Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдерін құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс» деп атап өткен еді. Бұл мәселе қалай шешімін табады? Жыл басынан бері өңірде не істелді? Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында осы және өзге де сауалдарға кеңінен жауап берді.
Инвестиция – игергенге игілік
Ғасырдан астам мерзімнен бері жеті қат жер астынан «қара алтын» өндіретін өңір экономикасы мұнай-газ өнеркәсібімен тығыз байланысты екені даусыз. Қазір елімізде өндірілетін мұнайдың басым бөлігі осы өңірдің үлесіне тиеді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, биылғы он айда кен орындарынан 39,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл – республикада өндірілген мұнайдың 55 пайызы. Қайнар бұлақтай «қара алтынның» молдығымен танылған Атырауда экономиканың бар саласын өркендетудің мол мүмкіндігі бар. Мәселен, бұл өңір инвестиция тартуда да көшбасшылық деңгейден түскен емес. Бұған нақты дәлел ретінде он айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 2 трлн 657 млрд теңгені құрағанын келтіруге болады. Қазір ел экономикасына бағытталған инвестицияда Атырау облысының үлесі – 28,2 пайыз.
– Біздің басты мақсатымыз – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді табысты жүзеге асыру. Соған орай Атырау облысында іргелі жұмыстар жасалып жатыр. Облыстың жалпы өңірлік өнімі осы жылдың қаңтар-маусымында 3 трлн 930 млрд теңгені құрады, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Инвестицияны игерудің игілігі экономиканы өрге сүйрейтін ірі жобаларды іске асыруға септігін тигізіп отыр. Соның қатарында Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кенішінде келешек кеңейту жобасымен үшінші буын зауыты салынып жатыр. Құны 45 млрд долларға бағаланған жоба кен орнынан өндірілетін мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазір аталған жобада 300-ге жуық қазақстандық компания тартылды. Өңірде коронавирус инфекциясы тіркелгенге дейін мұнда отандық 45 адам жұмыс істесе, қазір олардың саны – 27 мың отандық маман жұмысшы істейді. Бұл жобаны 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Ел мұнайшылары тәуелсіздік алғанға дейін тек құрлықтан ғана мұнай өндірсе, енді Каспий теңізінің түбінен де «қара алтын» алуды сәтті жалғастырып келеді. Осы орайда Каспийдің қазақстандық секторын игерудің сәтті жоба болғаны дәлелденді. Бұлай деуіміздің бірнеше себебі бар. Біріншіден, елімізге дәл осы жоба арқылы шетел инвестициясы тартылды. Екіншіден, қазақ жеріндегі мұнай қоры еселеп көбейді. Үшіншіден, қазақстандық мұнайшылардың шетелдіктермен бәсекелес болатындай біліктілігі артты.
– Каспий теңізінің қазақстандық секторынан алғаш мұнай алынған кен орны – «Қашаған». Бұл отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі ауқымды әрі маңызды жоба болуымен тарихқа енді. Қазір «Қашаған» кен орнынан мұнай өндірудің бірінші кезеңін кеңейту жүріп жатыр. Жобаны іске асыру кезеңі 2025 жылы аяқталады. Соның нәтижесінде теңіз табанынан өнім өндіру көлемі 1,5 млн тоннаға артады. Ал биылғы он айда «Қашағаннан» 12,7 млн тонна мұнай өндіріліп, былтырғыға сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 10 пайызға артты, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Қазір мұнай-химия саласында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның қатарында KPI компаниясының полипропилен жобасы бар. Ең ірі полимер өндірісі жобасына 2,6 млрд АҚШ доллары салынды. Жоба құрылысы кезеңінде 3000 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Зауыт 2021 жылы іске қосылған кезде 500 адам тұрақты жұмысқа тартылады.
Мұнай құрамында түрлі қоспалар бар. Соның бірі – ілеспе газ. Мұндай газ «Қашағаннан» өндірілген мұнайда да кездеседі. Сол себептен, «GPS Investment» ЖШС газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, бұл жобаға 2021-2023 жылдар аралығында 370 млрд теңге инвестиция құйылады. Газ өңдеу зауыты іске қосылғанда шетелге мұнайды шикізат күйінде тасымалдау көлемі азаяды. Бұл мұнай-химия өнімі өндірісін жолға қоюға ықпал етеді. Жоба құрылысында 2800, ал оны іске қосқаннан кейін 600 жұмыс орны ашылады.
Агрокешенге жасалған бетбұрыс
Өңірде мұнай-газ өнеркәсібімен қатар, ауыл шаруашылығын өркендетуге де бетбұрыс байқалады. Соңғы бес жылда климаты қаталдау өңірдің агросекторында 19 млрд теңгені құрайтын он жоба 689 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді.
