сын-пікіріне ілікті, яғни қолдау тауып кете алмады. Елдік мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде көтеріліп, әлеуметтік желілерде «жыр» болды.
Осыған орай Маңғыстау облысы әкімдігі Бозжырадағы жобаға қатысты ресми түсінік берді.
«Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан Бозжыра шатқалына қатысты облыс әкімдігі ресми мәлімдеме ұсынған болатын.
Біріншіден, Бозжыраның басында ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ.
Екіншіден, жоба әлі қаралуда. Туристік нысан салуға ниетті компания тарапынан нақты әрі соңғы жоба әлі келген жоқ. Бұған дейін үш нұсқасы ұсынылған болатын. Бірақ бұл соңғы варианты деген сөз емес. Яғни толықтыру, жетілдіру процесінде.
Үшіншіден, тұрғындар алдын ала ел-жұртқа ескертілмей, қоғам талқысына неге ұсынылмаған деген уәж айтуда. Жоғарыда атап өттім. Әлі күнге дейін әкімдікке немесе тиісті жауапты мемлекеттік органдарға жобаның соңғы нұсқасы берілген жоқ. Қолға құжат тиген кезде, эколог, туризм саласының сарапшылары, журналистер және қоғам белсенділерінің ойын ескере отырып, ашық форматта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады.
Төртіншіден, бутик-отель бой көтеретін болса, ең азы Бозжыра шатқалынан кемінде 1,1-5 шақырым қашықтықта салынуы тиіс. Бозжыра ешқандай қоршалмайды, дәл қазіргі кейіпі сол күйінде сақталады.
Бесіншіден, отельдің аумағы 80 га деген қате ақпарат. Бұл жерде шамамен шағын ғана 5-6 га шамасында болуы мүмкін.
Алтыншыдан, бірнеше қабаттан тұратын биік емес, бір қабатты бутик-отель болмақ. Яғни ойын-сауық орталығы емес, алыс жолдан шаршап келген туристерге қолайлы, демалуға ыңғайлы, ас ішіп аяқ суытатын орталық ретінде қарастырылып отыр.
Қоғам тарапынан тағы бір уәж бар. Қоршаған ортаға, айналысындағы жан-жануарға зиян болады деген. Керісінше, ол жерде соңғы технологияларды ескере отырып, газ, су, тоқ көздері тартылмайды. Барлығы күн және жел энергиясы көздерінен алынатын болады. Жауапты мекеме жол сала отырып, ретсіз көлік жүрісін реттеп, қоқыс мәселесін қолға алады.
Тағы бір ескере кетсек, аталған жоба әлі талқылану үстінде, нақты жоба жасақталған бойда қоғам назарына ұсынылатын болады» делінген Маңғыстау облысы әкімдігі жолдаған жауапта.
Жобаның Бозжырадан тысқары болуы – халық қалауы. Өңірде туристер үшін қолайлы жағдай жасауға сұранып тұрған өзге нысандар бар, жоба жасаушылардың Бозжыра сынды табиғи сұлулықты бүлдірмесе болғаны...
Маңғыстау облысы