«Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел!»
Қазақтың талантты бард әншісі, марқұм Табылды Досымов осылай жырлаушы еді. Шынында да, Батыс Қазақстанның байтақ даласында төбесі көкке шаншылған биік тау жоқ. Бірақ Ақтау, Ақборлытау, Есенаман тауы, Ешкітау, Ешқырғантау, Жамантау, Желтау, Сантас, Сасай таулары, Торыатбасы, Қыземшек, Айдарлы, т.б. секілді жер атаулары да аз емес.
Ешкітау
...Әлі есімде, 2015 жылы моңғолиялық қандасымыз, белгілі таушы (альпинист) Жанарбек Ақби әлеуметтік желіде «Қазақ хандығының 550 жылдығына әр өңірде ең биік тауға шығып, ту көтеріп суретке түсіп, арнайы ашылған парақшаға салсақ, осылайша жыл соңына дейін 550 тауға көк туымызды желбіретсек» деген бастама көтерген болатын. Сол жылы 8 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық қос газет пен аудандық басылымдардың басын қосқан «Жайық Пресс» мекемесінің сол кездегі басшысы Жантас Сафуллин бастаған бір топ әріптеспен бірге Орал қаласынан 80 шақырымдай жерде жатқан Ешкітау биігіне шығып, Қазақстан Республикасының көк туын желбіреткен едік.
Ешкітау Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында жатыр. География ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов ағамыздың айтуынша, Үлкен Ешкі тауы – Батыс Қазақстан облысындағы биіктігі жөнінен екінші нүкте. Ешкітаудың абсолюттік биіктігі 259 метр. Батыс Қазақстан облысы бойынша Жайық өзенінің оң бетінде Ешкітаудан биік нүкте жоқ. Аумағының ықшамдығына қарамастан, мұнда түрлі дәрежедегі Қызыл кітаптарға енгізілген 41 өсімдік түрі өседі. 1986 жылы археолог Б.Т.Райымқұлов Үлкен Ешкі тауының басынан таспен, топырақпен жабылған 8 қорғаннан тұратын зиратты тапқан. Бұл обалар ерте темір дәуірімен шамалас келеді. Сонымен қатар осы жерде жүргізілген археологиялық экспедициялық жұмыстардың барысында 2002 жылы палеолит дәуіріне жататын ежелгі адамдардың тұрақтары анықталды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің шешімімен Үлкен Ешкі тауы 1996 жылы облыстық маңызы бар табиғат ескерткіші болып ұйымдастырылған. Ескерткіштің аумағы 175 гектар. Бұл аймаққа арнайы рұқсатпен ғана кіруге болады. От жағуға мүлдем тыйым салынған.
Бір тәуірі, Тасқала ауданы әкімдігі Ешкітаудың басына арнайы тас белгі орнатқан екен. Ел-жұрт арнайы келіп, қасиет тұтып тәу ететіні осы жердегі арша бұталарына байланған сансыз шүберектерден де көрініп тұр. Ешкітау етегіндегі мөлдір бұлақтың да суы ерекше шипалы көрінді. Біз тау басындағы геодезиялық белгі – мосыағаштың басына өзімізбен бірге алып барған көк жалауды – Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын қадап кеттік...
Ақтау
Бөрлі ауданында орналасқан осы Ақтау биігі – ресми түрде Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі саналатын шоқы. Теңіз деңгейінен 263 метр биікте жатқан бұл шың борлы төбелер арасында жатқандықтан айқын байқалмайды да. Ұзындығы 250-300 метр, ені 50-60 метр болатын солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай созылып жатқан шағын қырқа кішігірім төрт шоқыдан тұрады.
«Орал маңы үстіртінде Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі жатыр. Ол – Ақтау» деп жазылған 2001 жылы Орал қаласында жарық көрген «Батыс Қазақстан облысының географиясы» кітабында.
Осы Ақтау биігіне биыл қазан айында жергілікті өлкетанушы Айболат Құрымбаев, археолог Мұрат Қалменов және оператор Әлішер Ғұмаровпен бірге арнайы барған едік. Соңғы жылдары жергілікті туризмді дамыту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Айболат Шамұратұлы Батыс Қазақстанның табиғаты көркем, тарихы терең әрбір нүктесін аралап, «Киелі Қазақстан» жинағының жергілікті томын дайындауға үлкен үлес қосқан болатын. Талантты оператор, белсенді азамат Әлішер Ғұмаров болса Ақ Жайық өңірінің әр ауданына арнаған сериялы бейнефильмдер жасап, халыққа ұсынып жүр. Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Мұрат Дабылұлының да жанымызда жүргені жақсы болды. Бұл борлы төбелердің бір кездері теңіз түбіндегі шөгінді екенін айтып, табан астынан теңіз молюскаларының тас болып қатқан денесін тауып алып көрсетіп, сапарымыздың мазмұнын байыта түсті.
Айта кетейік, осы Ақтау биігі – жергілікті саяхатшылар арнайы келіп, суретке түсетін танымал мекен екен. Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылдық округінде, Ақбұлақ ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 10 шақырым қашықта орналасқан бұл шоқыға арнайы белгі орнатылмаса да, жол бойында арнайы сілтемелер болмаса да іздеген жан Ақтауды тауып, фотоға түсіп, суретін әлеуметтік желіге жүктеп жатады.
