Әлеуметтік желіде тараған "Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында құлдықта болып, қашып шықтым" деген қырғыз азаматының аудиожазбасы БҚО Полиция Департаментін аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Қырғызстан азаматы халықаралық жанжал тудыра жаздады. Ол тіркеу мерзімі таусылуына байланысты депортацияланудан қорқып, осындай әрекетке барған. Ол өзін "Батыс Қазақстан облысының бір ауылында мені күшпен ұстап, құл ретінде пайдаланды" деп мәлімдеген", дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция Департаменті таратқан баспасөз мәлімдемесінде.
WhatsApp желісі арқылы тараған аудиожазбада: "Ассалаумағалайкум, Қырғыз елім! Менің аты-жөнім Азатбек Амиров, мен Уральск деген шаардан қачып келеатамын. Уральск деген шаар, район Тасқала, айылдың ескі аты Вавилный, жаңа аты – Бастау. Ошул жерде қазақтың қолында құл болып тоғыз ай ічтедім. Әзір қачып кетіп баратамын. Қызы арқылы қачып чықтым. Аны сол жерде өзіміздің тағы 4 қырғызымыз қалды. Ең чоңы – Темір деген кісі, жасы алтмыштарға барып қалған. Қарасудың Кеңсай айылынан болады. Екінчісі де сол Қарасудың Кеңсайынан. Төрт қырғыз жаран қалды. Екі бала Бірінчі май деген айылдан болады. Аты-жөні – Эмил, Қаныбек. Қырғыз елі, шығарып кетелі, қалып кетті балдар 8 жылдан бері құлшылықта жүрген", дейді ер адам дауысы.
Бұл ақпарат Тасқала аудандық полиция бөліміне 14 қарашада белгілі болған. Сол мезетте облыстық полиция департаментінен арнайы жедел топ құрылып, айтылған жерге аттанған. Алайда дабыл жалған болып шыққан. Күштеп ұсталған шетел азаматтары табылмаған.
– 1982 жылы туған Қырғызстан азаматының аудиожазбасы тексерілді. Аталған жердегі шаруа қожалығының бірінде ол азаматтың жұмыс істеген рас екен. Бірақ ол жалғыз болған. Ауылда басқа шетел азаматы болмағанын жергілікті халық та растайды. Ауылда ол азамат еркін жүрген. Жаз бойы болған азамат қараша айының басында Алматы қаласы арқылы өз еліне аттанған. Шаруа қожалығы басшысы оған еңбекақы және жол шығыны үшін 100 мың теңге берген. Тексеру кезінде қырғыз азаматының тіркеу мерзімі аяқталғаны, сондықтан күштеп департацияға ұшырамас үшін осындай өтірік құрастырғаны белгілі болды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Полиция өкілінің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында шалғайдағы елді мекендер мен шаруа қожалықтарында еңбек мигранттарын заңсыз ұстау фактілері үнемі тексеріліп отырады.
Бізге белгілісі, Азатбек Амиров 15 қараша күні Қырғызстан Республикасының консулы берген анықтама арқылы мемлекеттік шекарадан өтіп, өз еліне жеткен.
Аудиожазбада айтылған Достық ауылдық округінің әкімі Хафиз Маратұлына телефонмен хабарластық.
- Йә, осы оқиға бойынша көші-қон полициясының өкілдері келіп, ауылда арнайы тексеріс жүргізді. Айтылған сөздер дәлелденбеді. Бастау ауылы – шағын ғана елдімекен, 26 үйдің 16-сында ғана тұрғын бар. Округ орталығынан 7 шақырым жерде орналасқан, бастауыш мектебінде 7 бала оқиды. Ауылда бір мал өсіретін шаруа қожалығы, картоп егумен айналысқан «Исағалиев» жеке кәсіпкерлігі бар. Сәуір айында қырғыз азаматы келгені рас, жаз бойы Ерлан Исағалиевтің картоп алқабына көмектескен. Бұл өзі 1 гектарға жетпейтін шағын егістік. Қазақы ауылда біреу біреуден ештеңе жасыра алмайды ғой. Шетел азаматтары күшпен ұсталып, құл болып жатыр деген жалған сөз. Өйткені өзім де осы ауылда туып-өстім. Қазір сайлаудың қарсаңы, сайлаушылар тізімін тексеру, тұрғылықты жерін анықтау жүріп жатыр. Мысалы, Бастау ауылында 31 сайлаушы бар. Қырғыз азаматының неге бұлай елді дүрліктіргенін білмеймін. Мүмкін жалақыға наразы болды ма екен? Бұл мәселені жеке кәсіпкерге жолығып, өзім де анықтап көрмекпін, - дейді Хафиз Маратұлы.
P.S. Батыс Қазақстан облыстық Полиция Департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда, биылғы мамыр-қыркүйек айлары аралығында Сырым ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде 1963 жылы туған азамат еркінен тыс заңсыз ұсталған. Осыған сәйкес полиция қызметкерлері Қылмыстық Кодекстің 126-бабы 1-тармағы бойынша тергеу жүргізуде.
Батыс Қазақстан