– Атырауда биыл егістік көлемі 9300 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға, одан алынған өнім 6 пайызға өсті. Тұтастай алғанда, облыстың ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 10 айда 73 млрд теңгені құрады. Әсіресе, «Алмалы құс», «Атырау-Бөдене», «Агро Феликс», «Каспий Лана» сынды кәсіпорындар саланы еңселендіруге үлес қосып отыр. Биыл ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Ал «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 283 субъектіге несие беріліп, 118 жұмыс орны ашылды, – деді Махамбет Досмұхамбетов. – Шаруа қожалықтары жаңа технологияны қолдана бастады. Қазір алыстағы жайылым учаскелерінде орналасқан 327 шаруашылық 392 күннен қуат алатын панель мен су айдау сорғысын инвестициялық субсидиялау арқылы сатып алды. Аудан орталығынан 100-200 шақырым қашықтағы шаруашылықтар жел генераторы мен күн панельдерінің көмегімен электр қуатын пайдаланып отыр.
Алдағы жылдары тағы жеті жоба іске қосылып, 459 адам жұмыспен қамтылады. Жалпы құны 3,2 млрд теңге инвестиция құйылатын жобалар қатарында құс етін өндіру, жеміс ағашын өсіру, ірі қараны бордақылау, асыл тұқымды ірі қара өсіру, жылыжай бар. Қазір облыста асыл тұқымды мал өсіретін 33 шаруашылық түлік түрін көбейтуге ден қойды. Сондай-ақ, «Атырауда жасалған» брендімен шығарылатын балық өнімдері шет елдерге таныла бастады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Қазір облыста 18 өндірістік кәсіпорын балық аулаумен, оны өңдеумен айналысады. Өткен он айда 7300 тонна балық ауланды. Өңделген балық өнімдерінің 81 пайызы шетелдерге экспортталды, – деді өңір басшысы.
Кәсіпкерлікке – кең өріс
Әкімнің мәліметіне сүйенсек, биыл «Бизнесті қолдау картасы» аясында Атырауда сегіз жобаны іске қосу жоспарланды. Жалпы құны 15,8 млрд теңгеге бағаланған жобалар 660 жұмыс орнын құруға ықпал етпек. Қазірдің өзінде «BEST MODULE» ЖШС-нің металл өңдеу зауыты іске қосылып, 40 жұмыс орны ашылды. «MEKEN CHICKEN» ЖШС-ның бройлер өсіру фабрикасына 40 адамды жұмысқа тарту көзделіпті. Металл конструкциясын өндіру цехы («Caspian Constractors Trust Atyrau», ашылатын жұмыс орнының саны – 30). Кеңейтілген полипропиленді қап өндірісі зауыты («Касхим» ЖШС, ашылатын жұмыс орны – 350), Бройлер балапанын бордақылау құс фабрикасының құрылысы («Бұйырғын» ӘКК, жұмыс орны саны – 40), инфуздық ерітінділерді құюға арналған өндіріс («Медстарэкспорт» ЖШС, жұмыс орны – 50), ас тұзын өндіру зауыты («Inder Tuz Company» ЖШС, жұмыс орны – 30) жыл соңына дейін іске қосылмақ.
Соңғы сегіз жылда ауыл кәсіпкерлеріне кең өріс ашу мақсатындағы «Бизнес аймақ» өңірлік бағдарламасына бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Аталған бағдарламамен 513 жоба қаржыландырылып, 705 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 мыңнан асып, 127 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Қауіпті індеттің тіркелуіне байланысты 20 мың салық төлеушіге 6 млрд теңге көлемінде жеңілдік берілді. Ал мемлекеттік нысандарда орналасқан 204 шағын және орта бизнес өкілі жалға алу төлемінен босатылды.
Құрылыс индустриясының қарқыны жоғары
Қауіпті індетті жұқтырушылар көбірек тіркелгенмен, Атырауда құрылыс индустриясындағы жұмысқа кедергі келген жоқ. Жыл басынан бері бұл салада атқарылған жұмыстың көлемі 692 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңадан бой көтерген коммуналдық тұрғын үй қорынан 489 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл 412 отбасы жаңа баспанаға көшірілді. Енді жыл соңына дейін үш жатақхананың тұрғындарын көшіру жоспарлануда.
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе – Атырау –Ресей шекарасы» жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазір «Мақат-Қандыағаш» (330-458 шақырым) және «Атырау-Ресей шекарасы» (648-893 шақырым) бағытындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. «Атырау-Ресей шекарасы» жолын қайта жаңғыртуға алты мердігер мекеме жұмыс істеуде. Жол жөндеу жұмыстарына 1100 жұмысшы тартылды. Оның жергілікті жерден 300 адам бар, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ 5204 орынға арналған 10 мектептің құрылысы салынып жатыр. Апатты бір мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтерді. Енді жылдың соңына дейін тағы төрт мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал бес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Биыл құрылысы басталған 15 балабақшаның тоғызы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынды.
Атырау облысы