Біз де сөйттік.
Ақтау шоқысында суретке түсіп жатып мен жанымдағы жігіттерге:
– Дәл осы сәтте Батыс Қазақстан облысында бізден биік тұрған ешкім жоқ! – деп әзілдедім.
Шыбынды тауы
Мен қателесіппін.
Ақтауға барған сапарымыз туралы WhatsApp желісіндегі «БҚО/Туризм» тобына жазып, суреттер салғанбыз. Осы топта болған кәсіби географ, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры Қажымұрат Ахмеденов, Батыс Қазақстан облыстық балалар туризмі орталығының бөлім жетекшісі, магистрант Ниязбек Ғатауов Батыс Қазақстан облысында Ақтаудан да биік жер бар екенін хабарлады.
– Бұл қалай? Ендеше неліктен көпшілік әдебиетте Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі – Ақтау деген ақпарат тарап жүр?
– Кәсіби географтар үшін облыстың ең биік жері Шыңғырлау ауданында екені бұрыннан белгілі. Географтар Г.Е.Москалев пен А.Г.Тарановтың 1985 жылы баспадан шыққан «Орал облысының табиғаты» кітабында, географ А.Жұбановтың 1998 жылы жарық көрген «Батыс Қазақстан облысының табиғи-ресурстық әлеуеті және қорық қорының жобадағы нысандары» еңбегінде бұл анық жазылған, – дейді Қажымұрат Ахмеденов.
– Ендеше сол ең биік нүктені көзімізбен көріп қайтайық! – деген ұсыныс тастады Айболат Құрымбаев.
Сонымен Шыңғырлауға баратын болдық. Бұл сапарға жоғарыда аталған географ ғалымдар, кәсіби мамандар да шығатын болды. Тіпті зейнет демалысына шыққан ақсақал, батысқазақстандық географтардың көбінің ұстазы, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов та жата алмапты. Сөйтіп, сіркіреп жауған жаңбырға қарамастан, автобус жалдап, бір топ адам Орал қаласынан ала таңмен шығып кеттік.
Айтпақшы, біз барғалы отырған Шыбынды биігі – Шыңғырлау мен Елек өзендерінің қосылған мүйісінде, Ресей Федерациясымен шекарада, шекара сызығынан небәрі 2,8 км жерде тұр. Ол жерге бару үшін шекара күзеті орындарынан алдын ала рұқсат алу керек екен. Жолбасшымыз Айболат Құрымбаевтың ұйымдастырушылық шеберлігі, Шыңғырлау ауданы басшыларының көмегі арқасында бұл мәселе оңынан шешілді. Шыбындының халық арасында танымал болмау себебі де осындай әбігердің себебінен шығар деп ой түйдік.
Орал қаласынан таңертең шыққан біздің көлік 182 шақырым жолды артқа тастап, Шыңғырлауға жеткен кезде түске таяп қалған болатын. Бізді аудан орталығында қарсы алған аудандық өлкетану музейінің директоры Тілеген Қалиев ары қарай бастай жөнелді. Шыбынды тауы орналасқан Ақбұлақ ауылдық округінің орталығына дала жолымен 35 шақырым жүріп жеттік. Ауыл әкімі Ерлан Мәлікұлының мамандығы тарихшы екен. Туған ауылының тарихына жетік жігіт біз баратын мекенде бұрын Кіші жүздің табын, тама рулары мекендегенін айтты. Күн бұлттанып, жаңбыр сіркіреп тұр. Ақбұлақтан әрі қарай 15 километрдей тағы жүрдік. Сапарлас ғалымдар биіктікті өлшейтін арнайы құралдарын, GPS қондырғыны қосып, әскери картаның бағыт көрсетуімен іздеген жерімізді дәл таптық. Бағанадан бері ыңырана тартып, өрге қарай келе жатқаны білінген «УАЗ» көлігіміз бір төбенің басына тоқтай қалды. Серік Кішібекұлының қондырғысы бірден 279 метрді көрсетіп тұрды. Қажымұрат Ахмеденовтің қолындағы құрал теңіз деңгейінен 278 метр биіктікті таңбалапты. Айболаттың өлшеуіші 280 метр деп тұрды.
– Бұл құралдарда 1-2 метр жаңсақтық бола береді. Іздегеніміз осы. Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесін таптық! – деп жариялады Қажымұрат Мақсұтұлы.
Бір қызығы, Шыбындының нақ биігінде сармат заманының оба-қорғаны бар екен. Оны археолог Мұрат Қалменов бірден байқапты. Әдетте, мұндай жерге орнатылатын геодезиялық белгі – мосыағаш көзімізге түспеді. Тек әлдекім төбе басына биіктігі бір метрдей ағаш көміп кетіпті. Өзімізбен ала барған көк туымызды соған байлап, бәріміз суретке түстік.
Сол сәтте Батыс Қазақстан облысында бізден биік тұрған ешкім болмады. Бұл анық еді.
Батыс Қазақстан облысы