• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Қараша, 2020

Жұмбағы шешілмеген жұмақтай мекен...

891 рет
көрсетілді

Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат күні бүгінге дейін соғыстан көз ашпады. Жер бетінде бұрын-соң­ды өмір сүрген елдердің бір-біріне көз алартып, жерін тартып алу, өзіне бағындыру, халқын құл қылу оқиғалары миллиондап саналады.

Табиғи апаттар өз алдына, аз ғана ашкөз топтар миллиондардың тағдырымен ойнайтын соғыстардың зардабы бұқара халыққа оңай тимей­тіні мәлім. Соғыс, өлім, ауыртпалық, ашаршылық, ауру-сырқау... Соның бәрінен қажығанда адамзат өз-өзін әдемі ертегілермен жұбатуы мүмкін әрі табиғи жайт. Адамның шексіз қиялы тудырған ең әсерлі, ең тамаша зерттеулер (болжамдар) қатарына жер бетіндегі жұмақ мекендерді жат­қызуға болады. Расында жер бе­тінде жұмақ мекендер болды ма? Әп-әйдік ғалымдардың жас бала сынды қиялға ерік беріп, болжамдар жасайтынын тастай қисынға «жабысып» алған адамдар ешқашан түсінбеуі де мүмкін. Бірақ қалай болғанда да жер бетіндегі жұмақ мекендер туралы түрлі болжамдар ғылыми айналымға енгені анық. Әрине, бұл өркениеттерді, елдерді олар барлық кезде «жұмақ мекен» деп қарастырмайды. Адамдары ұзақ жасайтын, тұрмыстық қажеттіліктері жоқ, соғыс атаулыны білмейтін, ауру-сырқаумен бетпе-бет келмеген сол елдер расында жұмаққа пара-пар болған соң өзіміз солай атадық.

Лемурия – гипотетикалық ежелгі мемлекет. Катаклизмдер себебінен картадан жоғалған ел ретінде айтылады. Осы кезге дейін тарихта сондай ел болғанын растайтын ешқандай археологиялық дерек табылмаса да, ғалымдар осы өркениет туралы зерт­теулерін тоқтатқан емес. Мысалы В.Я. Распутиннің 1999 жылы шыққан «Терра Инкогнита» хабаршысында бір көлемді зерттеуі жарияланды. Ғалым былай дейді:  «Біздің заманымыздан бұрынғы 320-170 –ғасырлар арасында  Лемурия атты мемлекет болды. Мемлекеттің жер көлемі Эгей теңізінен Антарктиданың жағалауына дейін созылып жатты. Лемуриялықтардың жан саны 107 милилон 319 мың еді. Бұл нәсілді адамдармен салыстыру мүмкін емес. Өйткені адамдардың жеті денесі бар, ал, лемуриялықтардыкі бесеу ғана (физикалық және эфирлік денесі жоқ). Сондықтан олар жай адамдарға көрінген емес. Тек үшінші көзі ашық адам ғана оларды көре алатын. Олардың басқа өлшемге енуі, әп-сәтте пайда болуы мен жоғалып кетуі қар адамын елестетеді. Эволюция барысында олар эфирлік және физикалық денені иемденді... Лемуриялықтар мың жылға дейін өмір сүрді. Олар клеткалық деңгейде көбейді. Өйткені жынысқа бөлінген жоқ. Олардың асқазаны да болған жоқ... Олардың тұрмыстық қажеттіліктері де болмады. Олар жоғары рухани деңгейде өмір сүрді».

Ал екі мың жыл бұрын өмір сүрген ежелгі Рим ғалымы Үлкен Плиний өзінің «Табиғат тарихында» (латын тілінен аударған С.П.Кон­дратьев) солтүстік жақта гиперборейліктер атты бақытты адамдардың өмір сү­ретінін жазды. «Күн алты ай бойы шығып тұрады. Алты ай қыста күн ұясында жатады. Мұнда бақытты адамдар өмір сүреді. Олар қайғы-қасірет, ауру-сырқау және басқа пә­лелелерді білмейді. Олар өмірге әб­ден тойған кезде өледі...»-деп жазды Плиний. Грек құдай Апол­лонға «гиперборей» теңеуі бұйырды. Геракл Гиперборейден алтын алма әкелгенде ол да «гиперборей» атанды.  Белгілі зерттеуші С.Қондыбай «гиперборейліктердің тілдік материалының да, тілдік құ­рылымының да сүбелі бөлігін сақ­таушы тілдің түрік тілі екендігін» жазды. Бірақ Гипербореяның нақты қай ел екені ғылымда әлі күнге дейін талас туғызады. Ежелгі грек мифологиясында кездесетін Гиперборея елі солтүстікте. Сондай-ақ, ежелгі эфиоп, фаек халықтары сияқты құдайға жақын, құдай сүйетін халықтардың қатарында.

Атлантида – неше түрлі аңыздар­дың тууына себепші болған, шығарма­шылық адамдарын шабыттан­дыр­­­ған жұмақ мекен. Осы кезге дейін ғылымда Атлантида мен оны мекен­­деген атланттар туралы екі мыңнан аса сүбелі еңбектер жазылыпты. Алтантиданы зерттеушілерді ғылымда атланттанушылар деп атайды. Атлантида туралы ең ежелгі деректер Платонда кездеседі. Оның мәліметіне сәйкес, Атланттардың түп атасы – Посейдон құдай. Клейто есімді өзегінде өлімі бар қызбен некелескен Посейдон он баланың әкесі атанған. Олар аралда өмір сүрген. Аралдың табиғаты бай, жері құнарлы болған. Жан-жануарлар емін-еркін мекендеген, оларға он ұлдан тараған халық тиіспеген дейді кәрі тарих. Адамдар қабырғасы алтыннан, күмбезі күмістен соғылған қалаларда тұрып, өмірдің бар рахатын кешкен. Ешкім ештеңеге мұқтаж болмаған. Бірақ Платонның жазуынша, бұл арал Посейдонның қаһарына ұшырап, су түбіне кетеді. Есесіне, жоғалған жұмақты іздеп, ғұмырын сарп еткен зерттеушілер теңіз, тау, жер туралы ғылымды дамытуға үлес қосқаны анық. Жұмақ мекен әлі де жаңа зерттеушілерге тарихтың түкпірінен «қол бұлғап» тұрғанына күмән жоқ.

Қытайдың «Сүйшу» тарихи құ­жатынан алынған көк түріктерге қатысты аңыздың бірі – жаугершілік заманда аяқ-қолы шабылған баланың жалғыз қалуы. Оны асырап, өсірген қаншық қасқырдың Алтай тауының үңгірінде он баланы дүниеге әкеліп, соның ішінде «Ашина» атты ұлдың жаңа қауымның көсемі атануы, сосын олардың үңгірден жарық әлемге  шығуы Өтүкен атты тамаша аңыздың тууына себеп болғаны анық. Сонымен «Өтүкен» түркі халықтарына тән жұмақ мекен. «Күлтегiннің» кiшi жазуында: «Түркі қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың»,– деген жолдар бар.